Жолдау жүктеген міндет көп

412

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын міндеттер мен атқарылар шаруалар көп. Онда көрсетілген әрбір бағыт ауқымды істерді қамтиды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаржы саласының үздігі Қалқазбек Әжібеков Президент берген тапсырмаларға жеке тоқталып, тарқатып берді. Әсіресе қаржы саласын жетілдіру мен оны жүйелеуге басымдық беру қажеттігін айтты.

–       Мемлекет басшысы еліміздің жаңа экономикалық саясатының жаңа жүйесін құрудың 9 бағытын атап көрсетті. Соның ішінде бағаны реттеу деген мәселеге келер болсақ, бұл – өзінен-өзі реттелмейтін нәрсе. Сондықтан өнім өндіруді, оның ішінде отандық өнімді жоғарылатпайынша баға шарықтай береді. 1993 жылы 1 доллар 4,75 теңге болатын. Ал қазір 100 есеге өсті. Біз жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің бәрін сырттан тасимыз.

 Мен екі нәрсеге басымдық бергім келеді. Салық кодексіндегі үлкен нәрсе – диференциалды салық салу. Бұрын бұл бар-тұғын. Мәселен, отбасында 4 бала болса, онда табыс салығына 30 пайыз жеңілдік берілетін. Қазір барлығына бірдей 10 пайыз. Осыған қайтып келу керек сияқты. Табыс көбейген сайын, оның прогрессивті шкаласы жүретін. Ол бүгінде жоқ. Бюджет кодексіне келсек, шекті нормативтер бекітіледі. Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады, – дейді қаржыгер.

Сонымен бірге Қ.Әжібеков «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысты пікірін де білдірді. Салық түсімін өңірлердің өзіне беруді дұрыс деп санайды.

–       Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша ең төменгі табыс деңгейін 70 мың теңгеге көтеру, жастарға кәсіп бастауы үшін жеңілдетілген пайызбен несие беру, жұмыссыздықты азайту туралы оң шешімдер қабылданды. Бүгінде облыста кәсіпкерлер саны артып келеді. Жеке мектеп пен балабақша ашып, балаларымыздың жақсы білім алуына үлес қосып жатқан кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. Сондай-ақ оқушылардың мектеп формасы барлығына қолжетімді болуы керек деген ойдамын. Барлық баланың бірдей киім үлгісінде және бір деңгейде білім алуына жағдай жасауымыз керек, – деді ол.

Брифинг барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары саласының ардагері Келдібай Бектұрғанов Жолдаудағы тың жобаларға қатысты көзқарасын білдірді.

– Жастарды ауылға тұрақтандыру керек. олар қаладағы үздіксіз жүріп жатқан құрылысқа келіп, жұмыс істеуде. Бірақ келешегі қалай болады? Қалаға тұрақтап қалғаннан не ұтады? Ауылда шаруашылықпен, мал бағумен айналысатын адам қалмады. Жастарды өздерінің тұрғылықты жерінде жұмысқа орналастыру керек деген тапсырма көңілден шықты. Оларға жер беріп, өз-өздерін асырай алатындай жағдай жасалу керек. Ал тұрақтандыру үшін балабақша, мектеп, емхана салып, қаладан кем түспейтіндей мүмкіндік қарастырылу қажет,  – деп санайды ардагер.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<