Жасампаз елдің жалынды жастары

332

0

Кеше облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жүргізді. Қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов баяндамасында жастар мәселесін жан-жақты талдады. Шара барысында «Сыр үміті» жастар сыйлығы табысталып, белсенді жерлестеріміз марапат төрінен көрінді.

Жастар әрқашанда қоғамның қозғаушы күші болып қала береді. Облыста 14 пен 35 жас аралығындағы 249059 жас есепке алынып, жалпы халықтың 30,1%-ын құрап отыр. Оның 106713-і қалада, 142346-сы ауылда тұрады. Бүгінгі таңда аймақта 10 «Жастар ресурстық орталығы» жұмыс істейді. Орталықтарда 146 маман қызмет етуде.

– 2023 жылдың I тоқсанында жастармен түрлі форматтағы 796 шара ұйымдастырылып, 27315 адам қамтылды. Жастар саясатын дамыту мен қолдау үшін 2023 жылға жергілікті бюджеттен 1846 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 32 жобаға 225,6 млн теңге қаралды.

Сондай-ақ құны 1,7 млрд теңгені құрайтын (500 млн теңге «Отбасы банк» АҚ) «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы» қабылданған. Бағдарлама аясында осы жылы 100 жас отбасы баспаналы болады, – деді басқарма басшысы А.Есмаханов.

Жақында елімізде «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, жастар санаты 35 жасқа дейін ұзартылды, NEET санатындағы жастар ұғымы, жастармен жұмыс жөніндегі маман статусы заңмен бекітілді. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Ол 12 нысаналы индикатордан, 4 күтілетін нәтижеден және 80 іс-шарадан тұрады. Оның шеңберінде жастарды қолдаудың қолданыстағы шараларын жетілдіру, түрлі тәсілдер арқылы олардың белсенділігін арттыру жоспарланып отыр.

Жыл басынан облыс бойынша NEET санатындағылардың әлеуметтік санатын нақтылау үшін адрестік жұмыстар қолға алынған.

Бүгінгі күнге 7278 жастың деректері «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне енгізілген. Өзектендіру жұмыстары 2023 жылғы 1 мамырға дейін толықтай аяқталады. Ал жыл соңына дейін 11297 NEET санатындағы жастың ішіндегі тіркелмеген жұмыссыз жастардың кемінде 70 пайызын маусымдық немесе тұрақты жұмыстарға тарту, білім алуына жағдай жасау, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету бойынша шаралар қабылданады.

– Алдағы үш жылдықта «Еңбек жасақтарының» қатарына 7 мың адамды қамтып, жұмыссыздық деңгейін 3%-ға дейін төмендету, жас кәсіпкерлердің санын 2 есеге арттыру көзделуде.

Жастар арасында қылмыстың алдын алу, пробация есебіндегілерді қоғамға бейімдеу мақсатында жоспарлы шаралар атқарылуда. Бұл бағытта жыл басынан бері 67 шара ұйымдастырылып, барлығы 2 мыңға жуық адам қамтылды. Оның ішінде, құқық қорғау органдарымен бірлескен «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы, «Stop Қылмыс!», «Бала қауіпсіздігі басты назарда!», «Балалар түнгі қалада» рейдтік шаралары тұрақты түрде өткізілуде, – деді басқарма басшысы.

Қоғамда өз қатарларына үлгі боларлық белсенділеріміз де жоқ емес. Жасампаз елдің жалынды жастары ел дамуы үшін өз салаларында айрықша еңбек етіп келеді. Белсенді жастарды шыңдау үшін дәстүрлі түрде оларға облыс әкімінің «Сыр үміті» сыйлығы табыс етіліп келеді.

Биыл бұл сыйлыққа 15 адам лайық деп танылған. Оған 14-29 жас аралығындағы 100-ден аса жас қатысқан. Бұл сыйлық аймақтың әлеуметтік-экономикалық, рухани және мәдени дамуына, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуына үлес қосып жүрген жастарды көтермелеу үшін тағайындалған. Cондай-ақ жастардың ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметіне мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету, олардың шығармашылық ізденістеріне, қоғамдық бастамаларына және тұлғалық қалыптасуына кеңінен мүмкіндіктер ашу үшін арнайы бекітілген номинациялар бойынша беріліп келеді.

Облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов жиын соңында М.Исағабылов, Б.Қобланов, Е.Ыдырысов, Н.Саймағамбетов, Х.Төреханқызы, Ә.Тоқтамысов, Б.Өткелбай, Т.Төлебай, А.Түменбай, А.Жармахан, Ә.Еркінұлы, С.Темірболат, Е.Шәрібек, Е.Табынбаев және С.Қалыбайға «Сыр үміті» жастар сыйлығын табыстады.

Жастарды болашақтың кіршіксіз айнасына айналдыру үшін түрлі бағдарламалар мен ынталандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ендігі кезекте жастарға «арыстандай айбатын, жолбарыстай қайратын» игі істерге жұмылдырса, алынбайтын қамал жоқ.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<