Жолдау жүгін нәтижелі іс жеңілдетеді

620

0

Өткен аптаның сенбісінде ҚР ПремьерМинистрі Әлихан Смайловтың төрағалығымен Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған жиын өтті.

Үкімет басшысы тиісті сала жетекшілеріне Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын әзірлеуді және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі әрі салалық шаралар кешенін қабылдауды тапсырды. Жолдауда нақтыланған міндеттерді, тапсырмаларды іске асыруға бағытталған  жоспарлары туралы министрлер есебі тыңдалды.

Селекторлық жиыннан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен  Жолдаудан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларды іске асыруға арналған жиын өтті.

Жиынға мемлекеттік мекеме, құқық қорғау органдары басшылары, зиялы қауым, саяси партия өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Жолдауда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын, әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шараларды, ішкі, сыртқы саясат, қауіпсіздік мәселелерін айқындап, 5 бағытты нақтылап берді. Мәжілісте алдымен Жолдауда айқындалған бағыттар бойынша спикерлер пікірі тыңдалды.  Алғаш болып облыстық мәслихат депутаты, Ұлттық Құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов сөз алды.

–       Мемлекет басшысының бұл жолғы Жолдауының тарихи ерекшелігі – елімізді жаңа демократиялық мемлекет ретінде қалыптастыруға бағытталған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» қағидаларына негізделгені. Қоғамда қалыптасқан қандай мәселелер бар, соның барлығы сала бойынша осы құжатта қамтылған,– деді Қылышбай Алдабергенұлы. – Соған сәйкес нақтыланған бағыттар Үкімет басшысының қадағалауымен жүзеге асырылады. Біздің облыста да Жолдауда айтылған басым бағыттар, жоспарланған жұмыстар уақытылы әрі сапалы іске асырылатынына сенемін. Біздің өңірге тікелей қатысты мәселенің бірі – су тапшылығы. Жолдауда Президент бұл мәселеге тоқталды. Былтырмен салыстырғанда биыл су көлемі жақсы, яғни, қажеттілігімізге, үнемдеп пайдалануымызға жетіп отыр. Жолдаудағы негізгі бағыттың бірі – әлеуметтік сала.

Экономикалық дамуымыздың негізі әлеуметтік саламен байланысты екені белгілі. Осы орайда ел болашағына арналған инвестиция туралы айтылды. Ол – денсаулық сақтау, білім саласы. Соның ішінде, өте маңыздысы – жастарды кәсіби білімге бағдарлау, кәсіптік білім беру. Осыған байланысты техникалық-кәсіптік білім беруге берілетін гранттарды өңірдің экономикалық сұранысына сәйкес дайындаса, жастардың өмірден өз орнын табуына мүмкіндік болар еді. «Білімсіз, ғылымсыз елдің болашағы бұлыңғыр» деген қағида бар. Осы орайда жоғары білімді дамытуда да жаңа белеске көтеру, халықаралық тәжірибелерді ескеру туралы айтылды. Оған сәйкес бюджет, салық кодекстеріне өзгерістер енгізетіндей, жаңа жүйе құру керек. Бұл да Жолдау аясында жүзеге асырылатын жұмыс.

Жолдауда тағы бір ерекше айтылған мәселе – келер жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыру. Қазіргі жұмыссыз жүрген жастарды кәсіппен баулып, жұмыспен қамту – ұлттың болашағына жасалып жатқан үлкен қадам. Сондай-ақ, Жолдауда Мемлекет басшысы қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсету туралы айтты. Соңғы кезде «Мерейлі отбасы» жобасы жүзеге асырылып келеді. Десе де, еңбек адамдарын насихаттауды, көпшілікке таныстыруды тереңірек жандандыруымыз керек. Еңбек қоғамын құруға бағыт алуымыз қажет. Президент «заң және тәртіп» деп атап өтіп, осы бағытта да бірқатар міндеттер жүктегені белгілі. Әсіресе, қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау жөнінде айтқаны көпшіліктің көкейінен шыққаны анық және бұл Президенттің әділетті қоғам құру бағытындағы әділетті шешімі деп білемін,  – деп толықтырды Қ.Бисенов.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов та Жолдауға қатысты пікірін білдірді.

– Қылышбай Алдабергенұлы Жолдау бағытында атқарылатын жұмыстар мен нақтыланған міндеттерді жан-жақты саралап берді. Қазір Жолдаудағы басым бағыттарды білуден бөлек, оны саралап, оның саяси мәнін түсіну мәселесі де тұр. Саяси тұрғыдан қарағанда бұқара халықтың көпшілігі өз ойына сәйкес келетін дұрыс, игі саясатты аңсайды. Ол – адамның табиғи құқығы. Бірақ ненің игі, ненің дұрыс, ненің әділетті екеніне келгенде әрқайсымыздың көзқарасымыз әртүрлі. Сондықтан Президент Жолдауына байланысты да әртүрлі пікірлер туындауы ықтимал. Ол – заңдылық. Бірақ плуористік пен популистік көзқарасты шатастырып алмауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде, біздің белгілі бір бағытқа бірлесіп, атқаратын ісімізді тұжырымдауда Жолдаудың өзіндік маңызы бар және ол бәрімізге ортақ. Алда сайлауалды процестер уақыты басталды. Бұл кезде қоғамның белсенділігі арта түсетіні анық. Сондықтан Жолдауда нақтыланған міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуының маңызы зор, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.

Жиында онан әрі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  Президент Жолдауында саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар нақтыланып, алдағы міндеттерді айқындап бергенін жеткізді.

– Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге ел экономикасын серпінді дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеп, оң нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Біз Президент Жолдауында айтылған барлық бағдар бойынша нақты іс-шаралар қабылдап, сапалы іске асыратын боламыз. Мемлекет басшысының қабылдауында болғанымда өңірде 7 ай қорытындысымен өнеркәсіп өндірісінің көлемінен басқа барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіште өсім қалыптасқанын жеткіздім. Өздеріңіз білесіздер, осыған дейін Президент аймақта халықтың табысы төмендеп кеткенін айтып, жұмысты жандандыруды тапсырған еді. Былтыр халық табысы 99,9 процентті құраса, жүйелі жұмыстың нәтижесінде биыл өсім орын алып, 116,1% болды, – деді Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысы өңір экономикасы шикізаттық бағыттан, яғни, мұнай тәуелділігінен әлі де шыға алмаудың салдарын жою үшін «Шыны зауыты» айналасында шыны, «Кальцийлендірілген сода» жобасы айналасында химия өндірісін, «Шалқия» қорғасын-мырыш және «Баласауысқандық» ванадий кен орындарында кен байыту комбинаттарының құрылысын жүргізе отырып, металлургия кластерлерін құруға толық мүмкіндіктер бар екенін қаперге салды. Бұл ретте Нұрлыбек Машбекұлы бірінші орынбасары Серік Қожаниязовқа жаңа кен орындарын барлау жұмыстарын орталық атқарушы органдармен қайта пысықтауды тапсырды.

Аймақта электр желілері, ауызсу және жылу желілерінің тозу деңгейі де үлкен мәселе. Алдын ала есептеу көрсеткендей, тек электр жүйелерінің тозу деңгейін 68 пайыздан  30 пайызға дейін төмендету үшін 153 млрд теңге қаржы қажет. Мұнан бөлек, ауылдарды газдандыру және ауызсу апару мәселесі бар.

–    2025 жылға дейін облыстағы газдандырылған ауылдық елді мекендер санын қазіргі 19 ауылдан 70 ауылға дейін жеткізу жоспарланған. Бұған қоса орталықтандырылмаған 32 елді мекеннің ауызсу мәселесін шешу міндеті тұр, – деген аймақ басшысы орынбасары Мархабат Жайымбетовке тозығы жеткен инфрақұрылымдарды жаңғыртуды инвестиция тарту арқылы оңтайландыруды тапсырды.

Жолдаудың екінші бағыты – нақты секторды дамыту. Жиында облыс әкімі инвестиция тарту мәселесіне арнайы тоқталды. Биыл өңірге тартылуы тиіс 373,5 млрд  теңге инвестиция көрсеткіші 7 айда 42%-ға орындалды. Межелі көрсеткішке қол жеткізу үшін қала, аудан әкімдіктеріне инвестиция тартудың Жол картасы бекітілді. Сондай-ақ, Президент тапсырмасына орай білім және медицина саласына инвестиция тарту жұмыстары өңірде күшейтілмек. Мұнай-газ саласына да инвестиция тарту кемшін қалмайды. Бұл үшін аймақта 4 көмірсутекті кен орны жеке инвестиция есебінен зерттелмек.

–    Облыстық деңгейде құны 227 млрд теңге болатын  2 ірі инвестициялық жобаның іске асырылуы шешілді. Түрік инвесторлары есебінен жаңа жылу-электр орталығы және Болат Өтемұратов қоры есебінен «Қорқыт Ата» әуежайы жаңа терминалы салынады. Осындай ірі жобалар бізде санаулы емес, кем дегенде әр ауданда біреуден болуы қажет, – деді облыс әкімі.

Жолдау жүктеген тағы бір міндет – жастарды жұмыспен қамту. Келер жылдан бастап жастар кәсіпкерлігін қолдауға жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие берудің тетігі іске қосылмақ. Осы орайда облыс басшысы бірінші орынбасары Серік Қожаниязовқа бизнесте жүрген және кәсіпке енді бейімделіп жүрген жастармен кездесу өткізіп, олардың ұсыныстарын тыңдап, талқылау нәтижесінде өңірдің экономикалық ерекшелігіне қарай жастармен іске асырылатын әлеуетті жобалардың тізімін әзірлеуді тапсырды.

Жиында ауыл шаруашылығы мәселелері де қаралды. 2023 жылдан бастап «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау бойынша шағын кредиттер беру» республикалық бюджеттік бағдарламасы жүзеге асады. Бұл бағытта келесі жылы республикалық бюджеттен облысқа 3 млрд теңге қаржы бөлу көзделуде.

Аймақ басшысы бөлінген қаржының тиімділігін арттыру мақсатында әр ауданнан 2-3 ауылдық округтерді белгілеп, пилоттық режимде нақты жобалар жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, аудан және қала әкімдеріне бір ай көлемінде нақты ауылдық округтерді анықтап, жобалардың бағыттарын белгілеп, тиісті есептері мен қажетті қаражат көлемін ұсынуды тапсырды.

– Өткен айда Президент Жарлығымен жер заңнамаларының сақталуына тексеру жүргізуге мораторий алынып тасталды. Елімізде жерді қайтарып алу жөніндегі республикалық комиссияның жұмысы аясында 5 млн гектар қайтару қажет болса, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс бойынша жыл соңына дейін 150 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтаруды белгілеп отыр. Бүгінде 120 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл іс-шаралар әлі де жалғасын табатын болады. Өздеріңізге белгілі, аймақта ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалануда даулы мәселелер әлі де басылмай тұр. Осы іс-шаралар арқылы жер дауы мәселелерін шешуге толыққанды мүмкіндіктеріміз бар, – деп атап айтты облыс басшысы.

Білім беру саласының өзекті мәселелері де сөз болды. Аймақта 2 мен 6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткішін ұлғайту, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру бағытында өңірдегі барлық балабақшаға толықтай сараптама жүргізіп, нақты талдау жасау тапсырылды.

Жиын соңында облыс басшысы өңір экономикасына тікелей әсер ететін Арал теңізінің жағдайы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі учаскесін екінші санаттан бірінші санатқа ауыстыру, жаңа көпбейінді аурухана салу мәселелерін орнықты шешу алдағы міндет екенін жеткізді.

Айта кетейік, Президент Жолдауын іске асыруға арналған Ұлттық жоспар аясында облыстық деңгейде арнайы жоспар әзірленеді.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<