Жемқорлыққа жол бермеу маңызды

421

0

Фото: ашық дереккөз

Әрбір мемлекеттік орган өз қызметінің ерекшеліктеріне қарай сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын жүргізеді.

«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның құзыреті – қаржылық есептілік аудиті, сәйкестік аудиті, камералдық бақылауды жүзеге асыру, ішкі аудит қызметтеріне әдіснамалық және консультациялық көмек көрсету. Органның құзыреті «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында да айқындалған, яғни мемлекеттік сатып алудың негізгі қағидаттардың бірі – сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау үшін негізгі ақпарат көздері – нормативтік-құқықтық актілер. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі тұрақты түрде жоғарыда аталған заңнамалық актілердегі олқылықтарды жоюға ұсыныстар енгізеді. Мұндай олқылықтарды азайту немесе жою сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға септігін тигізеді деп санаймыз.

Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген электрондық мемлекеттік аудит жүргізу қағидаларында электрондық мемлекеттік аудит жүргізу тәртібі айқындалған. Алайда, бүгінгі күні электрондық ішкі мемлекеттік аудитпен қамту деңгейі төмен. Өз кезегінде, тексерілетін объектілерді электрондық аудитпен қамту деңгейін барынша арттыру осы саладағы сыбайлас жемқорлыққа әкелетін факторларды жою арқылы мемлекеттік аудит объектілеріне түсетін жүктемені азайтады.

Сонымен қатар, мемлекеттік аудиттің бизнес процестерін автоматтандыру, яғни мемлекеттік аудит жүйелері мен қазынашылық органдарын интеграциялау, мемлекеттік аудиторға аудит объектісінен бюджет қаражатының жұмсалуы бойынша кедергісіз ақпарат алу оны сапалы бағалауға мүмкіндік береді, бұл да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға ықпалын тигізеді.

Мемлекеттік сатып алуға айтарлықтай қаржы ресурстары бағытталғанын ескерсек, олардың нысаналы және тиімді пайдалануы өте маңызды. Бұл саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған заңнамалардың толық жетілмегені, оған енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қарамастан жүйенің ұйымдастырушылары мен субъектілері, яғни қатысушылар оны айналып өтетін олқылықтар әлі де табылып отыр. Осыған байланысты 2015 жылдан бері камералдық бақылау енгізу жемқорлық тәуекелдерін едәуір азайтты. Әрине, заңнама нормаларын дұрыс қолдану қызметкерлердің құзыреттілігі мен адалдығына байланысты.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заң нормалары мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшуді қамтамасыз етті, ашық конкурстық іріктеу құзыреттілік негізінде ілгерілету тетіктері арқылы меритократия қағидалары енгізілді. Осыған байланысты департаментте мемлекеттік қызметтің мансаптық өсу моделі қолданылуда. Мәселен, биыл ғана осы модельдің талаптарына сәйкес тағайындау департамент қызметкерлерінің ішінде департамент басшысының орынбасары, қаржылық есептілік аудиті, камералдық бақылау бөлімдерінің басшылары, бас мамандары лауазымдарына ауысты.

Бақылау функциялары сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары санатқа жатады. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, фактілерді ұжымдық талқылау, сондай-ақ алдағы уақытта болдырмау жөнінде шаралар қабылдау – қызметкерлер арасында жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру кезінде пәрменді шаралардың бірі.

Басшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарым-қатынасы – ұжымның да қарым-қатынасының негізі, мәдениет пен этикалық құндылықтарды айқындайды. Қолданыстағы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне сәйкес департаментте Әдеп жөніндегі кеңес жұмыс жасайды, ол да ұжым қызметкерлері арасында жемқорлыққа қарсы мінез-құлық пен мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Жалпыға бірдей декларациялау аясында қызметкерлер өз кірістері туралы мәліметтерді уақытылы ұсынуда.

«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес аудитті аудитор сертификаты бар маман жүргізеді. Мемлекеттік аудитор жұмысының нәтижесі – шешім қабылдау, осы тұста оң шешім қабылдағаны үшін сыйақы алу, яғни сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де жоққа шығарылмайды. Мемлекеттік аудиторлардың еңбекақысы корпоративтік сектормен салыстырғанда бәсекеге қабілетті болып қалмайтынын ескерсек, аудиторлардың еңбекақысын ұлғайту арқылы сонымен қатар, өтелуге жататын анықталған бұзушылықтардың жоғары көрсеткіштері үшін біржолғы сыйлықақылармен материалдық ынталандыру қажет. Аталған шараларды қабылдау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, сондай-ақ кадр тұрақсыздығын жояды деп санаймыз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелері айқын болып, қоғамның оны қабылдау деңгейі есеп беретін және транспарентті мемлекет деңгейіне жеткенге дейін сақталуы тиіс екенін атап өткім келеді.

Е.КҮЗЕМБАЕВ,

ҚР Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит

департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<