Қос қарияға құрмет көрсетті

437

0

Фото: автордан

Бейбіт заманда қамсыз өмір сүріп жатқанымыз ардагерлердің арқасы. Ұлы Отан соғысы жылдары Отан үшін, ұрпақ үшін тынымсыз еңбек еткен қарияларға қандай құрмет көрсетсе де жарасады.


Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ардагерлермен кездесті.


– Біз қай заманда да қартын құрмет тұтқан халықтың ұрпағымыз. Сіздердің жүріп өткен даңғыл жолдарыңыз ұрпаққа үлгі-өнеге. Еңбек адамы елеусіз қалмайды. Бұл ардагерлер өз саласының білікті маманы болды. Ғибратты ғұмырларыңызбен ел ықыласына бөленіп, қазыналы қарияға айналдыңыздар. Адам баласының аласармас биігі осы деп білемін. Мереке құтты болсын, – деді ол.


Кездесу барысында тыл ардагері Байсерке Райымқұлов пен еңбек ардагері Қайып Сүлейменовке «Қызылорда облыстың «Құрметті ардагері» төсбелгісін табыстады.
Байсерке Райымқұлов – ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында қажырлы еңбек еткен жан. Жұбайы Орынша Кемелбекова екеуі 7 баладан 10 немере, 11 шөбере сүйіп, ұрпақ қызығына кенеліп отырған шуақты шаңырақ.


Ал Қайып Сүлейменов өмірін еңбекпен өрнектеген ардагер. 1937 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Талай игі жақсылармен қызметтес болған қария адамды мұратына жеткізетін адалдық екенін айтады.


Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев Ұлы Отан соғысының ардагерлері Әбдірахман Байтіков пен Төлеген Жүгінісовтің отбасына барып, мерекемен құттықтады.


Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<