Алғыс айту философиясы

4626

0

Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған күн. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.

Бұл күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. «Алғыс айту күні» – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.

Мереке алғаш енгізілгенде әркімнің түрлі күй кешкенін байқағанымыз бар. Зұлмат жылдардың зардабын шеккен көнекөз қарияның жүзі жадырай елең ете қалып, іле ауыр күрсініп, тұңғиық ойға батқанын көрдік. «Жөн екен» деді бар болғаны. Ашылып ештеңе айта қоймады,  бәлкім сол жылдардан бойына сіңген әдеті болар.

Аға ұрпақтың ол заман туралы сараң әңгімесіне құлақ түре жүріп, кеңес дәуірінің оқулықтарындағы ел тарихы туралы ақпаратты өз ізденістерімен толықтырып өскен азаматтардың көңіл түкпірінде жүрген бір арманы орындалғандай, көздерінде жігер оты ойнап, айналасына еңсесін тіктей қараған бейнелері де көз алдымызда. Ойлы, саналы азамат үшін бұл қажеттігі ешқандай дәлелдеуді талап етпейтін, барша қазақстандықтарға түсінікті мереке еді.

Елімізді мекендеген этнос өкілдері, кешегі қуғын-сүргінді бастан кешкендердің ұрпақтары, әсіресе қазақ жеріне бала да болса, ес біліп, етек жапқан жаста келгендер, бастамаға бірауыздан қолдау білдіріп, өз пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап жатты.

Әсіресе сол жылы барлық телеарналар жарыса көрсеткен «Ризамын, елім, саған!» атты бейнероликте күрд халқының ақсақалы, академик Нәдір Нәдіровтің, шешен-ингуш халқының бетке ұстар азаматы, Мәжіліс депутаты Мұрад Ахмедовтің, балқар халқының қайраткер қызы Людмила Хочиеваның, түрік ағайындардан шыққан белсенді кәсіпкер Аскер Пириевтің, грек халқының өнерпаз өкілі Лаки Кесоглудың:

– Қамқалы тонын кигізіп,

Ас-суын алдан тосқаны үшін.

Тіліміз бен ділімізді сақтап,

Қатарға қосқаны үшін,

Ризамыз қазақ халқына! – деген сөздері тыңдаған адамды бейжай қалдырмайтын, жүректен шығып, жүрекке жететін сөздер еді.

Ғалымдар «Алғыс айту» күнін тарих ақтаңдақтарын ашу үшін аса қажет шара деп, ал ұстаздар қауымы жастардың бойына адамгершілік, қайырымдылық, туған жерді сүю, еліңнің ізгі қасиеттерін біліп, бағалау қасиеттерін сіңіретін мереке екенін айтады.

Дегенмен мереке мәнін түсінбеген, оның пайда болуына іші тарыла пікір айтқандар да бар.

Жалпы, іштарлықтарын жасыра алмай даурығатын, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» адамдар қай кезде де, қандай қоғамда да болған. Ондайларға байланысты да қазекем «ит үреді, керуен көшеді» деп кеңдік танытқан. Дегенмен тап осы жолы кеңдік танытудың жөні жоқ деген ойдамын.

Керісінше, қоғамда, әсіресе жастар арасында, оның ішінде ата-әжелері тоталитарлық саясаттың шыбыртқысы тарының қауызына тыққандай күй кештіргенде кең құшағына алған жер туралы, өздері аш-жалаңаш отырса да, жер иесі екендігін ұмытпай, айдалып келгендерге бала-шағасы талғажау етіп отырған қара көжесі мен қатқан нанын бөліп берген халыққа алғыс айтуды артық көретіндер үшін (өкінішке қарай, ондайлар бар екен) кең ауқымды түсіндіру науқанын өткізген жөн болар.

Кейбір жандардың мерекені көпсінуі, бәлкім, оның ел күнтізбесіне енді ғана енуімен немесе бұл күннің белгіленуіне себепші болған жайлардан хабарының жоқтығына байланысты шығар. Немесе алғыс айту, ризашылық білдіру салты адамзаттың өсіп-өркендеуімен бірге келе жатқанын, қасиетті кітаптардың бәрінде жазылғанын білмеуінен де болуы мүмкін.

Құранның Лұқман сүресіндегі Алла тағаланың: «… Маған деген шүкірлерің мен адамдарға деген алғыстарың үшін сендерді сыйға бөлеймін» деген үкімінен тәубе мен алғыс үшін екі дүниеде жақсылық бар екендігін ұғуға болады. Пайғамбарымыздың өз хадистерінде «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» (Тирмизи, Бирр (жақсылық), 35; Әбу Дәуіт, «Әдеп», 11) дегенінің де терең тағылымы бар.

Құлаққа сіңген «Жоқтан бар болмайды» дегенді ескеріп, мұндай мереке бар ма екен, болса қандай екен деп басқа елдерді зерделедік. Атаулары әртүрлі болғанымен, түпкі мағынасы туыстас мерекелердің пайда болу тарихына үңілсек, ұқсастық та, айырмашылық та табуға болады.

Айталық Америкада аталып өтетін ризашылық білдіру күнінің (День благодарения) мерекеленуі Рождестводан немесе Жаңа жылдан кем түспейді.

Америка құрлығын отарлаушылар 1621 жылы қаһарлы қыстың құрсауында қалып, аштыққа ұшырайды. Сонда жергілікті үндістер аяушылық танытып, бірнеше күркетауық әкеп, оларды тамақтандырады. Мұны айналадағы басқалар да қоштап, бұл дүйім жұрттың қаһарлы қыстан аман-есен өтуіне себепші болған деседі. Сол кезден бастап бұл күн аман-есен қалғандары үшін Жаратушыға құлшылық ету және көмек қолын созғандарға ризашылық білдіру күні ретінде аталып өтеді. 1789 жылы Джордж Вашингтон ризашылық білдіру күнін «Ұлттық мереке» деп жариялайды.

Қазір бұл мерекеге мемлекет деңгейінде, әр отбасында мұқият дайындалады, көшелерде шеру өткізіліп, үйде дәстүрлі тағамдар, солардың ішінде, міндетті түрде күркетауық қойылуы халықтың өткен жолын, тарихын ұмытпағанын, аштықтан аман алып қалғандарға ризашылығын білдіруін көрсетеді.

Израиль елінде негізгі мақсаты Құдайға құлшылық етіп, мол астық бергеніне ризашылық білдіру болып табылатын Астық ору мерекесі бар. Оның идеясы – күздің соңына қарай мол астық беріп, Израиль халқына қамқорлық жасағаны үшін Жаратушыға ризашылық білдіру. Бұл мерекенің мәні еврейлерге бағыштала отырып, Библияда да жазылған.

Сталиндік режим кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтары, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасы қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда қазақтар ғана тұратын, қабылдаған да солар болды. Өздері де мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды саман үйлерінде қабылдады.

Қазақ халқы үшін, қиналғандарға қамқорлығын аямайтын, жасаған жақсылығын сатпайтын, құшағына алған қанша жұрт қайырымдылығын айтып, тәу етіп жатса масаттанбайтын халқымыз үшін бұл басқа елдерде бар болғандықтан белгіленген мереке емес, бұл – қажеттілігін уақыттың өзі талап еткен, ХХ ғасырдың зұлматы қайталанбауы үшін оны бастан кешкен халықтар жадысын жаңғырту мақсатында пайда болған мереке. Мерекенің басты мақсатының бірі өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникааралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту. Әрине мереке біздің менталитетке сай емес деушілер табылар. Дегенмен, жылдың бір күнінде не үшін рахмет айту керек екенімізді ойлана жүрсек артық етпейтін секілді. Көптеген адамдар материалдық жағынан толық қамтамасыз етілсе де, алғыс айта білмегені үшін рухани кедей болып қалып жатыр.

Қай діннің қасиетті кітабын алсақ та, ұлы Жаратушы адамдар әлдебір жайларды жүректері ризашылық сезімге толып еске алулары үшін белгілі бір оқиғаларды мереке ретінде атап өтуге үкім етеді. Сондықтан жылына бір рет барша қазақстандық осы өмірде жер басып жүргеніміз үшін, ұрпағымыз алдыңғы толқын көрген тақсыретті көрмей өсіп жатқаны үшін, әулетіміз өскені үшін, таңымыз уайымсыз атқаны үшін алғыс айтуымыз керек деп ойлаймын.

Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<