Көп тіл білу – көпке тіреу

945

0

Фото: ашық дереккөз

Тіл – әлемді байланыстырушы негізгі құрал. Олай дейтініміз, әр тіл өзіне тиесілі мемлекеттің дамуына жол ашқан. Мәселен, барша ғылымның бастауы болған латын тілі, ислам әлемінің араб тілі, қазір әлемде өз үстемдігін орнатқан, нағыз білім мен ақпараттың көзі – ағылшын тілі мен француз тілі соның дәлелі. Оған Азиядағы қытай мен жапон тілдерін қосыңыз. Ең қызығы, әлем халықтары бөгде тілдерді игеру арқылы түрлі өркениеттер арасында өз болмысын қорғауға, ұлттық ерекшелігін сақтауға мүмкіндік алды. Қазіргі қазақ қоғамында да аталған үрдіс жалғасын тауып, жаңаша түрленуде. Бірнеше тілде еркін сөйлейтін буынның ойлау қабілеті мен сана-сезімі несімен ерекшеленеді? Тіл игерудің маңызы қандай, ерекшелігі қайсы? Осы сауалдардың жауабын табуға талпынып көрелік.

Қостілділік

Ел арасында қазақ қоғамындағы полиглоттық үрдіс Кеңес кезеңіндегі екі тілді қосарлы қолдану аралығында бастау алды деген жансақ пікір бар. Жансақ дейтініміз, Орта Азия елдерінің өзге тілге құштарлығы ертеде дағдыға айналған. Шамамен 10 ғасыр бұрын. Себебі, бұл аумаққа ислам дінінің таралуы араб тіліне жол ашса, Иран әдебиеті арқылы аймақта парсы тілі кеңінен таралды. Содан болар, уақытында түркі ғұламалары араб-парсы тілін меңгеруге күш салды. Ал өз кезегінде бұл ұмтылыс өз-өзін ақтады. География, әдебиет теориясы, астрономия саласындағы алғашқы ғылыми еңбектерді әлемге сыйлаған Ұлы даланың ойшылдары еді. Осы деректердің өзі қазақ даласында көптілді әмбебап ғалымдардың болғанын растайды емес пе?

Әрине, Орта Азия халықтарының барлығы бірдей араб, парсы тілдерін жетік меңгерді десек, қате болар. Қарапайым халықтың тілдік қатынасы сәл өзгешелеу болды. Мәселен, көрші елдердің бір-бірімен араласуына байланысты қазақ-өзбек, қазақ-татар, қазақ-ноғай, т.б. тілдердің ортақ диалектісі пайда болды. Сол арқылы өзара туыстас елдер мәдени, сауда байланысын орнатып, бір-бірімен еркін сөйлесуге мүмкіндік алды. Бүгінде халық ауыз әдебиетіндегі кейбір батырлар жыры мен жырауларды әркім өз ұлтының мұрасына жатқызуы, кезінде елдердің өзара жақын араласуында жатыр. Сондықтан қазақ даласындағы полиглоттық үрдістің тамыры тереңде деп айтуға толық негіз бар.

Тарих не дейді?

Байқасаңыз, бұрынғы ақын-жазушылардың көбі бірнеше тілде еркін сөйлеген. Сол арқылы небір керемет туындыларды аударып, өз тілінде сөйлеткен. Сол арқылы ұлт руханиятына елеулі үлес қосқан. Мысалы, орыс әдебиеті ақын-жазушыларының дені – полиглот отбасының өкілдері. Оны тарихтан білетін боларсыз. Сол кезеңдегі қаламгерлер өзге тілдерді еркін меңгеру арқылы аударма саласында да өнімді еңбек етті. Нәтижесінде неміс, француз, ағылшын тілдері ел арасында танымалдыққа ие болса, көне грек, латын тілдері ғалымдар арасына кең таралды. Сол арқылы, әсіресе, Еуропа елдерінің өмір дағдысы, философиялық көзқарасы орыс тіліне аударылып, бүтін Ресейдің рухани қажеттілігін қамтамасыз етті.

Бұны неге мысал еттік? Себебі, қазақ қоғамы батыс өркениеті мен өмірін, ғылымы мен өнерін орыс тәржімасы арқылы таныды. Қазақта шығыс тіліндегі мұраларды қазақша сөйлеткен тұлғалар аз болмаған. Алайда, батыс тіліне дендеп енуге сол уақыттағы саяси жағдай мен қоғамдық өмір мұрша бермеді.

Бүгіннің өлшемі

Бұл жолғы өткенді қозғауымыздың жөні бөлек. Жалпы, баба бойындағы қасиеттің балаға даруы, ата мұрасын ұрпағы жалғауы табиғи құбылыс екені анық. Әріден тарқатсақ, қаншама тілді біліп, әлем ұстазына айналған әл Фараби, орыстың талай туындысын тәржімалаған хакім Абай, беріде ағылшын, француз, неміс, түрік тілінде еркін көсілген Мұстафа Шоқай көпке үлгі.

Міне, сол дағды, солардың қарым-қабілеті ұрпақтан-ұрпаққа алмасып, бүгінге де жетіп отыр. Сөзімізді салмақтай түсейік.

Сымбат Аманбай, полиглот:

– Бүгінде орыс, араб, ағылшын, түрік тілдерінде еркін сөйлеймін. Келешекте француз, итальян тілдерін үйренбекпін. Ағылшын тілінде кәсіби тұрғыда білім беруді алдыма мақсат қылып қойдым. Сол себепті көп ізденуге, білімімді толықтырып отыруға күш саламын. Ел арасында полиглот болу сирек қасиет деген жалған түсінік бар. Түптеп келгенде, көп тілді меңгеру еңбектенген жанға қиындық тудырмайды. Негізгі формула қатаң тәртіп пен табандылық екенін естен шығармай, тұрақты түрде жарты жыл немесе одан көп дайындалса, нәтиже шығаруға мүмкіндік бар. Ал жай білу деңгейін ғана емес, қолдануды жетілдіруді қаласаңыз, арнайы сабақ алған дұрыс.

Зейнеп  Қанатқызы, полиглот:

– Қазір орыс, ағылшын, неміс, тілдерін білемін. Әрбір жаңа үйренілген тіл бейтаныс әлем мен мәліметтер кеңістігін ашады. Шет тілде сөйлеу үшін, сол елдерше ойлана білу мен жаңа көзқарастарды қабылдау қасиетінен бөлек, тілді үйрену әдістемесі де пайдалы болуы шарт. Жеке дайындалу (жаңа сөз жаттау, грамматика үйрену, оқулықтар) мен бейнесабақтар практика барысында міндетті түрде пайдаға жарайды. Алайда, мен басымдықты ағылшын тіліне беремін. Себебі, ғаламтордағы 51,3% веб-сайт қорының тілі мен БҰҰ-ның алтылығында болғандықтан мен үшін маңызды.

Әдебиеттің де айтары бар

Қараңызшы, орта ғасырда еуропалықтар түрлі кітаптарды оқу арқылы ғана тіл үйренуге мүмкіндік алса, көшпелі халықтардың басым бөлігі ауызша біліммен шектелді.

Ал бүгінгі күн мүлде бөлек. Ынталы адамға бәрі қолжетімді. Оқулық бар, орта бар. Тек ерінбей еңбек етсе болғаны, қай тілді болсын, меңгеріп шығу қиынға соқпайды. Демек, әрбір азаматтың тіл үйренуге мүмкіндігі бар деген сөз. Мұндай мүмкіндік жеке тұлғаның ғана емес, ұлттың да ілгері дамуына сеп болмақ.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<