Сырдария: айқын мақсат алысқа жетелейді

1492

0

Жалағаштан кейінгі сапар сәті іргелес Сырдария ауданында жалғасты. 38 мыңнан астам халқы бар аудан егінмен де, атакәсіп – төрт түлік өсірумен де айналысады. Атқарылған жұмыс көп. Орталықта жаңа ғимараттар жыл сайын тұрғызылып, ауылдық жердегі кәсіп көзі молайған. Ендеше, маңдайы терлемей, қазаны қайнамайтын еңбексүйер халық арасындағы тағы бір сапар жазбасын ұсынамыз.

Бұған дейінгі аудандарда шаруашылық пен өндіріс орындарын аралаған біз Сырдария сапарын басқаша бастадық. Мұнда мәдени орындарды аралауды мақсат тұттық. Алдымен Тереңөзек кентіндегі «Еңбек даңқы» музейіне бұрылдық.

Өткенін бағалағанның мәртебесі биік

Біз баратын музей орталық алаңда орналасқан. Ал оған барар жолда кент келбетін ерекшелейтін орындар көп. «Тағзым» алаңы, «Құрметті азаматтар» аллеясы, шағын саябақ, су бұрқақ, т.б. Алаңға көрік беріп тұрған тағы бір дүние – алтын сағат. Әр уақыт көрсеткен сайын Шәмшінің «Сыр сұлуы» әні шырқалатын сағаттың биіктігі – 14, ал ені – 5 метр.

«Еңбек даңқы» музейінде тұтастай аудан тарихы топтас­тырылған. Сырдария құрылғалы ел басқарған азаматтар мен шаруашылық төрағаларының портреттері, олар пайдаланған дүниелер, кітаптар бар мұнда. Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы және Семей ядролық полигонында болған ардагерлерінің орден-медальдары да тұр. Сондай-ақ аудан орталығы Тереңөзек кентінен бастап, 13 ауылдық округ жайлы мәлімет бар. Әр ауылға бір бұрыш арнаған музей қызметкерлері сол елден шыққан республика, облыс-ауданға белгілі азаматтар жайлы тамаша мағлұмат жинастырған. Еңбек озаттары, күріш пен мал шаруашылығындағы жетістіктер, аудан спортшылары мен мәдениет қайраткерлері туралы тың деректер де осында.

– Сырдариядан шыққан ақын-жазушылар, аудан атын шығарған еңбек адамдары толық қамтылған. Сондай-ақ қолөнер шеберлері, өнер адамдары, айтыскерлер, мұнан өзге аудандағы әртүрлі салаға еңбегі сіңген ардагерлеріміз жайлы тарихи мәліметтер бар, – дейді аудандық музейдің ғылыми қызметкері Салтанат Қуандықова.

Ал аудандық кітапханаға соқ­қан бізді ұжым мүшелері мен оқырмандар қарсы алды. 2015 жылдан бастап кеңейген ғима­ратқа көшкен кітапханада ковор­кинг орталығы ашылып, электронды кітапхана жүйесі жолға қойылған. 2475 кітап сан­дық жү­йеге көшіріліп, арнайы дис­кілерге сақталыпты.

Кітапханаға енгенімізде бала Абайға әжесі Зеренің ертегі айтып жатқан сәттің үстінен түстік. Шара ұлы ақынның 175 жылдығына байланысты өткізіліп жатыр екен.

Ал келесі бөлмеде аудан тө­ңірегінен шыққан ақын-жазу­шыларға орын берілген. Соның бірі, айтыскер ақын Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдығына орай кітапхана ұжымы көптеген игі шараларды атап өтуде.

– Біздің 72 мыңның үстінде кітап қорымыз бар. Оның қырық мыңы – қазақ тіліндегі басылымдар. Жылда Тереңөзек топырағынан шыққан қайраткерлердің еңбегін ұлықтауда шаралар жиі өтеді. Оқырмандар, әсіресе, аға буын – біз­дің кітапхананың тұрақты келу­шілері. Мектеп оқушылары мен ұстаздар, аудандық редакция біздің шаралардан қалыс қал­майды, – дейді кітапхана директоры Гүлстан Нұржакеева.

Кітапханадағы кездесуде кі­тап пен газеттің өзектілігі сөз болып, ұжым мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын ортаға салды. Ұсыныстар айтылып, пікірлер қозғалды.

– Соңғы уақыттарда ел ішіне дендеп кіріп, еңбек адамдарын, ауыл тұрғындарының ахуалын өз көздеріңізбен көріп келесіздер. Біз оны күнделікті «Сыр бойының» әр нөмірінен байқаймыз. Біз газет сөзіне сенеміз. Сол арқылы өстік те. Онда жазылған әр ақпарат та, тәрбиемен ұстасқан көркем мақала да ойға ой қо­сып, оқырмандар санасын толық­тыратыны анық. Сіздер шығарған газет біздің жетекшіміз, біздің көмекшіміз. Жақсылықты жарыса жазып, кемшілік болса, көтеріп, сыни материал басып, мәселені оң шешуге мұрындық болуға себепкерсіздер. Газеттің адам өміріндегі рөлі ерекше, ақпараттың нақтылығы да осында жазылады,  – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрулла Әбенов.

42 отбасы кілт күтіп жүр

Мемлекет бекіткен «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы» шеңберінде ауданда 19 жоба іс­ке асуда. Аталған жобалар аясында 577 жаңа жұмыс көзін ашу көзделсе, бүгінде 494 адам бағдарлама арқасында жұмысқа тартылған. Мемлекеттік бағдар­лама жұмыссыздықты жоюдан бөлек, білім, денсаулық сақ­тау, жылу, спорт, ауыз су, жол, елді мекендерді абаттандыру, Әйтек су торабын күрделі жөн­деу, құрылыс саласы бойынша көптеген мәселелерді шешуге оң ықпалын тигізуде. Осының арқасында Жетікөл ауылындағы тұрғын үйлерді ауыз сумен  жаб­дықтау жүйесі толық жаңғыр­тылып отыр. Жақын арада жұмыс толық аяқталады. Бұл шаруа бітсе, Сырдария ауданы бойынша таза ауызсумен қамту мәселесі 100 процент шешілді деген сөз.

Жоғарыда айтылған 19 жоба­ның ішіндегі ең көлемдісі – 42 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысы. Бұған бюджеттен 466 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Құрылысқа қажетті жұмысшылар 116 болса, оның ішінде 58 жер­гілікті тұрғын жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылуы тиіс.

– Алғашқы кірпіші тамыз айында қаланды. Қазір бірінші үйдің үшінші қабатында кірпіш қаланып, шатыры жабылуда. Екінші үйдің де соңғы қабатын өріп жатырмыз. Оған қоса ішкі сылақ, электр желілерін тарту, жылу жүйесі жұмыстары басталып, монтаждалып жатыр.

Құрылыста жұмыспен қамту бөлімі арқылы келген 48 адам бар. Қазір үйдің 70 процент жұмысы аяқталды. Жыл соңына дейін қаражатты толық игеріп, баспана күтіп жүргендерге кілтті табыстайтын боламыз, – дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ғалымжан Қайназаров.

Бағдарлама арқасында жаңа­дан тұрғызылған қос үйдің бас мердігері «НұрТалап және К» ЖШС. Екі тұрғын үй бітсе, кезекте тұрған аудандағы 520 отбасының 42-сі қоныс тойын тойлайды.

Тірек ауылдың тірлігі үлгі

Ақжарма ауданнан онша алыс емес. 3 мыңға жуық халқы бар ауыл. Басым көпшілігі шаруа­шылықта жұмыс істейді.

Шаруашылық демекші, мұн­да екі ірі серіктестік бар. Бірі «Ақжарма және К» деп аталады. Төрағасы Қайрат Нұрсейітов. 120 адамды тұрақты жұмысқа алған шаруашылықтың негізгі саласы – егін мен мал өсіру. Ал төрағаның туған ауылға көмегі жайлы көп естігенбіз. Оны да көзбен көрдік.

– Биыл 1550 гектар күріш ектік. Әр гектарына 60 центнерден алып отырмыз. Одан бөлек, тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын зауыт бар. Мал өсіреміз. Алдыңғы жылы қалмақ тұқымды 136 бас сиыр келді. Өзіміздің жергілікті тұқымнан бөлек бұл. Жылқы малын көбейтіп жатырмыз. Қосымша қаз-үйрек те өсіреміз, – дейді шаруашылық төр­ағасының орынбасары Ғани Ысқақов.

«Ақжарма және К» ЖШС ауылға сіңірген еңбегі айрық­ша. Күріш арқасында ауыл шаруа­шылығы тех­никаларын жаңартып алған олар елге әлеуметтік жа­ғы­нан да көп көмек береді. Ор­талық алаңды абат­тандырып, жұ­мысшыларға қыз­меттік үй де салып берген. 2015 жылдан бастап шаруашылық қар­жысына ша­ғын маркет, монша, мешіт ашыпты.

– Төрағадан бастап осы ша­руа­­шылық жұмысында тер төгіп жүр­ген азаматтар жетерлік. Үздік комбайнер Қуаныш Оспанов, күріш­шілер Ақан Тобжанов, Жан­болат Файзуллаев сияқты еңбеккерлердің атын ерекше айта аламыз. Жалпы бірлесіп еңбек еткен, қашанда нәтижеге жетеді. Ең төменгі айлық 70-75 мың теңге, – дейді Ғани Ысқақов.

Ауылдағы екінші шаруашы­лық «Ақжарма» өз ішінде екіге бөлінеді. «Ақжарма-1» және «Ақжарма-2». Марат Бисенов басшылық ететін мұнда ұзын саны 200 адам тұрақты жұмыста. Шаруашылық былтырдан бері маусымдық емес, жыл он екі ай жұмыс істеуге көшкен.

– Гектарына 67 центнерден өнім жинадық, – деп бастады Марат Бисенов кездесуде. – Екі мың гектар егін еккенбіз. Әртараптандыруға байланысты алма бақ та өсірдік. Биыл өнім беріп, әуелі өзіміздің ауыл адамдары ауыз тиді. Егін біткенмен, келесі жылдың жерін да­йындау, техникаларды қайта жаб­дықтау, ауылдағы тазалық жұ­мыстары бар, жалпы елдегі тір­шілік тоқтамайды. 12 ай бойы ең­бекақы тұрақты төленіп тұр. Орташа жалақы 80 мың теңге. Ал жыл соңында жүзге жуық қызметкер ар­найы марапатқа ұсынылып, алды көлік мінеді. Қымбат сыйлықтар тарту етеміз.

Шаруашылық басшысы ауыл­ға кіреберіс жолдарды жа­рық­тан­дырып, мектеп мен ауыл тұр­ғындарына әлеуметтік қолдау көр­сетуде. Жастар демалар саябақ са­лыпты. Қашықтан оқытуда тұр­мысы төмен отбасы бала­ларына планшет алып берген. Пандемия кезінде елге дәрі-дәрмек жеткізіп, тұрғындарға жем-шөпті жарты бағасына ұсынып отыр.

Бір қызығы, Марат Бисенов жыл сайын Шұбаркөл көмірін Ақ­жармаға тікелей алдырады. Арнайы вагонмен келген көмір Ақжармаға шаруашылықтың жүк көліктерімен жетеді. Келген көмірдің тоннасын 15 мың теңгеден халыққа ұсынады. Ал есік алдына келіп тұрған мұндай дайын отынды ақжармалықтар қуа­на алса керек. Өйткені, қолжетім­ді баға. Көлік жалдап, аудан не облыс орталығына барып, ұзын-сонар кезекпен жүйке жұқартқаннан гөрі үйіне келіп тұрған көмір оларға әлдеқайда тиімді емес пе?! Халық көмірге бола сыртқа шықпайды екен. Биылдың өзінде Ақжармаға шаруашылық көмегімен 500 тон­наға дейін көмір түсірілген.

– Бұның бәрі ел бірлігінің ар­қасы. Тірек ауыл атандық. Бірлесе қимылдап, көп мәсе­лені шешіп ке­леміз. Қос шаруа­шылықтың ауыл адамдарын жұ­мысқа тартып, әлеуметтік қам­қорлық беруде еңбегі көп. Өздерің көріп отырған, жастар саябағын да өз жастарымыз салып, жаз мезгілінде табыс тапты. Қазір ауылда аяқсу тарту жұмыстары жүруде. Бұл да есік алдын көркейтіп, бақша өнімдерін өсіруге көп мүмкіндік берері сөзсіз, – дейді Ақжарма ішін ара­латқан ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов.

Біздің Сыр өңірінің жері – семіз. Тырбансаң, бүйірің толары анық.  Ақжармадай ауылға қос шаруашылық қаржысын төксе, ауыл гүлденбей қайтеді?! Жұмыс көзін ашып, егін мен малды қатар алып жүрген қос шаруашылық басшылары Ақжарма десе, көмек көрсетуден қашқан емес. Ауыл адамдары осылай дейді. Ал ауылдың еңсе көтеруіне еңбек етіп жүрген шаруа­шылық иелері «кейінгі ұрпаққа жақсы дүние қалдырсақ болғаны» деп отыр. Арманың жоқ екен, Ақжарма…

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Сырдария ауданы.

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<