Әлемнің жарығын сыйлаған

5

0

Баласы үшін ананың орны бө­лек. Есейіп кетсек те, анаға біз мәңгі сәби екеніміз рас. Ана­мыз­дың дүниеден өткеніне 60 жылға жуық уақыт болса да, бала көңіл анамызды аңсап, сағынып тұрады.

Әкеміз көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тәкей Есетов – Қазалы ауданының тумасы. Ал­ғашқы еңбек жолын 1941 жылы аудандағы сауатсыздықты жою курсында сабақ беріп, халық соты­ның жауапты хатшысы қызметі­нен бастаған ол 1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Жас жауынгер Ленинград майданында Лодога көлі үшін болған қанды шайқаста ауыр жараланып, елге қайтады. Туған ауданында жауап­ты қызметтер атқарған әкеміз сол 1943 жылы анамыз Құралай Кәрі­байқызымен отау құрады. Иә, Құ­ралай анамыз болашақ жары өзіне тұңғыш рет сөз салғанда мүлде жас екен. Отбасының тәлім-тәрбиесін, қызға тән ұлттық бітім-болмысын өн бойына молынан сіңірген бой­жеткен майдангер жігіттің сезімін сыпайы қабылдайды. Ол кезде әке­міз бар болғаны жиырма үш, өзі он сегіз жаста болыпты. Кейін екеуі балалы-шағалы болып, қоғам жұмысына белсене араласады. От­басы тіршілігі, қызметтегі қарбалас сәттермен қатар Қазалы жақтағы төркін жұртымен де хабарласуды ұмытпайды екен.

Кәрібай ақсақал заманында та­сы өрге домалаған, ел билеген кі­сі еді. Патшалық Ресей тұсында он сегіз жасынан бастап елу төрт жас­қа дейін атақты болыс болып атқа мінген ауызы дуалы, сөзі уәлі ақсүйек адам болған көрінеді. Бұл кісінің қосағы Күміс әже екеуінен Бекайдар есімді ұл және Маржан, Құралай атты екі қыз бала тарайды. Анамыз Құралай 1925 жылы туған. Өкінішке орай әкелері Кәрібай бо­лыс сталиндік қуғын-сүргін жыл­да­ры ұсталып, абақтыда қай­тыс болады. Ал, Күміс әже 1967 жылы дүниеден озады. Атажұрт­тары – Қазалы ауданының осы күнгі «Өр­кендеу» елді мекені.

Анамыз Құралай Қазалы аудан­дық білім бөлімінде қарапайым есеп­ші болса, Ленинград қаласы­нан жоғары оқу орнын үздік тәмам­дап, елге оралған әкеміз екеуі 1955 жылы қызмет бабымен көршілес Арал қаласына қоныс аударады. Әкеміз Тәкей Есетов аудандық қар­жы бөлімінің басшысы, анамыз Құралай Кәрібайқызы қаладағы №13 орта мектепте мұғалім болып қызметке орналасады. Қолдарында Жүсіпбек, Қайырбек, Әділбек есім­ді жас балалары бар отбасы осы жерде өсіп-өнеді. Болашақ қай­рат­кер аупарткомда бөлім меңге­ру­шісі, хатшы қызметін қалтқысыз ат­қарып, жағалау жұртының сені­міне бөленеді, шексіз құрметке ие болады.

Анамыз қызметте қандай тия­нақты болса, үй шаруасында да сон­дай ұқыпты болады. Араға жылдар салып, Еркінбек есімді інім, Айгүл есімді қарындасым дүниеге келіп, шаңырағымыздың керегесі кеңи түседі. Анамыз жұбайының қарт анасы мен бес баласына мейірімін аямай төгеді.

Жақсы әйел – жанұяның шам­шырағы, ерінің жанашыры, ай­ны­­мас ақылшысы. Кіші жүздің әй­­гілі биі Әйтеке бабамыз бұл жа­йында «Ниеті жаманның иманы кетер, әйелі жаманның мейманы кетер, Алланың сүйгені – азан, ха­лықтың сүйгені – қазан» деген екен. Құралай анамыз мәдениетті, қо­нақжай әйел болады. Оның кең дастарқанынан заманында ел би­леген басшы да, зиялы қауым өкіл­­дері де, қарапайым малшы мен балықшы да дәм татқан еді. «Әйел қырық шырақты» деген ұл­ты­мыздың ұғымымен ұйысқан мә­тел Құралай ана туралы қолдағы деректерге көз жүгіртіп отырғанда ойыңа ой, ақылыңа ақыл қосқандай болады. Ол осындай әйел аналарға байланысты айтылған айшықты мәтелге лайықты жан еді.

Сол кездегі ел ағаларының бірі – облыстық партия комитетінің бі­рінші хатшысы Сәлімгерей Тоқта­мысовқа Аралдан обкомға бөлім меңгерушісі қызметіне ауысқан әкеміз жаңажылдық дастарқаннан дәм татуға қолқа салады. Бұл 1962 жылдың жаңа жылы болатын. Тап сол күні осынау мерекемен қабат перзентханада жатқан анамыз қыз бала босанып, қуанышты ха­бар дас­тарқан басында отырған мәр­тебелі қонақтың құлағына шалы­нады. «Адамзат баласы айға ұшып жатқан дәуірде дүниеге келген сә­бидің есімі Айгүл болсын» деген қонақтың ұсынысын әулеттің үл­кен-кішісі зор ризашылықпен қа­былдайды. Сол Айгүл қарын­дасы­мыз талай жыл елшілік қыз­метте болған жұбайы Бақыт Арыс­тан­ов­пен қазір Астана қала­сында тұрады. Балалы-шағалы қарын­дасымыз не­мерелерінің сүйікті әжесі де. Іні­міз Еркінбек те – үйлі-баранды, Қызылорда қаласының байырғы тұрғыны. Біз ағам Қа­йырбек екеу­міз Арал қаласында құр­метті де­ма­лыстамыз. Бүгінгі кү­ні ауыл ақ­сақалына айналдық.

Ағам Қайырбек Тәкейұлы мар­құм анамыз Құралай Кә­рі­­бай­­қызының қазақ әйеліне тән биязы, мейірімді адам болға­нын сағынышпен еске алады: «Әкем­нің ол кездері Арал аупарт­комы­ның бірінші хатшылығына таға­йын­далғанына жыл өткен. 1966 жылғы қыс айының бірінде әкем, анам, мен және қарындасым Айгүл бәріміз сол кездегі астанамыз Алматы қа­ласына бардық. Бұл – әкемнің Қа­зақстан Компартиясының кезекті съезіне барған сапары болатын. Бізді Д.Қонаевтың көмекшісі Дүй­сетай Бекежанов күтіп алды. Сол сапарда Димаш Ахметұлының от­басында қонақта болдық». Ана­мыз қайтыс болғаннан кейін 1969 жылы Сыр бойына жасаған ресми сапарында Д.Қонаев Аралға ар­найы атбасын бұрып, отбасына кө­ңіл қосын білдірген болатын.

Қайырбек ағам әңгіме арасында анамыз туралы тағы бір жайттарды еске түсіріп: «Аралдағы №13 мек­тепте әуелі есепші болған анамыз Н.Гоголь атындағы пединс­ти­тут­­тың түлегі еді. Әкеміз бірер жыл обкомда қызмет атқарғанда анам Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұ­­­рат­баев атындағы мектепте шә­­кірт­терге тарих пәнінен дәріс берген. Анам ауырып жатқан­да Д.Қо­наев­тың жұбайы Зуһра Шә­ріп­қызы Ал­матыдағы ауруханаға көңілін сұрай келгені әлі күнге көз ал­дым­да», – дейді.

Анамыздың руы Жиенейдің Қабаны. Ауылының аты бұрын Жан­кент, одан №6 ауыл, қазір Өр­кендеу. Нағашы әжеміз Күміс – Төртқараның Матайы. Аштықты да, жоқшылықты да көп көрген кі­сілер. Әжеміз өзінен үш, бәй­бі­шелерден сегіз баланы өзі бағып-қағып жеткізіпті. Өткен жылдары Қайырбек ағам екеуміз жиендеріміз бен бала-шағамызды ертіп, әжеміз­дің басына барып, зиярат етіп қа­йттық. Анамыздың апасы Мар­жан 1971 жылы Қызылорда қаласын­дағы Шара деген қызының қолында қайтыс болды.

Ғасырдан астам уақыт бұрын ақ қағазға түскен ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Адамдық не­гізі – әйел» деген асыл сөзі осын­дайда ойға оралады. Өйткені әйел – тіршілік көзі, жер бетіндегі ша­пағат, рахым, адалдық нұрының бастауы да. Көзі тірісінде жүрегіне имандылық ұя салған абзал ана­мыз Құралай Кә­рібайқызы от­басы, ошақ қасын­дағы емес, жан-жақты адам бола­тын. Бі­рін-бірі та­нып, тауып қосыл­ған екі жақ­сы­ның шарапаты балала­рына да, бас­қа­ларға да жұғысты болса керек.

Анамыз жасында ерке, ат жа­лында ойнаған шабандоз, бірбет­кей болып өсіпті. Марқұм ағам Жү­сіпбекті Есеттің, екінші ағам Қа­йырбекті ата-анамыздың баласы деп есептейтін. Мені жас кезімде, нағашы әжем Күмістің қолында өс­кендіктін, солардың баласы дей­тін. Еркінбекті өз әжеміздің ба­ла­сы, Айгүлді бәріне ортақ деп атай­тынбыз. Бұл күндері біздің мәңгілік сағынышымызға айналған абзал анамыз мейлінше сабырлы, байсалды адам болатын.

Аяулы анамыз 1968 жылы қараша айында 43 жасында мәң­гілік мекеніне оралды. Мен екі ана­­ны тел емген бақытты жанмын. Өт­кен жылы сүйікті анамыздың туғанына 100 жыл болған еді…

Әділбек ЕСЕТОВ