Басты талап – сұранысқа сай сапа

1409

0

Әлемді шарлаған пандемия мен карантинге қарамастан, Қызылорда қаласында жол жөнделіп, құрылыс қарқын алды. Биыл жаңбыр жауса, жүру мұң болатын жолдың бірқатары тақтайдай тегіс көшеге айналмақ. Демек, карантин тұрғындардың қуанышына кедергі бола алмайды. Кеше ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жол жөндеу және нысандарды қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Жуырда Қызылөзек ауылдық окургіне қарасты 2500 шақырымдық Қараөзек-1 көшесі асфальтталып, ауылға кіреберіс жолдың жағдайы түзелмек. Осыдан отыз жылдай уақыт бұрын салынған жолдың ажары кетіп, тозығы жеткені рас еді. Шаңы бұрқырап, ой-шұңқыры көбейген көше тұрғындардың басты бұйымтайына айналған болатын. «РБ-Строй» ЖШС атқаратын бұл жұмыстар жуық арада аяқталмақ, ең бастысы осы жоба аясында 21 адам жұмыспен қамтылды. Бұл ауылдағы орталық екі көшенің бірі болса, бірі өткен жылы асфальтталған. Мұнда ауыл тұрғындарының жолға қатысты бірқатар мәселесінің түйіні тарқағанын байқадық. Иә, ауылдық округте мұнан өзге Ж.Жабаев көшесіне жол жөндеу жұмыстары басталып, қиыршық тас төселуде, ал Ш.Ибраева және Айнакөл-2 көшелеріне жарық бағаналарын орнату жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта жергілікті бюджет есебінен Е.Даутбаев, С.Сейфуллин көшелері де орташа жөндеуден өткізілмек.

Мұндағы елдің қуанышын еселеген жаңалықтың бірі Қараөзек бекетінде бас су тоғаны ғимаратының салынуы болды. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып, тек құжаттары рәсімделсе, бір аптадан бері «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында ауызсу құбыры желісі жүргізілуде. Отыз адамды қамтыған бұл жұмыс екі айдың көлемінде мәресіне жетпек.

Игі бастама, басты қажеттілік жол жөндеу ісінде сапа басты орында болуы керегін ерекше атап өткен сенатор мен қала әкімі ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға да арнайы барды. Биыл пайдалануға берілген емдеу нысаны бір ауысымда 30 адамды қабылдайды. Жаңа ғимарат сұранысқа сай, тек дәрігерлер жеткілікті емес. Ауыл адамдары маманның алыстан емес, ауылдан да табылатынын айтты. Өйткені, медициналық оқу орнын бітірген түлектер жуырда туған ауылдарына оралған. Қала әкімі ауыл тұрғындарына алда бұл мәселе назарға алынып, шешімін табатынын жеткізді.

Мұнан әрі сапар Талсуат ауылдық округінде жалғасты. Жыл басында қала әкімі халықпен кездесуінде тұрғындар жол мәселесін ерекше атап өткен еді. Ал көктемде жол салу жұмыстары басталып, қазір 5 көше жөнделуде.

Айта кету керек, Қызылорда қаласы  бойынша 260 көше күрделі, орташа жөндеуден өтуде. Оның 210 көшесіне асфальттау жұмыстары жүргізілсе, 50 көшеге қиыршық тас төселіп жатыр. Мұның көпшілігі қаланың шет аймақтарын және қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттерді дамытуға бағытталған.

–    Мемлекет басшысының қолдауымен облысқа «Жұмыспен қамту» жол картасы аясында 36 млрд теңге қаражат бөлінді. Облыс әкімінің қолдауымен сол қаржының 18 млрд 388 млн теңгесі Қызылорда қаласына бағытталды. Қазір барлық жобалар жүзеге асуда. Осы жол картасы аясында 4,5 мың азамат жұмыспен қамтылатын болады. Қазір 80 проценті еңбек етуде, тамыз айына дейін азаматтарды тағы да жұмысқа тартатын боламыз. Қаражаттың басым бөлігі жолдарды дамытуға жұмсалуда. Қалаға қарасты 2 кент пен 7 ауылдық округ бар. Сол ауылдық округтердің кіреберіс жолдары, қоғамдық көлік жүретін негізгі көшелер, одан бөлек мектепке, балабақшаға қатынайтын жолдардың барлығы биыл асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы салынуда, – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Мұнан кейін сапар қала ішінде жалғасты. Қазір Қызылордада екі ірі стадион болса, соның бірі – «Локомотив». Көп жылдан бері жөндеу көрмеген стадионның соңғы уақытта сәні кетіп, сапасы нашарлағаны айқын байқалатын. Осы күні мұнда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 33 адам жұмыспен қамтылған. Мұрат Бақтиярұлы құрылысқа жауапты мердігер мекеме басшыларынан қазіргі жұмыстың барысын нақтылап, ең бастысы газонның өте сапалы болуы керегін, қоршаудың талапқа сай болуын ескертті. Ал, қала әкімі көптен күткен құрылыстың сапасы арнайы сала мамандары арқылы қатаң тексерілетінін, сала мамандарының қадағалауы қажеттігін айтып, жұмысты уақытылы әрі сұранысқа сай етіп жасауды тапсырды.

Сондай-ақ, қазір И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы техникалық жоғары колледжінің оқу ғимаратын жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша бөлінген қаражатқа 112 адам еңбек етуде. Қаланың ортасында орналасқан тарихи ғимараттың қасбеттері қайта жөнделмек. Жалпы сырлау, терезелерді ауыстыру, жатақханамен корпус алдындағы брусчаткалар, бірінші корпус пен екінші корпус арасындағы аулаішілік жолды ауыстыру жұмыстарын қамтитын күрделі жөндеу тамыз айында аяқталмақ.

Нысандарды аралау кезінде әр ғимараттың жөндеу жұмыстарына ерекше назар аударған Мұрат Бақтиярұлы мемлекеттен бөлінген қаржы діттеген жеріне жетуі керек екенін, соның ішінде жол картасы аясында Қызылорда қаласына бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалып, жұмыстардың сапалы жүргізіліп жатқанын айтты.

– Қараөзек, Талсуат ауылдық округтерін жөн­деліп жатқан жолдар­дың сапасы стандарттарға сәйкес. Оны жауапты мамандар бақылауда ұстап, үнемі тексереді екен. «Локомотив» стадионында қазір жасалып жатқан жұмыстар да көңіл көншітеді. Қала әкімі нысандарды аралау барысында жұмысты сапалы атқару керегін тапсырып, жобаға байланысты ұсыныстарын айтты. Мұның барлығы дұрыс. Көптеген өңірлерге іссапармен барған кезде облыс орталығына қарасты елді мекендерде шет аймақтардың жағдайы көбіне көңіл көншітпей жатады. Ал Қызылорда қаласына қарасты ауыл жолдарының 80-90 проценті жөнделуде. Мұның барлығы мемлекеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалып жатқанын көрсетеді, – деді Мұрат Бақтиярұлы. 

Тасбөгет кентінің орталығы М.Шо­қай көшесінің бойында салынған тренажерлық және стритболдық ойын алаңы тұрғындардың келуіне дайын. Карантин кезінде спортты серік еткен жандарға бұл жақсы жаңалық болмақ. Су жаңа ойын алаңының ашылуы жақын күндері ұйымдастырылады. Жобаны жүзеге асырған «Ақнар и К» ЖШС 18 адамды жұмыспен қамтып, ойын алаңын уақытылы аяқтаған.

Сондай-ақ, Тасбөгет кентіндегі Т.Батыршаев, Сырдария, Ж.Бәкішов  көшелеріне күрделі жөндеу жүргізілуде. Қазір барлық тас төсеу жұмыстары аяқталған, ендігі кезең – қара шебін жаю мен асфальт төсеу. Айта кетерлігі, жобаны жүргізетін «АбзалПроектКонсалтинг» ЖШС құрылысты өз уақытысынан бір ай ерте бітірмек. Демек, тамыз айының соңында тұрғындар жаңа жолдың игілігін көреді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<