Жемқорлыққа қарсы талдау сапасын арттыру қажет

492

0

Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық мәселесі әлі күнге өзекті күйінде қалуда. Келеңсіз құбылыс болашақ ұрпақ тәрбиесіне, мемлекет қауіпсіздігіне де қауіпті екені рас. Оның тамырын бір күнде жою мүмкін емес. Бұл бағытта профилактикалық шаралар қатаң қолға алынуда. Десе де, әлі  заң тұрғысынан күшейтілетін тұстары жетерлік. 

Облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында өзекті мәселе тағы бір талқыланды.  Оған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов, құқық қорғау және орталық атқарушы орган басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік-экономикалық даму, саясат тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлем елдерінің қай-қайсысын да алаңдатып отырғанын айтты.

–    Өңірімізде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруда жүйелі жұмыстар жүруде. Әкімдіктер жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияларда тиісті мәселелер өзектілігіне қарай тұрақты түрде қаралып, басшыларға өз жауапкершіліктерін көтеру жөнінде қатаң талаптар қойылып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ең тиімді әдісі – көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан 296 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның 142-сі электронды форматта жұмыс жасайды. Сыбайлас жемқорлықтың себептерін жоюдың тиімді құралдарының бірі – оның тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары. Осы ретте, облыс әкімдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бірлесіп, тиімді жұмыстар атқаруда. Нәтижесінде, биылғы жылдың өзінде деректер анықталып қоймай, түрлі салаларда жүзеге асырылып жатқан жобаларда 77-ден аса сыбайлас жемқорлық тәуекелін белгілеп, оларды дер кезінде жоюға белсенді шаралар қабылдануда. Тиімді атқарылған жұмыстардан кейін өңірімізде өткен жылдың 9 айы көрсеткішімен салыстырғанда сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық деңгейі 8,2 пайызға азайғанын көрсетті. Бұл көрсеткіш құқық қорғау органдарымен бірлесіп атқарған шаралардың нәтижесі деп айтуға болады, – деді облыс әкімі.

Комиссия отырысында Саян Ахметжанов облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жасалып жатқан жұмыс барысын баяндады.

– Биылдан бастап өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін нығайту үшін тәуекелдер картасын құрып, азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп бекіттік. Облыста бірінші ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, жолдар мен инфрақұрылым – өте маңызды мәселе. Жолдардың сапасы және ауызсумен қамтамасыз ету, коммуналдық инфрақұрылым тарифтерін салу үшін қаражат жұмсау  ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектордағы жемқорлық мәселесі де маңызды. Біз жергілікті атқарушы өкілдермен бірлесіп жұмыс жасауға тиіспіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте барлығын қылмыстық іске дейін қозғауға жеткізу маңызды емес. Бастысы, бюджет есебінен салынатын нысандардың сапалы орындалуын бақылау – біздің негізгі міндеттеріміз. Қазіргі таңда осы тәуекелдер картасы аясында аумақтық департамент тарапынан бірқатар жұмыстарды бастадық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарға ішкі талдау  іс-шараларын жетілдіру керек. Бұл жағдайды әрі қарай ушықтырмау үшін қажет, – деді Саян Қылышұлы.

Кеңес отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Дәулетиярұлы да баяндама жасады. Ол сыбайлас жемқорлық деректерін азайту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

– Айталық,  автомобиль жолдары құрылысы және жол жөндеу қызметтері саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында оның тәуекелдерін туғызатын төрт бағыт айқындалды. Олар – жол құрылысы туралы нормативтік  құқықтық актілерде орташа жөндеу түсінігі заңмен  реттелмеуі. Екінші – техникалық  қадағалау бойынша сәйкестіктер, үшінші – жосықсыз қатысушы болып танылған тұлғалардың мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысуы, төртінші – жол құрылысы сапасын бұзғаны үшін жауапкершілік шараларының жетілмеуі, яғни заң нормалары нақты әрі ашық болмай  жұмыстың да адал әрі таза болмайтыны анық. Өздеріңізге белгілі, ең қымбат құрылыстың бірі – жол құрылысы. Сол себепті бұл салада қомақты қаражат айналып жүретіні сөзсіз. Бұл бағытта тиісті мамандардың  қаражатты игеруде сыбайластыққа баратын  іздерін үзу қажет, – деді ол.

Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әрбір қызметкердің тәртібі мен жауапкершілігі басшыға тікелей байланысты екенін, мемлекеттік қызметке жеке бас құндылығы ретінде қарайтын тұлғалардың  мұндай орынға келуіне қатаң тосқауыл қойылатынын еске салды. Бұл ретте барлық деңгейдегі әкімдер мен облыстық басқарма басшыларына  сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің сапасын арттырып, осал тұстарды анықтау бойынша бірқатар шаралар қабылдауды тапсырды.

***

«Достық үйінің» мәжіліс залында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов бизнес өкілдерімен кездесті.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов, бизнес өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары, түрлі комиссия мүшелері қатысты.

Саян Ахметжанов агенттіктің бизнесті қорғау жөнінде қабылдап жатқан шаралары туралы баяндады.  Ал агенттіктің облыс бойынша департамент басшысының міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Ұзынжас сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды заманауи талап әдістерін қолдану арқылы күшейту бизнес секторы үшін өзекті екенін айтып, жасалып жатқан жобаларға тоқталды. Кездесу соңында кәсіпкерлер пікірлерін білдіріп, сұрақтарына жауап алды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<