Арал ауданында ауқымды жоба көп. Мұнда балық өндірісі мен төрт түлікті өрістетуден бөлек, кейінгі жылдары инвестиция тарту арқылы өндіріс орындарын ашу жолға қойылғандай. Былтыр аудан көлемінде «Ase Invest» ЖШС-ның «Тұрмысқа қажетті құрғақ ұнтақтар өндіру», «Sinooil» ЖШС-ның «Жанар-жағармай құю станциясын салу» және «Қарашалаң балық» ЖШС-ның «Арал қаласында балық өңдеу зауытын ашу» жобасы жұмысын бастады. Сондай-ақ жол бойында қызмет көрсету орталығы да бой көтерді.
Арал аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі берген мәліметіне сүйенсек, биыл да бірнеше инвестициялық жобаның тұсауы кесілмек. Олардың қатарында «Qazaq Camel» ЖШС-ның түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты, «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-ның жоғары сұрыпты ас тұзы өндірісі және мотоцикл құрастыру, балық шаруашылығын ұйымдастыру, «Эко Энерджи Плюс» ЖШС құрылысын салатын жол бойы қызмет көрсету кешені сияқты ірі кәсіпкерлік нысандар бар.
– «Qazaq Camel» ЖШС іске қосатын кәсіпорын жылына 392 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын болады. Зауыт құрылысына 3 млрд теңге инвестиция салынған. Оның 1,8 млрд теңгесі мемлекет қолдауымен жеңілдетілген несие ретінде, ал 1,2 млрд теңгесі құрылтайшының жеке қаражат есебінен бөлінген. Зауытты мамыр айында іске қосу жоспарланып отыр. Өндіріс толық жұмысын бастағаннан кейін 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – дейді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Нұрлан Есеналиев.
Ал жоба директоры Нөгербек Абылғазиннің айтуынша, өнім толығымен экспортқа бағытталған. Шыққан тауар көрші Қытай еліне жіберіледі.
– Әкімдік тарапынан арнайы аймақтан бір гектар жер табысталған болатын. Су мен газ, жарық сынды қажетті инфрақұрылым тартылды. Қазір зауыт ғимараты мен қажетті қондырғыларды орналастыру толық аяқталды. Біз қажетті мамандарды Қытайдан алдырып, олар кәсіпорындағы әрбір цех бөлімін құрылымдап, монтаждау жұмысын жүргізіп шықты. Өндіріс толық автоматтандырылған. Әр бөлімде жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған санитарлық-тазалық құрылғылар міндетті түрде болады. Өйткені, біз тағам өнімін дайындаймыз. Бір күнде 20 тонна сүт ұнтағын шығаратын боламыз. Үзіліссіз жұмыс істесек, бұл күндік норманы 30 тоннадан асыруға болады. Дайын өнім арнайы 300, 500 грамдық қалбырға салынып, қоймаға жиналады, – дейді кәсіпорын басшысы.
Зауыт басшылығы Арал ауданына қарасты Сексеуіл, Шижаға, Ақбасты, т.б. ауылдарда болып, түйе өсіруші жеке шаруа қожалықтарымен меморандумға отырған. Олардан жаңа сауылған сүтті нарық бағасымен алып, кәсіпорын цехына тасымалдау жағы да ұйымдастырылады. Ал алыс елді мекендерден жиналатын сүт сонда орналасқан үлкен цистерналарда белгілі бір уақытқа дейін сақталатын көрінеді.
– Қызылорда өңірінде 70 мыңға жуық түйе бар десек, оның үштен бірі, яғни 20 мыңнан астамы аналық түйе болары анық. Жақсы тұқымы 5 литрге дейін сүт беретінін ойласақ, мейлі, әр түйеден екі-үш литр сүт сауылатынын ескерсек, біз бір күнгі жоспарымызды толық орындай аламыз. Қазір арнайы сүт тасымалдайтын жүк көліктері сатып алынды. Жақын күндері Арал қаласына жеткізіледі, – дейді Нөгербек Абылғазин.
Расымен түйе сүтінің адам ағзасына пайдасы мол. Жергілікті жұрт шұбатты жиі ішіп, күнделікті тағам ретінде тұтынып жүр. Ал оның қан-тамыр, ревматизм және жүйке жүйесі ауруларын емдеу әрі ағзаны жасартатын қасиеті әлдеқашан дәлелденген. Құрамында нәр көп, адам иммунитетін нығайтуға үлкен септігін тигізеді.
– Дайын өнімді қалай пайдаланады деген сұрақ көп. Сүт зауыттан ұнтақ болып шыққан соң екі-үш рет арнайы шай қасықпен ыдысқа салып, сумен араластырып, кәдімгі сүт ретінде ішеді. Жалпы қытайлықтар қызығушылық танытып отырған бұл өнімде лактоглобулин болмағандықтан, ол аллергия бермейді. Сондай-ақ қай елде болмасын, қант диабетімен жиі ауыратындар бар. Денсаулық күтіп, баланс ұстап тұруда ұнтақтың пайдасы мол, – деп сөзін түйіндеді кәсіпорын директоры.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





