Мейірбандылық – жүректен

2062

0

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ халқы. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Ол – ізгіліктің, адамның адамға деген таза ние­тін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі.


Қазіргі таңда Талсуат ауылдық округінде орналасқан «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығында» түрлі іс-шаралар мен қайырымдылық акциялары өткізіліп, жұмыстар жүргізілуде.


Жыл басынан бері атаулы мерекелерде «Ел-Арай» қоғамдық қоры балаларды құттықтады. Сонымен қатар қаламыз­дағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «Адамгершілік – асыл қасиет!» қайырымдылық шарасын ұйым­дастырып, әлеуметтік-тұрмыстық кабинетіне асхана жиһазын тарту етті.

Бұған қоса, биылғы Наурыз мерекесіне орай күндізгі бөлімшеде «Дәулет Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен жабдықталған «Ұсақ-қол моторикасы» кабинеті ашылды.

«Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орай өткізілген «Сәбидің күлкісі – әлемнің сыңғыры» атты шарада «Қазақстан Халық банк» облыстық филиалының қызметкерлері және «Даулет Азия» ЖШС құрылтайшысы Талғат Сәбитұлы бастаған еріктілер балаларды құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ал «Мектепке жол» акциясы аясында «Хикмет» қайырымдылық қоры қызмет алушыларға оқуға қажетті құрал-жабдықтар тарту етті. «Жомарт» қайырымдылық қоры еріктілер тобындағы Алла Пак отбасымен бірге қызмет алушыларға жұмсақ ойыншықтар мен балалар шығармашылығын дамытуға арналған «Эбру» жиынтықтарын сыйға тартты.
Балалардың жаз айларында жақсы демалып, көңіл-күйлерін көтеру мақсатында «Нұр» мешітінің еріктілері қаламыздағы «Arai City Mall» ойын-сауық орталығына қызмет алушыларға кинолар мен мульттоптамалар көрсетіп, Белкөл кентінде орналасқан «Абай» тынығу орталығына демалыс ұйымдастырды.

Сондай-ақ, «Жомарт» қоғамдық бірлестігінің ұйымдас­тыруымен «Ата бол да, мейірім сыйла!» қайырымдылық шарасы аясында №101, №3 мектептің еріктілері және «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының демеушілігімен орталық балаларына тәттілерден сыйлықтар таратты.


Жақсылық жасау – имандылықтың, парасаттылықтың айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрі қазіргі кезде қайырымдылық қоғамдарының іс-тәжірибеле­рімен жалғасып келеді.

Әйгерім ШАЛБАЕВА,

арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету

балалар орталығының

әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<