Басқару – билік ету емес, міндетті орындау

351

0

Фото: Ақорда

Ел үмітін үкілеп, сенімін сергітер уақыт көшінің және бір биік белесі тағы да Сыр жұртшылығына жақсылықтың жаршысы болды десек жарасады! Аймақ халқының аманатын арқалаған Қызылорда облысының әкімі бүгін Мемлекет басшысына өңірде атқарылған жұмыстарды баяндады.

Көне грек философы Посидонийдің «Басқару билік етуді емес, міндетті орындауды білдіреді» деген ұлағаты бүгінгі күнге жетті. Бұл сөздің мәні зор, мағынасы терең. Философтың тағылымын таразылап, халық алдындағы ұлы міндетті орындауға ұмтылып, өтпеліден арылып, өміршеңді орнықтыру үшін қабілет-қарымын сарқа жұмсап, тарихта аты қалған азаматтар қаншама? Өткеннен тәлім іздесек, ұлтымызда ондай тұлғалар мыңдап саналады. Расында, Қаратау мен Аралдың аралығындағы ел-жұрттың жадында да қайраткер тұлғалардың өзіндік жолы жаңғырып жатыр.

Біз арыға кетпей-ақ, қазіргі кезге тоқталатын болсақ, Алаштың анасы атанған Қызылорда облысы жаңғыру, жаңару кезеңін бастан өткізуде. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев өткеннен тағылым алып, бүгінгі күннің міндеттерін терең түсініп, келешек үшін аянбай еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өмірін жаңа белеске көтеруге бар күш-жігерін салып жүр.

Мұндай іргелі істер, байыпты бастамалар туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Сырда ел игілігі үшін атқарылған жұмыстарды баяндап, есеп бергенде қаныға түстік.

Қазір Қызылорда облысы орнықты даму индикаторлары бойынша жоғары көрсеткіштерге ие. Депутат әріптестерімізбен бірге аудандарды аралап, халықпен етене жақын тілдесіп, қарқын алған игілікті істерге куә болып жүрміз. Шыны керек, Сыр жұрты атқарылып жатқан істерге жоғары бағасын беріп отыр. Біз осы бағыттағы бастамаларды облыстың он бір озық ісіне біріктіріп, талдағанды жөн көрдік.

Біріншіден, жол – экономиканың күретамыры, қауіпсіз қарым-қатынастың діңгегі. Ұлы Дала еліндегі жүздеген шаһар мен мыңдаған керуен сарайдың өркендеуіне негіз болған Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыстың, Еуропа пен Азияның арасын жалғап, ұлыстар пен ұлттардың тіршілігіне қан жүгіртті.

Бүгінде қос құрлықтың арасын жалғайтын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолы теңіз жолына қарағанда 15-20 күн уақытты қысқартатын іргелі жоба. Бұл тауардың өзіндік құнына, сапасына әсер етеді. Сондықтан теңіз жолына қарағанда құрлық жолың таңдайтындар көбейіп келеді. Бізге осы күрежолдың экономикалық потенциялын мейлінше пайдаланып, жол бойындағы сервистік орталықтарды дамыту маңызды міндет. Бірақ, Қызылорда-Ақтөбе бағытындағы жолдың сапасы бұған толық жауап бере алмай келген-ді.

Осы күрделі істің маңызы мен міндетін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев терең түсініп, екі жолдың мәселесін оң шешуге тапсырма берді. Сөйтіп, Қызылорда-Ақтөбе жолын 1-ші санатты жолға айналдыру жұмысы қолға алынды. Бұл – жол-көлік жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы (350 млн тг) жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді (жоба құны шамамен 1,2 трлн.теңге). Бұл жұмыстарды облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы тиімді ұйымдастырып жатқанын көріп отырмыз.

Екіншіден, елдің саяси орталығы – Астана қаласына жол арқылы жетудің қиындығы аз емес. Егер Түркістан, Жамбыл облыстары арқылы баратын болсақ, жолдың ұзындығы 1000 шақырымға дейін ұзарады. Ал, Ұлытау облысы арқылы жол азабын бір адамдай тартушы едік. Мұның бәрі ел орталығымен байланысты қиындатып келгені белгілі. Мемлекет басшысының пәрменімен бұл бастама да маңызды деп танылып, Қызылорда-Жезқазған автожолының облысқа қарайтын аумағында күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алды. Бүгінде облыс аумағындағы 216 шақырым жолдың 151 шақырымы пайдалануға берілді. Жоба биыл толығымен аяқталады. Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Біз аудандарды аралағанда осыған куә болдық. Облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі биылғы жылы 92 пайыздан әрі өсіп, 95 пайыздан асары соның дәлелі. Бұл ауыл тұрғындарының облыс орталығымен, одан әрі өзге өңірлермен қарым-қатынас байланысын жақсартары сөзсіз.

Үшіншіден, Қызылорда қаласындағы көқабатты тұрғын үйлердің 50 пайыздан астамына ыстық су қысы-жазы берілуде. Бағалай білсек, бұл – Қызылорда қаласы халқының талай жылғы арманына айналған, аймақ тарихындағы ең іргелі істің бірі биыл толығымен аяқталады. Бұл – қала тұрғындарының денсаулығына оң әсер етіп, жайлы өмір сыйлайтын жақсы бастаманың бірі деп білемін.

Жалпы, халықтың өмір сүру деңгейіне ауыз судың сапасы, газдандыру және тағы басқасы әсер етеді. Облыс көлемінде газдандыру және орталық ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізіліп жатқанын көріп, біліп отырмыз. Бұл бастамалар ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты қысқартып, жергілікті халыққа жайлы өмір салтын қамтамасыз ететін болады. Өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші – 98,6 пайызға жетті. Ендігі мақсат – 2025 жылы барлық елді мекенді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету.

«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры артырып, аудан орталықтары мен елді мекендерге көгілдір отын жетті. Бүгінде өңірдің газбен қамту деңгейі – 78 пайызды құрайды. Биыл 83 пайызға дейін жеткізу жоспаланып отыр. Бұл да орындалатын міндет деп білеміз.

Төртіншіден, Нұрлыбек Машбекұлы мәмілегерлік қабілетімен де ерекшеленді. Өңірдің негізгі капиталына 640 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда өсім 21,7 пайызды құрады (республиканың орташа көрсеткішінен 14 пайызға жоғары (ҚР – 107,5%). Жеке инвестициялар үлесі – 70,5 пайызды құрап, тікелей шетелдік инвестиция – 171 млн АҚШ долларға жетті. Өсім – 16,6 пайыз.

2024 жылы 37 млрд теңгеге 21 инвестициялық жоба іске қосылыпты. Биыл 275 млрд. теңгеге 24 жаңа жоба (құрылыс саласы – 3, тамақ өнеркәсібі – 8 жоба, энергетика – 6, қағаз өндірісі – 2, ТБО – 2, сервис – 1, сауда – 1, машина жасау – 1) іске қосылады екен.

Шет елдердің ірі компаниялары Қызылорда облысына инвестиция салуға ынталы екенін көрсетуде. Мәселен, Түркияның қатысуымен Жылу электр станциясы салынуда. Бұл – өз кезегінде облысты толық электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, тіпті, артығын сыртқа шығаруға жол ашады. Бастысы, өткен ғасырдың 70-80 жылдары тартылған электр желілері кезең-кезеңімен жөндеуден өтіп, нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 66 пайыздан 62 пайызға төмендеді.

Биылғы қыркүйекте Түркиялық инвестор қуаты 240 мегаваттық жаңа жылу электр орталығын пайдалануға береді. 2023 жылы өткен Қазақстан-Германия, Қазақстан-Корея форумдары аясында қол қойылған меморандумға сәйкес, «Хорн» неміс технологиясы бойынша шыны бөтелкесін шығаратын, кореялық «Уиз Ю» компаниясымен тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін зауыттың құрылысы басталады. Президенттің экономиканы әртараптандыру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында аймақта 141 мегаватты құрайтын 4 күн және 1 жел электрстанциялары іске қосылады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Қатар мемлекетіне жасаған іссапары нәтижесінде өңірде құны 800 млрд. теңгені құрайтын қуаттылығы 1 мың 100 мегаваттық бу-газ қондырғысының жобасы жүзеге асады. Қазір оған өңірден 280 гектар жер телімі беріліп, техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде.

Бесіншіден, кез келген мемлекетке немесе қалаға баратын негізгі төрт қақпа болады. Бірінші – әуе жолы, екінші – автожол, үшінші – темір жол, төртінші – су жолы. Біздің облыста алғашқы үшеуі арқылы қонақтарды қабылдау үдерісі жақсара түседі. Өздеріңіз білетіндей, облыс орталығына 300 жаңа автобус алынып, қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешілді. «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайы жаңа терминалының құрылысы аяқталып, 8-10 мың адамды қабылдайтын заманауи автобекет бой көтеріп, темір жол вокзалы қайта жаңғырды. Соның салдарынан сапалы коммуникациялық желілері дамып, облысқа келіп-кететін қонақтар саны артып, туристік орталықтардың танымал бола бастайтыны белгілі.

Алтыншыдан, мұнай қорлары сарқылуына байланысты аймақ басшылығының алдында оның жаңа көздерін іздестіру және шағын және орта бизнесті дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру міндеті тұрғаны анық. Сөзбен айтқанда оңай көрінгенімен, үлкен ізденісті, қажырлы еңбекті қажет ететінін түсінуіміз керек. Бұл бағытта да мақтанарлық жобалар аз емес екен. Облыс бойынша өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу өнеркәсібі тұрақты даму динамикасына ие. Тіпті өңірлер арасындағы 11-ші позициядан алдыңғы қатарға көтерілуі бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды дәйектейді.

Жалпы өңірлік өнімнің көлемі 3 трлн. 200 млрд. теңгеге жетіп, өсім 6,3 пайызды құрады. Облыс бюджеті 2022 жылы 364 миллиард теңгені құраса, 2024 жылы 750 млрд.теңгеден асты. Бұл – облыста бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Бұл – тұтастай Сыр өңірінің қарқынды дамуын айқындайтын көрсеткіш.

Жетіншіден, әрбір адамның бір арманы – баспаналы болу. Баспанасы бар адам өз-өзіне сенімді болады, әрі сапасы жұмыс істейді. Сондықтан озық елдер елдің әл-ауқатын арттырудың бір өлшемшарты ретінде инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға басымдық береді. Осы тұрғыдан алатын болсақ, біздің облыс құрылыс алаңына айналды десек те болады.

Сырдағы құрылыс жұмыстарының көлемі республика бойынша орташа көрсеткіштен 41 пайызға артты (ҚР – 113,1%, Қызылорда – 153,8%). Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 2 мың 500-ден астам пәтер табысталды. Аймақта жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Өткен жылы 69 жаңа ғимараттар салынып (білім – 25, денсаулық сақтау – 16, мәдениет – 11, спорт – 17), пайдалануға берілді.

Сегізіншіден, экономикалық серпілістің артында рухани-мәдени игіліктер тұратынын жақсы білеміз. Мәдениетті, білімді, бәсекеге қабілетті адамдар ғана келешек тудырған міндеттерді танып, біліп, сезіп, соған сай еңбек етеді. Осыдан-ақ рухани-мәдени салаға дем берудің маңызын түсінуге болады. Өткен жылы облыс көлемінде «Руханият» жылы деп жарияланып, осы саланың дамуына ерекше серпін берілді. Оған облыс орталығында Өнер орталығы, Анаға тазғым және Отбасы орталығы ашылуы дәлел болады. Оған Жыраулар үйі, музыкалық колледж, Оқушылар сарайын және облыстық тарихи-өлкетану музейін қосыңыз. Басқа облыстардан ерекшелейтін «Шығармашылық академиясы» да біздің руханият-мәдениет саласындағы бір артықшылығымыз болғалы тұр. «Жастар театры» қайта құрылып, «Арман» инклюзивті театры үйірмесі іске қосылып, әдебиет, өнер саласының қызметкерінің еңбегін бағалап, мерейін арттыратын «Тұран» сыйлығы көпті қуанта бастады.

Аудан орталықтарында неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйін біріктіретін «Руханият» орталықтары тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге, ұрпақтар сабақтастығын жалғауда септігі тиетіні анық. Біз жуырда ғана елге барған іссапарымызда мұндай заманауи орталықтардың бірінің ашылуын Шиелі кентінен көріп, таңғалғанымыз рас! Осындай ауқымды, жүйелі жұмыстардан кейін, халықаралық Түрксой ұйымының сыйлығымен арнайы марапатталған Сыр елі – түркі мәдениетінің алтын қазығы ретінде әйгіленіп, дәстүрлі және заманауи өнер түрлері қарқынды дами беретін болады.

Руханият, мәдениет саласындағы бастамаларды атқарудың негізгі себебі – облыс басшысы өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихы мен өнерін бағалап, сосын әлемдік мәдениетке қосқан үлесін бағдарлайды деген парасатты ұстанғандықтан деп білемін.

Тоғызыншы, біз әруақтарды сыйлап, киелі жерлерді құрмет тұтқан халықпыз. Бұған «Әруақ сыйлаған ел азбайды» деген аталы сөз дәлел. Облыс аумағындағы киелі орындар – Марал ишан, Қорқыт ата, Хорасан ата мазаратының аумағын жаңғырту жұмыстары қолға алынып, қасиетті орындарға келіп зиярат ететін адамдарға ыңғайлы жағдайлар қалыптастырылуда. Сыр өңіріндегі тарихи орындар – ортағасырлық қалаларды зерттеу, зерделеу жағы да ұмыт қалмай, археологтардың жұмысына көңіл бөлінуде.

Оныншы, облыста білім беру, бұқаралық спорт, медицина бағытында тың жобалар қолға алынып жатыр. Мысалы, «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернатының құрылысы жүруде. Одан бөлек, білім ордаларын күрделі жөндеу және қосымша ғимараттардың құрылысы жүргізілуде.

Халықаралық стандарттарға сай 10 мың орынды Орталық стадион және жабық бассейні бар көп салалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Үстел теннисі орталығы қаланың сәулеттік келбетін жаңғыртумен бірге, бұқаралық спорт түрлерін дамытатын бірегей жобалар деп білемін.

Қалада көпбейінді аурухананың құрылысы қарқын алды. Сондай-ақ Қан орталығы пайдалануға берілді. Бұл бастамалар денсаулық сақтау саласының сапасын арттыратыны анық.

Он бірінші, ауыл – елдің тірегі екені айқын. Біздің кіндігіміз ауылға байланған. Елдің қуаттын арттыруда ауылшаруашылығы саласын дамыту маңызды. Сыр өңірінде тіректі елді мекендерді дамытудың жол картасы әзірленіп, аудан орталықтарымен бірге тіректі ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын ілгерілету жұмыстары қарқын алды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салу жоспарланып, бүгінде 5 білім ордасы пайдалануға берілді. Қалған 5 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында соңғы 2 жылда 28 нысан (2024 ж. – 12 нысан) бой көтерді. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен соңғы екі жылда 50 млрд. теңгеден астам қаржыға жаңа ғимараттар салынып, мемлекет теңгеріміне берілді. Осы әлеуметтік нысандардың басым көпшілігі ауылдық жерлерде бой көтерді.

Президент ауылдарды дамытуға пәрмен беріп, «Ауыл аманаты» жобасы қабылданды. Қазір «Amanat» партиясы үйлестіріп, елді мекендердің дамуына мүдделік танытуда. Осы жоба Сыр өңірінде тиімді іске асырылуда. Соңғы екі жылда 601 жоба (4,3 млрд.теңге) жүзеге асырылып, 917 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылы 815 жобаны (5,5 млрд.теңгеге) іске қосып, 886 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл бағытта облыста шағын өндіріс орталықтарын құруға басымдық берілуде. Шаруашылық құрылымдарының әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде кәсібін бастаушыларды ғимаратпен, кепілдікпен қамтамасыз ету тәжірибесінің енгізілгені де құптарлық.

***

Қорыта айтқанда, Президенттің халықшыл бастамалары Қызылорда облысында сәтті іке асырылып, елдің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобалар нәтижелі де уақытылы орындалуда. Әрі тыңдырымды тірліктерді 11 озық іске біріктіріп, тарқаттық.

Президент бүгін облыс әкімінің аймақта атқарған игілілікті істеріне оң бағасын берді. Облыстағы әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты екенін атап өтті.

Шындығында да еңбек ырғағын бір сәтке баяулатпаған жерлестеріміздің бірлігімен келген осы жетістіктерді – яғни, жыл қорытындысымен барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер өсімінің қамтамасыз етілуін, облыс экономикасына инвестициялық түсімдердің артуын, құрылыс қарқынының өсуін, аграрлық саладағы өсімді жерлестеріміз Мемлекет басшысының Сыр өңіріне қолдауы мен қамқорлығы деп түсінеді.

Руслан Рүстемов,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<