Жазушы туған ауылда

353

0

Қазақ әдебиеті мен өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерінің иегері, жерлесіміз Қалтай Мұхамеджановтың туғанына биыл 95 жыл! Осыған орай Сырдария ауданы Шіркейлі ауылдық округі әкімдігі, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің қолдауымен, «Мәді қажы» ЖШС-нің демеушілігімен жазушының туған ауылында «Қазақтың дара Қалтайы» атты мерекелік жиын өтті.

Қалтай Мұхамеджанов 1928 жылдың 24 желтоқсанында сол кездегі Тереңөзек ауданына қарасты Шіркейлі ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Ташкенттің театр және көркемөнер институтын бітіріп шығады. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінде, Мемлекеттік кино комитетінде, Қазақстан Жазушылар одағының, Кинематографистер одағының екінші, бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарып, әдебиет, мәдениет, өнер саласының дамуына сүбелі үлес қосқан. 1988-1998 жылдары республикалық «Ара–Шмель» журналында, халықаралық «Заман – Қазақстан» газетінде бас редактор болса, өмірінің соңғы жылдары халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы қызметін атқарған.

Шығармашылық жолын аударма саласынан бастаса, 1959 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында «Бөлтірік бөрік астында» атты тұңғыш драмалық туындысының премьерасы болды. Қаламгердің пьесаларындағы қарапайым ауыл өмірімен астасып жатқан әзіл-қалжыңға құрылған хикаялардың тереңінде тағылымдық астар жатқанын аңғаруға болады. Дәлірек айтқанда, күлдіре отырып, көрерменге көп ойдың жүгін артып жібереді.

Мерейтой аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Қазыбай Құдайбергеновтің дарынды қаламгердің өмірі мен шығармашылығын баян еткен «Талантымен танылған тұлға» атты ғылыми-танымдық зерттеу туындысының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

Құттықтау сөзінде профессор Халық жазушысы Қ.Мұхамеджановтың тағдырлы ғұмырнамасына тоқталып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына сіңірген еңбегін әңгімесіне арқау етті. Сонымен қатар, жазушының қырғыз халқының аса көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматовпен бірге түскен портретін Мәдениет үйіне сыйға тартты.

Жиында ардагер Сұлтан Маханбетов, ауыл әкімі Талғат Құламқадіров, «Мәді Қажы» ЖШС директоры Сейіткамал Сұлтанов сөз сөйлеп, алақандай ауылда туып-өсіп, дара талантымен атағы алысқа кеткен көрнекті қаламгердің адами асыл қасиетін, болмыс-бітімін әйгілейтін  ел жадында қалған естеліктерді  ойға оралтты.

Аудандық драма үйірмелері арасында ұйымдастырылған байқауда Н.Ілиясов ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Жас ART», Қ.Мұхамеджанов атындағы Шіркейлі ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Көңілашар», Бесарық ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Шамшырақ» драма үйірмесі ұжымдары Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті», «Бөлтірік бөрік астында» сынды комедиялық драмаларынан үзінділер сахналады.

Қарапайым қазақы тұрмыс, салт-дәстүр, атадан балаға жеткен тәлім-тәрбиені танытуға бағытталған шығармалар шынайылығымен құнды. Сондықтан сахналанған қойылымдарды тамашалаған көрермендер де кейіпкерлердің күнделікті көз үйренген іс-әрекеттеріне риясыз күліп, ерекше әсерге бөленді.

Байқауға профессор Қазыбай Құдайбергенов, Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының актері Еркін Асанов, Сырдария аудандық мәдениет үйінің әдіскері, мәдениет үйі жанындағы халық театрының артисі Гаухар Сәрсенбаева қазылық етті.

Байқау қорытындысымен Қ.Мұхамеджанов атындағы ауылдық мәдениет үйінің драма үйірмесі ұжымы 1 орын, Нағи ауылы «Жас ART» драма үйірмесі ұжымы ІІ орын, Бесарық ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Шамшырақ» драма үйірмесі ұжымы ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, актерлік шеберлігімен танылған  талантты өнерпаздарға арнайы сыйлық табысталды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<