Әйелдің құқын қорға, халін түзе!

1789

0

Ұлы Мұхтар Әуезов «…Әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе» депті жиырмасыншы ғасырда. Жазушының «әйелдің халін түзе» деген сөзі бүгінгі күні де өзекті болып тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында «Мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі – ана мен баланы қолдау» деді. Бүгінде елімізде еңбек саласындағы ең бір өзекті мәселелердің бірі – гендерлік алшақтық. Ерлерге қарағанда әйелдердің еңбек нарығына шығып, жұмыс табуы өте қиын. Дереккөздерге сүйенсек, 2020 жылы әлемдік жұмыс күшінің құрамында әйелдер үлесі 45 %-ке жуық болған. Бұл ерлер арасындағы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 27% төмен. Мұның басты себебі – әлемдегі әйелдердің жартысы жұмыс күші құрамынан тысқары қалып отыр. Дерек әйелдердің еңбек нарығына араласуына ықпал ету қажеттілігін көрсетеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Халықаралық еңбек ұйымы қатысушы-мемлекеттерді осы жағдайды лайықты шешу үшін мәселеге ерекше назар аударуға шақырған.

Қазақстанда әйелдердің мүддесі, отбасы мен гендерлік теңдік мәселелері кезең-кезең бойынша шешімін тауып жатқанымен, әйелдерді еңбекпен қамту мәселесі әлі де өзекті. Елімізде заңға сәйкес ерлер мен әйелдерге еңбек қатынастары саласында тең құқықтар мен тең мүмкіндіктерге кепілдік беріледі. Дегенмен жұмысқа қабылдау кезінде жынысы, жасы және отбасылық жағдайы бойынша кемсітушілік әлі де бар. Еңбек шартын жасасу кезінде заңнаманы бұзу жағдайлары жиі кездеседі. Жұмысқа жалдау, кадрлардың өсуі, еңбекке ақы төлеуді белгілеу кезінде ер адамдарға артықшылық ұсынатын жұмыс берушілер бар. Бұл психологиялық қысым еңбек нарығындағы әйелдердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді, әсіресе жас балалары болған кезде оны жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін азайтады. Жас әйелдер жұмыссыздығы ұзаққа созылады және құқықтық осалдық танытуына әкеледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында:

− Әйелдер ер адамдарға қарағанда көбінесе бала күтімі бойынша жұмыс пен міндеттерді біріктіруге мәжбүр. Егер әйел декреттік демалыс алса, ол кәсіби дағдылары мен құзыреттілігін жоғалтады. Нәтижесінде, әйелдер еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болады, − деді.

Расымен декреттік демалыстан келген әйелдің біліктілігін арттырып, құзыреттілігін жоғарылатуға басшылар құлықсыз. Жұмыс істейтін, отбасылық міндеттері бар әйелдерге әлеуметтік кепілдіктерді күшейту қажет. Жүктілікке және бала тууға байланысты демалыс беруді реттейтін Еңбек кодексіне сәйкес жұмыскерлерге жүктілікке және бала тууға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты демалыстар беріледі. Бұл заңның 99-бабында реттелген. Сонымен қатар, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес жүкті әйелдердің жұмыс уақыты режимінің, жүктілікке және босануға байланысты демалыстың, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыстың және жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың еңбек жағдайларының, жұмыс орны, лауазымы және орташа жалақысы сақтала отырып, жүктілікке байланысты он екі аптаға дейін зерттеп-қаралуға және медициналық есепке қоюға жұмыс берушінің уақыт беруіне құқығы бар. Бұл мәселе Еңбек кодексінде де айқындалған.

− Ең қиыны − жалғызбасты ата-аналар, олардың балаларына тиісті бақылауды ұйымдастыру қиынға соғады. Олар үшін ерекше еңбек жағдайларын жасау қажет. Жалғызбасты ата-аналардың қашықтан жұмыс істеу және қысқартылған жұмыс режимі құқығын заңнамалық деңгейде қарастырған жөн. Дамыған елдерде ірі компаниялар өз кеңселерінде балалар бөлмелерін ашуда. Мұндай тәжірибе бізде де қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Ол үшін осы санаттағы қызметкерлердің мүдделерін ескеретін еңбек режимін реттеудің тиімді тетіктерін енгізу қажет. Бұл ретте еңбек процестерінің үздіксіздігін қамтамасыз ету маңызды, − деді Президент.

Пандемия уақытында қашықтан жұмыс істеу форматы жағдайдан шығудың оңтайлы жолы болды. Алайда, бұрын жұмыскер мен жұмыс берушінің өзара іс-қимылының қашықтан басқару форматы ҚР ЕК-нің бір ғана бабымен реттелгенін ескерсек, формат ерекшеліктерін дұрыс түсінбей, жиі қиындықтар туындады. Қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтары бұзылып, жұмыстан тыс уақытта қолжетімділік және еңбекке ақы төлеу мәселелері дұрыс орындалмаған. Осыған орай облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Жапақов мысал келтірді.

− Әйелдердің еңбек құқықтарының сақталуы бойынша жоспардан тыс тексеру, бақылау және қадағалау тұрақты жүргізіліп келеді. ҚР Еңбек кодексінің 26-бабында еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға салынатын тыйымдар және қойылатын шектеулер белгіленген. Атап айтқанда, осы баптың 2-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, әйелдерге ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарға орналасуға жол берілмейді. «Аралтұз» АҚ-да жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргіздік. Зауыттың №2 және №4 цехтарында дайын өнімді қаптау жұмыстарын атқаратын 84 әйел салмағы 30 келі тұзды көтерген. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімі, әйелдердің ауыр заттарды қолмен көтеруінің және жылжытуының шекті нормаларын бекіткен.  Онда жүктің шекті салмағы – 10 келі, жұмыс ауысымы үшін – 7 келі. Мемлекеттік еңбек инспекторы  жұмыс берушіге нұсқама беріп, зауыт цехтарына қап ұстағыш қондырғылары орнатылды.

Статистика мәліметіне сәйкес, елімізде әйелдердің 87,6 мыңы санитарлық-гигиеналық талаптарға мүлдем сай емес жағдайда жұмыс істеген. Олардың 21%-і (18,4 мың адам) шаң-тозаң мен газ иісі шығатын ортада еңбек еткен. Жұмыс беруші жүкті әйелді орташа жалақысынан төмен емес ақы төлей отырып, зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсері тимейтін басқа жұмысқа ауыстыруға міндетті. Басқа жұмыс берілгенге дейін ол орташа жалақысы сақтала отырып, жұмысты орындаудан босатылуы керек.

− Әйелдер қауымдастықтары, бірлестіктері, комиссиялары және т.б. ұйымдар тарапынан республикадағы еңбекке ақы төлеудің ең төменгі мөлшерін арттыру туралы  тиісті орындарға ұсынымдар беру қажет. Жалақыны жыл сайын міндетті индекстеуді заңнамалық қамтамасыз етуді ұсынған жөн. Жұмыс орындарында  жалақы төлемдері бойынша берешекті жоюды талап ету керек. Әлеуметтік қорғау саласында  еңбек етуші әйелдерге, келісімдерде, ұжымдық шарттарда отбасылық міндеттері бар адамдарға қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер белгілеуге одан әрі қол жеткізу қажет. Алдымызда отбасылық міндеттері бар адамдарды жұмысқа қабылдауда жұмыс берушілердің экономикалық мүдделілігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдау туралы  тиісті орындарға ұсынымдар жасау міндеті тұр. Гендерлік аспектіні ескере отырып, еңбек заңнамасының орындалуын бақылауды күшейткен дұрыс, − деді облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы, облыстық кәсіподақтардың жұмыскер әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрағасы Майра Боранбаева.

Статистиканы сөйлетсек, Қазақстанда жұмыссыз әйелдер тұрғындардың 5,4%-ін (ерлерде 4,4) құрайды. Еңбекақыдағы алшақтық 32,2% құрайды. Бұл әйелдердің еңбек құқығын қорғап, қоғамда белсенді қызмет етуіне қолдау қажет деген сөз. Сіз не дейсіз оқырман?

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<