«Педколледждегі қыз» мюзиклінің премьерасы өтті

1189

0

Фото: Білім басқармасы

Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық академиялық драма театрында Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің студенттері жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаевтың «Педколледждегі қыз» шығармасының желісімен қойылған мюзиклінің премьерасын сахналады. Қойылымға басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы мен сала ардагерлері қатысты.

Мюзиклдің мазмұнына тоқталар болсақ, «Педучилищедегі қыз» шығармасы ХХ ғасырдың 60-70 жылдарда орын алған, автордың мектеп жасында орын алған оқиға желісіне құрылған. Бұл жайында автордың өзі: Менің жазған прозалық шығармаларым негізінен туып-өскен Сыр бойы мен Сарысуда көрген-білгендерім туралы. Солардың бірі – «Педучилищенің қызы» дейтін әңгімем. Бұл әңгіменің жазылуында өзінше тарих бар. Сонау 1963 жылдың күзінде мектептің 11-сыныбында оқып жүрген бізді Қызылорда қаласының іргесіндегі Абай совхозына күріш жинауға алып барған еді. Ол жерде М.Мәметова атындағы педучилищенің қыздары да болды. Сөйтіп біраз уақытымыз көңілді, қызықты өтті. Мен кейін жазушы болғанда осы қызықты күндер туралы «Педучилищенің қызы» дейтін әңгіме жаздым, – деп еске алады.

Жалпы шығарма желісі күріштікте жиылған жастардың кездейсоқ жолығып, ғашық болған әдемі сезімін суреттейді. Жастық жалыны бойында қайнаған бозбала мен студент бойжеткеннің танысып, көңіл жарастыруынан ұшқындаған албырт сезімінен, жұптасудың сәті түспесе де кейін бала-шағалы болғанына қарамастан алыста қалған аруды өмір бойы жүрегінде әлдилеген жігіт сағынышынан туындайды… Тағдыр тәлкегі… Лирикалық трагикомедия… Психологиялық драма…

Қойылымды қорытындылаған басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы тамаша өнер көрсете білген барша студенттерді қанаттандырып, тәлім алушылардың жасап шыққан дүниелерінің жүрекке жеткендігін атап айтты және колледж студенттерінің шығармашылық қырына өте жоғары баға берді.

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<