Ерікті болу – жан қалауы

2931

0

«Волонтер» десе, бұрынғыдай «ол кім» дейтін көзқарас қазір жоқ. Керісінше, қоғамдағы рөлі қамқорлық, бірлік ұғымымен астасатын үлкен мағынаға ие болды. Төтенше жағдай кезінде ерікті жастар үй-үйді аралап, көмек көрсетті. Мақтаралдағы жағдайда да ұйымшыл волонтерлар бірінші жетті. Осылайша жүректегі титтей мейірім жағдайды өзгертетінін, бір адам, бір отбасы ғана емес, талайға жұбаныш болатынын білдік, жастардың ғана жұмысы емес екенін түсіндік.


Бүгінде волонтерлік қызмет арнайы бағыттар бойынша да жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлар жылының басталу салтанатында бірнеше бағытты айқындап берген болатын.


Аса маңызды салаларды қамтитын жеті бағыттың маңызын жеке тарқатсақ. «Сабақтастық» жобасы аясында еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қамқор болса, «Саулық» бағыты бойынша медициналық волонтерлік дамиды, ауырған жандарға жәрдемші болып, кеңес береді. Ал, «Таза әлем» қоршаған ортаны қорғауға, «Асыл Мұра» материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау­ға, «Қамқор» жобасы қарттар үйіндегі еріктілер жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.


Сондай-ақ, еріктілер ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау, ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауаттылықты жетілдіруге көмектесетін «Білім», екінші дүниежүзілік соғыс­тағы Жеңістің 75 жылдығы аясында отандастарымыз­дың ерлігін баяндайтын құжаттарды іздестірумен «Үміт» жобалары бойынша айналыса алады.


Жуырда Facebook әлеуметтік желісінен облыстық балалар ауруханасының ішкі қабырғаларына сурет салған волонтерлар жұмысын байқап қалдық. Аппақ қабырғада енді сүйкімді анимация ке­йіпкерлері – дәрігер Айболит, қыз­ғылт қоқиқаз, көңілді орман тұрғындары болатыны бала түгілі, бізді де қуантты. Суретті салған Қорқыт ата атындағы ҚМУ дизайн факультетінің оқытушылары, бояу­ға көмектес­кен де еріктілер. Ал волонтерларды осындай іске біріктірген «Сабақтастық» бағытының үйлестірушісі – Болатбек Айтбенбетов.

«Сабақтастық» бағыты облыстық жастар ресурстық орталығы еріктілер штабы жанынан құрылған. Бүгінде құрамында мектептің жоғары сынып оқушыларынан бастап, студент, оқытушы, сала басшыларына дейін бар.

– Негізгі бағыт – қиын жағдайдағы, ата-ана қарауынсыз қалған жасөсіпірімдерге қамқор болу. Қазір қалада жетімдер үйі жоқ, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылы бар. Бұл орталықты бұрынғы А.С.Макаренко атындағы балалар үйімен салыстырсақ, жағдай жер мен көктей. «Атамекенде» балалар толыққанды отбасы балаларындай өмір сүреді, аналары бар, жеке үйде тұрады. Қазір карантин талабына байланыс­ты «Атамекенге» бару жоспарымызды кейінге қалдырдық. Сондай-ақ, «Ақмешіт» шағын ауданындағы кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істейтін пробация орталығымен де тығыз байланыс орнаттық. Ал, төтенше жағдай кезінде жұмысты бөліп-жармай, көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік апару, бетперде тарату жұмыс­тарымен айналыстық, – деді ­Болатбек Айтбенбетов.


Болатбектің өзі де қаладағы «Асыл мирас» аутизм орталығының жетекшісі. Мұндағы жұмыс та волонтерлікке ұқсас. Балаларға тегін қызмет көрсетіледі.


– Волонтер − ерікті, ақысыз көмек көрсететін адамдар. Бірақ кейбір қоғам мүшелері бұл ұғымды дұрыс түсінбейді, көп жерде ерікті жұмыс пен қайырымдылық шараларын шатастырып алады. Еріктіміз десең, өзіне қажетті дүниені сұрайтындар бар. Қазір қоғамда волонтерларға ақы төлеу жайы талқыланып жүр. Меніңше, қаржылай көмек қажет емес. Қаржы төленсе, ол волонтерлік қызмет болмай қалады. Өзіңді ақылы қызметкер сезінесің. Бірақ, сөзбен, кішігірім сыйлықпен алғыс айту волонтерға күш береді, қуаныш сыйлайды, – деді ол.


Иә, «Сабақтастық» бағытының волонтерлары балаларды қуантудың осындай да жолын тауыпты. Еңбегіне ақы сұрамайтын еріктілер еліміздің кішкентай тұрғындарына қамқор болу жұмыстарын жалғастыра бермек.


Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<