Ұлттық театр өркениетінің қарашаңырағы

4

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағаларының қатысуымен Президент саябағының аумағында жаңа драма театрдың іргетасы қаланып, капсуласын салу рәсімі өтті.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа нысан құрылысының басталуымен құттықтады.

–  Мемлекет басшысы қала­мызда өткен Ұлттық құрылтайдың қо­рытынды отырысында «Жалпы «Сыр елі – жыр елі» деп бекер ай­тылмайды. Қорқыт ата зама­нынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күй­шілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған» деп атап өтіп, Қызыл­ордадағы жаңа драма театр құры­лысы биыл басталатынына тоқ­талған еді. Театр ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, руха­ниятты байытуға зор үлес қосып келеді. Жетпіс жылдан астам тарихы бар, қазақ театр өрке­ниетінің қарашаңырағы Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры – Сыр өңірінің мәдени өмірінің ажырамас бөлігі. Бүгінде репер­туарында 60-тан астам қойылым бар. Шығармашылық ұжым жыл сайын 70 мыңнан астам көрерменге рухани азық сыйлайды. Президент саябағы аумағында іргетасы қала­натын жаңа театр – төл өнерімізді түлететін, жас буынның шығарма­шылық әлеуетін шыңдайтын, ұлттың жаны сөйлейтін киелі мекен болады деп сенеміз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жаңа өнер ордасы 2,5 гектар жерге орналасады, ал құрылыс ау­мағы 4026,80 шаршы метр. Онда 520 көрермен театр қойылымын та­машалай алады. Репетициялық зал­дар, оркестр шұңқыры, холл, киім сақтау және ауыстыру, актер­лік грим бөлмелері, студиялық жә­не шығармашылық алаңдар, әкім­­шілік кабинеттер қарас­тырыл­ған.

Қазақ­тың ұлттық кәсіби театры­ның шымылдығы түрілген Қызыл­ордада бір ғасырдан соң жаңа ғимараттың іргетасы қалануының өзіндік мәні бар.  Қызылорда – қазақ театр өнерінің негізі қаланған жер. Бір ғасыр бұрын жаңадан құрылған ұлттық театрдың ал­ғашқы қойылымы осында сахна­ланған. Сыр жұртшылығы халқымыздың асыл мұраттарын, құндылықтарын сахна арқылы ұрпақ санасына сіңіріп келген ұлт театрының Қызылордадан бастау алғанын мақтаныш тұтады.

Салтанатты шарада сөз алған Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­рат­­кері Хұсейін Әмір-Темір өңірде жаңа өнер ордасының ірге­тасы қа­ла­нуы ерекше оқиға екенін атап өтті.

– Сыр халқы үшін ерекше сәт деп ойлаймын. Ұзақ жылдан бері елге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан облыстық театрдың жаңа ғимаратының іргетасы құйылады. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан өнер ордасының жаңа ғимараты алдағы уақытта заманауи, сәулетті үлгіде ел игілігіне айналады. Бұл қуанышты хабарды біздің ұжым мен көрермен зор ризашылықпен және қуанышпен қабыл алды. Сондықтан бүгінгі рәсімді барша облыс жұртшылығы үшін мәртебелі оқиға деп баға­лаймын. Жаңа нысанда жаңа серпін, жаңа шабыт, жаңа өнер шығармалары дүниеге келеді деген сенімдемін, – деді ол. 

Сондай-ақ «ВД Строй Инжи­ниринг» ЖШС бас директоры  Азамат Өсімбеков өз сөзінде ғи­марат алдағы екі жылдың ішінде ел игілігіне берілетінін жеткізді.

Айта кету керек, 2022 жылдан бері өңірде 22 мәдениет нысаны жаңадан салынған. Барлық ауданда «Руханият орталықтары» ашылды. Облыстың бас шаһарында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Оқушылар сарайы» бой көтерді.

Былтыр Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейі­нің, Ассамблеяның 30 жылдығына орай «Қазатомөнеркәсіп» ком­пания­сының қолдауымен «Достық үйінің» жаңа ғимараты салынды. Кейінгі жылдары  «Сыр жұлдыз­дары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында «Өнер мектебі» мен «Оқушылар үйі» іске қосылды.

Алдағы күндері тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхана құрылысы басталады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»