Жылу маусымы: коммуналдық қызмет қысқа әзір ме?

757

0

Әне-міне дегенше күздің бірінші айын өткергелі отырмыз. Алда қазанның суығы басталады. Үйде, жұмыс орнында, қайда бас сұқсаң да сол жердің жылы болғаны жақсы. Газға қосылған ағайын үшін бұл басы артық мәселе болуы мүмкін. Дегенмен, шаһар тұрғындарының басым бөлігі күн суыса жылуға алаңдап отыратыны жасырын емес. Сол себепті биылғы жылу маусымына дайындық жайлы аз-кем ақпаратты саралап көрдік.

Бүгінде аймақтағы арнайы нысандарды жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов айтты.

Оның айтуынша, коммуналдық кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарда дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр.

– Облыстағы 1064 әлеуметтік нысанның қысқа дайындығы жақсы. Жылу беру маусымына дайындық кезеңінде 529 білім, 288 мәдениет және спорт, 247 денсаулық сақтау нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, көмір бағасын бірқалыпты ұстау үшін әкімдік пен өңірлік операторлар арасында келісім-шарт жасалды. Жалпы дайындық барысы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында, – деді  Руслан Аймырзаұлы.

Биылғы жылу беру маусымына жоспар бойынша 170 мың тоннадан аса көмір қажет болса, соның 30 мың тоннадан астамы өңірдегі әлеуметтік нысандарға қажет. Әзірге облысқа 150 мың тоннаға жуық қатты отын жеткізілген, яғни, қоймада қажетті көмірдің 84 пайызы дайын. Ал облыстағы қабылдау пунктінде көмір 14500 теңгеден жоғары саудалануда. Айта кетейік, оның ішінде «Шұбаркөл», «Қаражыра» және «Богатырь» көмірі бар.

– Аймақта 247 медициналық нысан бар. Оның ішінде 12 нысан автономдық жылу жүйесімен 18 нысан орталықтандырылған жылу жүйесімен 183 нысан қатты отынмен жүйесі (көмір), 18 нысан дизельмен және 16 нысан газбен жылытылады. Қазір осы барлық денсаулық сақтау ұйымдарына қажетті қатты отын мен сұйық отынға келісім-шарт жасалып, жеткізілді. Қысқа дайындық толық қамтамасыз етілуде, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлыбек Таукеев.

Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің баяндауынша, білім беру нысандарына қажетті сұйық және қатты отын көлемі анықталған. Бүгінде жылу маусымына тиісті қаражат бөлініп, дайындық жұмыстары жүруде.

Орайы келгенде айта кетейік, Сыр елінде заманауи үлгідегі жаңа  жылу-электр станциясы салынбақ.

Электр қуаты 240 МВт құрайтын және жылу энергиясын беретін бу-газ қондырғысы құрылысының жалпы құны 200 миллиард теңгеден асады. Бүгінде нысан құрылысын жүргізетін инвестор компания анықталған. Ауқымды жобаны түріктің «Aksa Enerjy» компаниясы іске асырады.

Айта кетерлігі, бұл – елімізде бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни, шетелдік инвесторлардың қаржысына салынатын ең ауқымды жоба. Аталған жоба қолданыстағы инфрақұрылымды қайта жаңғырту арқылы «Қызылорда жылу-электр орталығы» кәсіпорнының аумағында жүзеге асырылмақ. Құрылыс 36 айға межеленген. Сәтін салса, станция 2025 жылы ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Өз кезегінде жаңа нысан аймақтағы энергия жетіспеушілігін едәуір төмендетпек.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<