Жұмысшы мамандарын қалай дайындап жүрміз?

533

0

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр елімізде еңбекке қабілетті адам саны шамамен 9,6 млн болған. Соның ішінде 2 миллион 300 мыңының  жұмысшы мамандығы бар.

«Жалпы жұмысшы мамандар қалай даярланады? Атаулы жылы еңбек адамының беделін қалай көтереміз? Бұл салаға жастардың қызығушылығы қандай?» деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында «Жұмысшы мамандықтары жылында» кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі қалай реформаланатынын айтқан болатын.

– «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында кәсіптік-техникалық білімді трансформациялауға басымдық беріледі. Бұл бағытта министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірге кадр даярлаудың сапасын арттыру, цифрлық технологияларды және халықаралық стандарттарды ыңғайластыру, жалпы колледж, бизнес, ЖОО-лардың ынтымақтастығын күшейту бағытында жол картасын бекітіп отыр. Бұл жол картасы тиімді колледждердің экожүйесін құруға нәтижелі көмек береді деген үміт бар, – деді ведомство басшысы.

Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Бұл міндетті шешу үшін кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, біліктілікті арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту, жұмысшы мамандықтарын жаңарту, мән-маңызын кеңінен насихаттау қажет-ақ.

Мамандыққа баулу мектептен басталу керек

Жұмысшы мамандарын әзірлеуде алғашқы кезекте қандай жұмыстар қолға алынуы керек? «Квант» ҚМЗ» ЖШС басшысы, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Жаңабай Бекішов жұмысшы мамандарды дайындау өте өзекті мәселе екенін айтады.

– Биыл жұмысшы мамандар беделін көтеруге жақсы мүмкіндік туып тұр. Алайда бұл жай ұран күйінде қалмай, нақты істер қолға алынса деймін.  Бұрыннан  бар жұмыстарды істейміз деп емес, оны орындау үшін қандай тетіктер, механизмдер жасалатынын  көрсетуіміз керек.

Біріншіден, өндіріске керек мамандарды дайындау үшін жаңадан өндірістер құрылуы керек. Бізде олар санаулы ғана, мамандар қайда барып жұмыс істейді? Оқуды енді бітірген немесе колледж студенттері тәжірибеден қайда өтеді? Қазір қаржының көбі колледждерге бөлініп игерілуде. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ.

Екінші, мектепте еңбек сабағын өткізіп сол жерде оқушылар құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді, механизмдерді пайдалануды үйренуі керек.

Үшінші, өндірістік мекемелердің өзінде мамандар дайындалып, қаржыны «Атамекен» ұлттық палатасы арқылы игерілуін қарастыру керек.

Жалпы бұл салада мәселе көп. Жұмысшы мамандарды мектептен бастап даярлаған жөн. Бұрын еңбекке баулу сабағында ер балаларға ағаштан түрлі заттар істеп, ауыл шаруашылығы техникаларын қалай басқаруды үйрететін. Ол уақытта барлығы қолмен жасалатын. Ал қазір техника дамыды, электр құралдарын игеруді мектептен үйренгені дұрыс. Мектеп бітірген уақытта дайын  ІІІ класты тракторшы, механик мамандығының куәлігін қоса алып шығатынбыз.

Әр оқу жылында кәсіптік білім беру саласына қомақты қаржы бөлінеді. Бірақ ешқандай өзгерісті көріп отырғанымыз жоқ. Сол баяғы мәселе күйінде қалды. Өз саламды ғана мысалға келтірер болсам, қазіргі уақытта мықты маман таппай отырмын. Бізге дайын білікті маман келген емес. Оны өз қаржымызға оқытып, дайындап аламыз. Жыл сайын оқу орындарынан бірнеше дәнекерлеуші маман бітіріп шығады. Олар қайда жұмысқа орналасып жатыр? Белгісіз.

Біздің мекеме – облыстағы машина жасау бағытындағы бір ғана зауыт.  Металды өңдейтін әдістер тек бізде ғана жасалады. Жылына 5 адамды ғана жұмысқа алармын. Әрі қарай оқытып даярлауға мекеменің мүмкіндігі көтермейді. Колледждерде теориялық білім берілгенімен, тәжірибеден өтетін жер жоқ. Станокты көрмеген бала, қалай өндірісте жұмыс істейді? Жұмыс орнына экскурсияға оқу орындарынан балаларды шақырып тұрамын. Мектептен не колледждерден қызығушылық танытып келетіндері аз.  «Осындай зауыт жұмыс істейді, металды өңдеу әдістері қолданылады» дегеннің өзін көруге келмейді.

 Дуальды білім берудің көтерілгеніне 10-15 жылдай уақыт болды. Алайда ол қағаз жүзінде қалып келеді. Жүйені түсініп, жұмыс жасап жатқандар жоқ.

Алдыңғы жылы И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжінің мамандары келіп, 15 баланы токарьлыққа дайындауға бізбен келісімге отырды. Бірақ сол оқушылар толық қатыспады. Сөйлескенімде қызығушылығы жоғын байқадым. Олардан «аға, бәрібір бұл салада жұмыс істемейміз, біз стипендия үшін оқып жүрміз» деген жауап алдым.

Сондықтан еңбекке баулуды мектеп қабырғасынан бастаған жөн. Қай мамандыққа қызығушылығы барын ескеріп, баланың да пікірімен, қабілетімен санасқан дұрыс. Амал жоқ, сол 15 балаға оқымаса да оқыды деп диплом берілді. Кейін балаларды оқытып үйреткені үшін мекеме жұмысшыларына айлық төленетін болды. Ол күніне 148 теңгеге шықты. Бұл қаржыға кім үйретеді? Біз жұмысшыларға күніне 1500 теңгеге тамағын береміз. Енді есептеп қараңыз, бір маманды даярлап шығуға қанша қаражат қажет? Кезінде осы дуальды оқыту жүйесін жан-жақты зерттемей әйтеуір қағаз жүзінде іске асырдық. Әлі де сол күйінде қалып отыр, – дейді Ж.Бекішов.

Қаржыландыру жүйесі бәсекелестік тудырады

«Атамекен» ҰКП басқарушы директоры – адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов «Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету: жай-күйі мен даму перспективалары» форумында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы білім беру бағдарламалары рейтингінің қорытындылары туралы айтқан болатын. Онда Қазақстанның жоғары оқу орындарының 2025 жылға арналған білім беру бағдарламалары рейтингінің нәтижелерін ұсынды. 

– Жоғары оқу орындарының рейтингі талапкерлерге, олардың ата-аналарына, жұмыс берушілерге және білім беру мекемелеріне ақпарат беру үшін оқу орындарының білім беру бағдарламаларын бағалау мақсатында жасалады. Биыл рейтингте 2051 білім беру бағдарламасы ескеріліп, олардың сапасы, студенттердің жетістіктері және жоғары оқу орындарының жалпы көрсеткіштері сияқты негізгі критерийлер бойынша бағаланды. Рейтингті жасауға 100-ден астам салалық сарапшы қатысып, объективтілігі мен шынайылығын қамтамасыз етті, – деді ол.

Сонымен қатар 2024 жылғы түлектерді жұмысқа орналастыру статистикасына ерекше назар аударылды. Соңғы жылдардағы жұмысқа орналасуды талдау теріс динамиканы көрсетуде. Былтыр жұмысқа орналасу деңгейі 75% құрады, бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден төмен (2023 жылы 81% және 2022 жылы 80%). Айтарлықтай өңірлік айырмашылықтар анықталған. Бұл ретте информатика, робототехника, техникалық физика және медицина саласындағы мамандарға жоғары сұраныс байқалады.

Тағы бір негізгі критерий – түлектердің орташа жалақысы. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалып, 168887 теңге болды. Сондай-ақ оқу аяқталғаннан кейін жұмыс іздеу ұзақтығы бағаланды. Орта есеппен, түлектер жұмыс іздеуіне 3,3 ай кеткен, олардың 60%-ы алғашқы үш айда жұмыс тапқан.

Білім беру бағдарламаларының рейтингі қазақстандық жоғары оқу орындарының білім сапасын қамтамасыз етудегі елеулі жетістіктерін ғана емес, ерекше назар аударуды қажет ететін бағыттарды да көрсетеді. Олардың қатарында оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеуді белсенді ілгерілету бар.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының көптен күткен жаңалығы – 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері ұлғаяды. Қолданыстағы жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес 1 студентті даярлау үшін бөлінетін қаржының орташа мөлшері 437 мың теңге болса, ол енді орташа есеппен 912 мың теңгеге жетпек. Жаңа қаржыландыру нормативі негізгі және ынталандыру бөліктерінен тұрады. Демек, бұл ретте ынталандырушы төлемдер нақты көрсеткіштерге қол жеткізген колледждерге беріледі. Жаңа қаржыландыру жүйесі – бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, білім ұйымдарын заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықтауға және педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Енді оқу орындары арасында маман даярлауда бәсекелестік болады. Өйткені, мықты маман қай оқу орнында дайындалса, соған сәйкес қаржы да еселенеді. Бізде бір мамандық бірнеше оқу орнында дайындалады. Ол оқу орнында соған сәйкес база бар ма, жоқ па, ол жағы есепке алынбайды.  Тағы бір ескерер жайт, мамандықтар лицензиясы да саралануы тиіс. Мәселен, аспаз дайындау үшін оқу орнының базасы мықты болу керек. Бірақ аспаз мамандығын оқытатын бірнеше оқу орындарының базасы лайықты жасалмаған. Сол сияқты радиотехника мамандары, тоңазытқыш жөндеушілер өтетін  тәжірибе мектептері жоқтың қасы. 

Айналып келгенде мамандық таңдауды мектеп немесе балабақшадан баулыған дұрыс екені тағы да алдымыздан шыға береді. Бұл ретте ата-ана өзінің бір кезде орындалмай қалған арманын баласына жүктеп қоймай, оның қабілетін де ескерген жөн. Қай жылдары заңгер қоғамда ең беделді маман саналды. Мектеп түлектерінің тең жартысы сол салаға бет бұрды. Ал солардың көбі кейін жұмыссыздар қатарын толықтырды. Мұндай мысалдар жетерлік.  Мәселен, елімізде оқу бітірген жастардың 60 пайызы екінші мамандық алуға құжат тапсырады екен. Демек, өз саласын таңдауда жаңылыс табатындар көп дегенді білдірсе керек.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<