21 250 теңге автоматты түрде аударылады – Еңбек министрлігі

981

0

Қазақстан аумағында карантиннің 2 аптаға созылады. Осыған байланысты Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан айырылғандарға бір жолғы төлем алушыларға төленетін 42500 теңгеге қосымша 0,5 ең төменгі жалақы (бұдан әрі – ЕТЖ) автоматты түрде аударылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Карантин ұзартылғаннан кейін МӘСҚ-дан біржолғы төлем тағайындауға алғаш рет өтініш берген азаматтарға төлем 1,5 ЕТЖ немесе 63 750 теңге (42 500 + 21 250 теңге) мөлшерінде тағайындалады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы шілдеде карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты жұмыс істейтін қазақстандықтарға табысын толық жоғалтқан жағдайда бір ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындау жүзеге асырылады.

Жоғарыда көрсетілген төлемге азаматтардың келесі санаттары үміткер бола алады:

1) мемлекеттік заңды тұлғалардың (шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерінен басқа), сондай-ақ акциялары мен жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 100% мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың, екінші деңгейдегі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың қызметкерлерін қоспағанда, жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлер;

2) жеке кәсіпкерлер;

3) жеке практикамен айналысатын адамдар;

4) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар;

5) бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар.

Естеріңізге сала кетейік, 30 шілде сағат 9.00-дегі жағдай бойынша азаматтардан МӘСҚ-дан біржолғы төлем тағайындауға 2,3 млн-нан астам өтініш қабылданған.

Төлем 2 млн 80 мың адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 2 млн 58 мың қазақстандыққа аударылды.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<