Қазақ өнерінің көгінде қалықтап, ұлттық құндылықтың насихатшысы атанған көш басындағы «Қазанғап» халықтық ұлт аспаптар оркестрінің аудан руханиятында алар орны ерекше.
Бүгін сол өнерлі ұжымның аудандық мәдениет үйінде «Мерейлі өнер ордасы» атты шығармашылық есепті концерті өтті.
Жұртшылыққа рухани азық сыйлайтын танымдық шарада аудан әкімінің орынбасары сөз алып, көпшілікті мерейлі белес биігіндегі қуанышпен құттықтады.
– Қадірлі желестер, құрметті өнер сүйер қауым! Мерейлі белес төріндегі «халықтық» оркестрдің тарихи жетістігі баршаңызға құтты болсын! Болдым-толдым дейтін бір адамның өміріне пара-пар уақыт өтсе де «Қазанғап» оркестрінің құны мен мәртебесі біз үшін бір саты төмен түскен емес. Оның құрамындағы майталман марқасқалардың әрбірі бүгінде аудан өнерінің мәйегі, сарқылмас қазынасы. Заманында ТМД елдерінің төріне табан тіреген оркестр тұтас өңірдің ту ұстар мақтанышына айналды. Ұлттық деңгейдегі оркестрдің ұлтқа берер мұрасы таусылмасын! Өнерді құдірет деп таныған әрбіріңіздің шаңырағыңыз шаттыққа, бақыт пен берекеге толы болсын, – деді аудан әкімінің орынбасары Н.Омарұлы.
«Қазанғап» атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің мерейлі белесіне орай өнермен өмірін байланыстырып, ел мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан барлық оркестрі мүшелері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Уақытында оркестр құрамында болып, бүгінде өмірден өтіп кеткен өнер майталмандарының жақын туыстары да бұл кеште құрметті жандар қатарынан табылып, оларға арнайы естелік сый-сияпат табысталды.
Кеш барысында ардагер аға-апалардың ізін жалғап келе жатқан «Қазанғап» атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің қазіргі мүшелері де марапатталды.
Айта кетерлік жайт, осыдан 50 жыл бұрын, яғни 1974 жылы Мәскеудегі бүкіл одақтық халық шаруашылығы көрмесіндегі байқауда «Қазанғап» халықтық ұлт аспаптар оркестрі одақтас елдердің ерекше құрметіне бөленіп, екінші дәрежелі дипломмен наградталған болатын.
Осылайша төл өнердің мақтанышы, ән мен жырды қиял көгінде қалықтатқан қазыналы жандар араға елу жыл салып, көпшілік ықыласына тағы бөленіп, тыңдармандарымен қайта қауышып отыр.
Арал ауданы әкімдігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<