Жаңашылдық рухының жаңғырығы

588

0

«Достық үйінде» «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» атты облыстық ардагерлер форумы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев, ардагерлер ұйымының белсенділері, сала мамандары мен жастар қатысты.

Форум Президенттің саяси-экономикалық реформаларын қолдауға бағытталды. Форум жұмысын жүргізген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз басында жиынның көтеріп отырған жүгі салмақты екенін атап өтті.

– Биыл ардагерлер кеңесінің құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде облыс ардагерлері қоғам бірлігі мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуде белсенді үлес қосып келеді. Бұл тарихи кезеңде Мемлекет басшысының елдің әл-ауқатын арттыруға тікелей бағытталған бастамаларын әркез қолдап, белсенді азаматтық ұстанымымызды көрсетеміз деп сенемін. Өйткені біздің мақсатымыз – жаңа әділетті Қазақстанды құру, – деді Серік Дүйсенбаев.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аға буынның қоғам тұрақтылығын сақтаудағы ерекше орны туралы пайымды пікір білдірді.

– Біздің қазақта қадірменді қариялардың, абыз ақсақалдардың орны ерек. Бұл ұлы қасиеттер, сайып келгенде, ұлттық кодымыздың уызына жатады. Қай кезде де қазыналы қариялар елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырған. Ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін өмір мектебі ретінде дамытып, ұрпақтар сабақтастығына ұластырып, келешекті кемелдендіруден аянбаған. Өздеріңіздей ел ағалары егемендігіміздің, оның ішінде Сыр өңірінің дамуының бастауында болып, рухани-мәдени өсуіне зор үлес қостыңыздар. Бүгінгі таңда облысымызда 77 мыңнан астам зейнетке шыққан ардагерлеріміз бар. Олар біздің ұлттық құндылығымыз, байлығымыз. Бұл ретте аймағымызда ардагерлер кеңесінің жұмысы жақсы жолға қойылған, – деді ол.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта зиялы қауым өкілдері, ардагерлермен ақылдаса отырып өңір болашағына әсер ететін әрбір маңызды мәселені шешу бойынша нақты жұмыстар атқарылатынын айтты.

– Қазіргі тарихи өзгеріс кезеңінде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру – барлығымызға ортақ, елдік шаралар. Сондықтан ардагерлер – халықтың үні, биліктің кеңесшісі, қоғамда туындаған түйткілдердің сарапшысы ретінде мемлекеттік бастамаларға қолдау білдіріп, саяси реформалардың жүзеге асуына атсалысады деп сенемін, – деді Н.Сақтағанов.

Мұнан соң философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев жаңа Қазақстан алдында тұрған саяси, әлеуметтік, рухани факторлар бойынша салмақты ой-тұжырымдарын білдірді.

– Қазіргі заманда дамыған елдерде нарықтың не екенін біліп, оны терең түсініп, нарыққа адамгершілік сипат беру мәселесі кеңінен қаралып жатыр. Жаңарған, әділетті Қазақстан экономикасында осы сипат орын алуы керек. Әділетті Қазақстанның негізі – заңның үстемдік етуінде, әділетті болуында. Сондықтан біздің болашақ қоғамымызда осы мәселелер болғаны дұрыс деп ойлаймыз. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде сайлау науқаны елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастайтынын айтты. Сайлаудың әділ, таза өтуі де – алдымызда тұрған үлкен сын. Бастамалардың барлығы азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға бағытталған. Бізде саяси белсенділік болғанда ғана саяси өзгерістер болады, – деді Баймырза Қожамберлиев.

Форумда Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев жаңа Қазақстанды құрудағы ардагерлердің рөлі туралы ойын ортаға салды.

– Облысымыздағы 77 мың ардагердің 26 мыңнан астамы Қызылорда қаласында. Биыл облыс орталығы мен оған қарасты ауылдарда бес рет алқа жиынын өткіздік. Мемлекет басшысының үндеуін талқылап, ардагерлермен ой-пікір алмасу барысында біраз мәселелер қозғалды. Президент Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан бастап жұмыс жасайтынын айтты. Өте орынды. Конституциялық сот әділ, ашық болуы керек. Бүгінде құқық қорғау органдарында сондай ашықтық бар ма? Сот әділдігін қамтамасыз етуде күрделі мәселе көп. Олардың барлығын қоғам алдына шығарып, ашық түрде ұсыныс-пікір айтылуы керек. Сондай-ақ, жергілікті жердің әкімдері баламалы жолмен сайланатыны айтылды. Жергілікті өзін өзі басқару туралы заң бұған дейін де болған. Дегенмен, ол заңды біз іске асыра алмадық. Ол заң талабы өз деңгейінде жүзеге асқан жоқ. Алдағы уақытта ардагерлер осы бағытта да жұмыс жасауы, өз ықпалын тигізуі керек, – деді Сұлтанбек Тәуіпбаев.

Ал, «ҚазГерМұнай» ЖШС жанындағы «Ардагер мұнайшы» қоғамдық қорының төрағасы Разия Қалжанова ұрпақ тәрбиесіндегі бірқатар түйткілдерге тоқталды.

– Мемлекет басшысы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет екенін айтты. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керегін, осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс екенін атап өтті. Қазір өңірімізде жеке балабақшалар көп. Олардың арасында да өз ісіне жауапкершілікпен қарап, бала тәрбиелеуде тынымсыз еңбек етіп жүргендері бары анық. Дегенмен, жекенің аты жеке. Балабақшаны өз меншігі санайтын кәсіп иелерінің жеке үйіндегі балалар тәрбиесі қалай жүруде? Бүлдіршіндердің тамағы, жай-күйі қалай? Олардың жұмысын тексеріп отыратын қоғамдық ұйымдар, мемлекетік органдар жұмыстарын бұрынғыдан да жандандыруы керек, – деді ол.

Сонымен қатар, жаңа Қазақстандағы отбасы құндылықтары мәселесіне тоқталып, аға буын өкілдерінің басты мақсаты – атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық жәдігерлерімізді, салт-дәстүрімізді дәріптеу, отбасы құндылықтарына баса назар аудару, тіліміз бен дінімізді, мәдениетімізді құрметтеу екенін атап өтті. Разия Қалжанова ардагерлер жастар тәрбиесі бағытындағы жұмыстарын жандандыру қажетін алға тартты.

Аға буынның жинақтаған тәжірибесін, білігін, парыз бен намыс ұғымын сақтап, жеткізу – келешек ұрпақтың алдағы жетістіктерін одан әрі дамыта түсетін негізгі бастау. Бұл ретте ұрпақтар сабақтастығының маңызы зор. Форумда Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков жас буынға адамгершілік тәрбие беру, сондай-ақ еңбексүйгіштікті насихаттап, қарапайым еңбек адамының имиджін көтеру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

– Аудан жастарының өлке тарихын танып-білуі, ұлттық құндылықтарымызды бойға сіңіруі, ел мен жердің тарихын насихаттауда ардагерлердің еңбегі ерен. Қазіргі таңда Қармақшы ауданында 5300 зейнеткер бар. 53 бастауыш ұйымына 4270 ардагер мүшелікке қабылданған. Жастармен кездесу, еркін форматтағы сыр-сұхбат, көптеген өзге де іс-шараларда қазыналы қарттарымыз саралы сөз, салмақты ойларымен жас ұрпақтың озық ойлы болып қалыптасуына көмектесуде. Ауданның киелі жерлеріне танымдық сапарлар ұйымдастырып, жастармен рухани сабақтастық қалыптастыруда, – деді Асқар Мереков.

Ел бірлігі, ырысты ынтымақ, ұрпақтар сабақтастығы, жастар тәрбиесі жөнінде келелі әңгімелер де қозғалды. Шиелі ауданы Ақмая ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымы төрағасы Кенжетай Балмағанбетов жастарға қолдау көрсету бойынша ұсыныстар айтты.

– Мемлекет басшысы жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін атап өтті. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Президенттің бұл бастамалары қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етері сөзсіз. Жастар тәрбиесіне бәріміз де жауаптымыз. Жастармен жұмыс жүргізуде аудандық жастар ресурстық орталығының орны бөлек. Аудан бойынша 14-24 жас аралығында 20 мыңнан астам жас бар. Оның 10 мыңнан астамы – ауыл жастары. Бүгінде Шиелі ауданы жастары арасында жұмыссыздық деңгейін барынша төмендетуге күш салып отыр. Ауданның 9800 жасқа жүргізілген сауалнама нәтижесінде олардың тарапынан төмендегідей ұсыныстар айтылған. Жұмыссыздық, тұрғын үй, жас кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант санын көбейту, жас жұмысшылардың жалақысын көтеру және жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы орта қалыптастыру мәселелері, – деді ол.

Форумда өткір сындар да айтылып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартудың нақтылы жолдары жөнінде ұсыныстар да білдірілді. Ардагер С.Дәрібаев бірқатар қарапайым жұмысшылардың әлеуметтік құқықтары қорғалмай отырғанын айтты.

Жиын соңында республикалық ардагерлер ұйымының 35 жылдық мерейтойы аясында өңірдегі ардагерлер ұйымының жұмысын ілгерілетуде аймақтың әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына үлес қосып жүрген бірқатар ардагерлер облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Атап айтқанда, Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев, «Ардагер мұнайшы» қоғамдық қорының төрағасы Разия Қалжанова, Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, Шиелі ауданы Ақмая ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымы төрағасы Кенжетай Балмағанбетовке Құрмет грамотасы табыс етілді.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<