Ұмытылмас ұлағат

270

0

Партия, кеңес органдарында қызмет атқарған соғыс ардагері, журналист Теңел Жұмабаевтың 1998 жылы жазған естелігінде ақылшы ұстазы Мағау Садуақасовпен Алматы жаяу әскер училищесінде курсант болып жүргендегі кездесуі, ұстаздың ұлағаты баяндалады.

Сераға, Серғали Еспенбетұлы Толы­бек­ов жасы ұлғайған сайын ұзақ өміріндегі ең бір есте қаларлық, өзгелерге ұсынарлық, та­ғылым-тәрбие аларлық оқиғаларды жиі, кө­ңілденіп, шабыттанып әңгімелейтін.

– Ұзақ өмірімдегі ең бір қызық кезең студенттік жастық шағым. 1927 жылы КазПИ-ге қазақ жастарының қаймағы тү­сіп, бітірді. Бұлар өмірдің барлық сала­сында алғашқылар болды. Бірінші ға­лым­дар да, бірінші қоғам, мемлекет, мәде­ниет қайраткерлері де, бірінші білімді оқы­ту­шылар да, ағартушылар да солардың қа­тарынан шықты. Қазақстанның өсуіне, өркендеуіне сол алғашқылардың қосқан үлесі ұшан-теңіз, өлшеусіз.

КазПИ-де Ажармен Мағау Садуақасов дейтін жігіт курстас, сыныптас болды. Алып-қашпа мінезі жоқ, өте ұстамды, та­лантты еді. Білімге, әдебиетке өте құмар, құштар болатын. Барынша өнерлі еді, му­зыка аспаптарының көбінде шебер ой­нады. КазПИ-де Жазушылар одағынан кем түспейтін әдебиет үйірмесі болатын. Үйір­мені Сәкен басқаратын. Кейін қазақ әдебиетінің классиктері болған жазу­шы­лар, ақындар, драматургтер, сыншылар қа­тысатын. Олардың тұсауы осы үйірмеде кесілді, белгілі болды. Үйірмеге мен де, Мағау да қатысатынбыз. Бір кезекті оты­рыс Абай поэзиясына арналды. Сту­денттер көп болды, айтыс қызды. Тап Ма­ғаудай Абай поэзиясын әсіресе, оның философиясын білетін адам болмады. Үйірменің жұмысын қорытқан Сәкен «Абайды Садуақасовтай білу керек» деді. Мағаудың қолын қысты. Үлкен, мөлдір көзі жасаурады.

Керекулік Мағау Сұлтанмахмұт То­райғыровтың «Қамар сұлуын», «Кедейін», «Кім жазықтысын» жатқа айтатын. Қара­пайым, момақан жүретін, қызбалыққа, мақ­таншылыққа салынбайтын ол әдебиетке, музыкаға келгенде мүлдем өзгеріп, жан­данып, арқасы қозып кететін.

Мағау институтты бітіргеннен кейін біздің Қызылордаға, ұмытпасам ірі, негізгі саналатын педтехникумға жіберілді. Оның кейінгі өмірі қалай өтті, қазір бар ма, жоқ па, білмеймін, – деді Сераға.

– Сераға, жаңағы айтқан Мағау Са­дуа­қасов мені оқытты. Екеуміз армияға бір­ге шақырылып, бес ай Алматының жаяу әскер соғыс училищесінде бірге оқыдық. Бір батальонда, бір взводта, бір бөлімшеде болдық.

– Міне, қызық! Тағы не білесің, бар ма, тірі ме?

– Бар ма, тірі ме білмеймін. Қызыл­ор­дада жоқ екені анық. 1942 жылдың та­мы­зында училищені екіге бөлді. Бір бө­лігін Сталинградқа жіберді. Мағау аға­мыз Сталинград түбіне, мен Ленинград май­данына жіберілдік. Күлкен деген қарын­дасы болатын. Бізбен бір мектепте оқыған. Майданнан келгесін іздеп едім, Алматыға оқуға кетті дегенді естідім. Қазір Алматыда тұрады деген сөз бар. Жұбайы ғалым дейді.

– Неге іздеп таппайсың, ағаң, оқыту­шың болса, армияда бірге болсаң, қарын­дасымен бірге оқысаң, ағасын іздеп табуың керек қой. Алматы – Нью-Йорк, Шанхай, Токио емес, кішкене қала емес пе?! Іздесең, табасың. Ізде, тап, тағдырын біл! Мұның жа­рамайды, ұят, – деді Сераға ренішін біл­діріп.

– Сераға, ескертуіңіз дұрыс-ақ. Бірақ арада жарты ғасыр өтті. Іздеу салғанда кімді табамын? – дедім.

Мен 1938 жылы Ақтөбеден Қызылорда­ға келдім. Оқу жылы басталатын күн де жақын­дады. Үйіміз педучилищенің түбінде еді. Қасында К.Маркс атындағы 7 жылдық мек­теп бар. Сол мектепте оқуды шештік. Мек­тептің оқу ісін басқарушы Хакимовке Ақтөбенің №6 мектебінің алтыншы класын бітірген куәлікті тапсырдым.

Мұғалімдер құрамы онжылдық мек­теп­терден артық болмаса, кем түспейтін: есептен Жамал Байжанова, тарихтан Пі­рімбетов, орыс тілінен Мун, қазақ тілінен Мұ­са Арыстанов, биологиядан Мағау Са­дуақасов сабақ беретін. Мағаy ағамыз не­гізінде педучилищенің оқытушысы еді, біз­дің мектепке қосымша сабақ берді. Өр­нектеген қисық жаға көйлек, кілем та­қия, қоңыр шалбар, жылтыраған туф­ли­мен жүретін. Орта арықтау бойына осы киім­дері жарасатын, қазақша айтқанда, өзі­не құйып қойғандай болатын. Сократ маң­дайлы, жасы 30 шамасында еді. Мінезі кең, қарапайым, ұстамды, кішіпейіл, сабақты аз сөзбен дәлме-дәл түсіндіретін. Жауаптың нақтылығын қалайтын. Көп сөйлегенің үшін емес, білгенің үшін, игергенің үшін ға­на баға алатынсың.

Сөзуарларға «Шырақ, биология – әде­биет, тарих емес, нақты ғылым. Дәл, нақты айт, білмесең уақыт алма! Екінші сабаққа даярланып кел!» дейтін.

1938-1940 жылдары Ергеш Адаев екеу­міз «Октябрь балалары» газетіне, мен қо­сымша «Пионеры Казахстана» газе­тіне үз­бей мақала жазатынбыз және жазған­дарымыз жиі жарияланатын. Белсенді, ек­пінді тілшілер саналатынбыз.

Бірде Мәкең сабақ аяқталғаннан кейін:

– Жұмабаев, көшeгe шығайық, қыды­райық, әңгімелесейік, – деді. Мен ере шық­тым, 10-15 минут үнсіз жүрдік.

– Сен газеттерге жиі жазып тұрасың ғой. Мақалаларыңды оқимын. Жазушылық қабырға газетінен басталады. Қазір жер жүзін таңдандырып жүрген ақын ағала­рың қабырға газеттері арқылы дүниеге келген. Мен КазПИ-де көптеген ақын-жа­зушымен бірге оқыдым. Олар өлең­дері қабырға газетіне шыққанда ұйқы көр­мейтін, қуанышында шек болмайтын, ма­­заны алатын. Әдебиет үйірмесіне қа­тыс­қан кездерім болды. Талас, айтыс қы­затын. Үлкен ағаларымыз ғана басатын. Қа­зір біреуі бар, біреуі жоқ. Әдебиетпен ай­налыссаң, шындап айналыс. Шын бе­ріл­месең, үлкен мақсат етпесең, ешнәр­се шықпайды. Өлең жазбайтын жас бол­май­ды, мыңның бірі ғaнa ақын болады. Абай ғасырда бір туады, – деді.

1940 жылдың шілдесінде ағамызды Қазалыға жауапты қызметке тағайындады да, сонда көштік. Маған бірге оқыған жол­дастармен, достармен, мұғалімдермен қош­тасуға тура келді. Құрметтейтін оқытушым Мәкеңмен де қоштастым. Ол өткендегі ақылын қайталады.

Қазалыда 8-класта оқыдым. Сосын ау­­дандық газетке алмастым. Ұлы Отан соғысы басталды. Өмір күрт өзгерді. Маған да кезек 1942 жылдың 10 наурызында келді. Сәуір айының басында Алматы жаяу әскер училищесінің курсанты болдым.

Казарманың ұзын коридорында жаңа келгендермен ұшыраса кеттім. Ішінен Мә­кеңді, Мағау Садуақасовты, өзімнің оқы­тушымды, ақылшымды көрдім.

«Ағай, Мәке!» деп құшақтай кеттім, кө­зімнен жас та шықты. Командир: «Сөй­лемеңіз, кейін сөйлесерсіз. Садуақасов та училищенің курсанты» деп жекіп алды.

О, тағдыр! Мәкең училищенің №3 жаяу әскер батальоны 12-рота 4-взводтың кур­санты болды. Бұл – біздің взвод, біздің рота. Қуанышымда шек жоқ. Бұрын кел­ген жолдастарға, әсіресе Қызылорда облы­сынан келгендерге таныстырып жатыр­мын. Қызылордалықтардың Мәкеңді та­­ны­май­тын, білмейтіндері болмады. Бар­лығы да ерекше құрметтеді.

Әрине, армия өмірі, әсіресе, соғыс ке­­зіндегі армия өмірі мүлде басқаша. Ауырт­­палыққа 18-19-20 жастағылар тез қа­лып­тасты, тез үйренді. Жасы ұлғай­ған­дарға оңай болмады. Мәкеңе де көп қиналуға тура келді. Оған әсіресе, ұзын­дығы 3 метр­ге жақын балтырға орайтын құрды (об­мотканы) байлау ақырет болды. Қатарда келе жатқанда құр шешіліп ке­тіп, взвод командирінің жәрдемшісі Лев­ченкодан ескерту алу, арына тиетін сөз есту жанына қатты батты. Қарсы келуге шама жоқ, ішінен тынып шыдап бағатын.

Алматыда 1942 жылдың мамыр, мау­сым айлары өте жауынды болды. Бірнеше рет лагерьден қаладағы казармаға көштік. Өзендер тасыды, буырқанды. Оқу-жаттығу кезінде тасып жатқан өзеннен өттік. Мәкең қолындағы aғаш мылтығын (винтовка) абайсызда түсіріп алды. Тасқын су мыл­тықты лезде ағызып алып кетті. Взвод ко­мандирі, кіші лейтенант Гордиенко басын шайқап: «Курсант Садуақасов, қаруына ие болмайсың ба?» деді де қойды.

Левченко осы оқиғаны төтенше жағ­дайға айналдырып, айқай-шу шығарды. Акт жасады, рота командирі аға лейтенант Шевцовқа, батальон командирі капитан Мякишевке рапорт жазып берді. Мәкеңнің басына қара бұлт төнді, мазасы кетті. Ішіміздегі батылдау Көккөзов:

– Левченко, сен қу ағаш туралы сөзіңді қоймасаң, түнде аузыңа орамал тығып үн шығармайтындай етіп, мойныңа тас байлап, Алматинканың ең терең, ең ағысы қатты жеріне лақтырып жібереміз. Ешкім таба алмайды. Өлімің бізден болады. Са­дуақасов кім, сен кім? Фамилияңды дұ­рыс жаза да алмайсың. Командирлердің ма­лайы, үретін иті. Ескертеміз, сөзді қой­ма­саң өлер сағатың жақын. Тірі жүрем десең, Садуақасовқа ғана емес, бірде-бір қазаққа тіліңді қадамайсың, тіліңді жыланның тіліндей суырып аламыз. Қай жерде, кімнің жерінде жүргеніңді біл, шегір көз! – деді. Бұл жерде Жұбанов, мен, Жұбаниязов бол­­дық. Левченко ауызын аша беріп еді, Көк­көзов ақырып жіберді.

– Үндемеймін деп антыңды бер! – деп бұйырды. Левченко үндемеуге антын бер­ді. Батырға да жан керек.

Взвод екі палатаға орналасқан. Мәкең екеуміздің төсегіміз қатар. Левченко да бізбен палаталас. Шаршаған Мәкең бірден қатты ұйқыға кетті. Менің ұйқым жеңілдеу, тез оянамын. Левченко жаман қорыққан екен, кейде көрер таңды көзімен атқызып, жүдеді.

Кезекті далалық тактикалық оқуға шық­қанда маған:

– Ағайындарың көзімді жоймақшы, Ана Көккөзов пен Жұбаниязовтан қорқамын. Ойлары да, түрлері де жақсы емес, – деді.

– Қорықпаңыз, сіз қазақтардың арасын­да туған, өскен адамсыз, мінезін білесіз. «Екі сөйлеген өлім» деген сөзді естіген шы­ғарсыз. Сіз екі сөйлемесеңіз, олар да екі сөйлемейді. Ал Садуақасовқа келсеңіз, ол – менің оқытушым, құрметтейтін адамым. Тіл тигізбеуіңізді өтінемін, – дедім. Лев­ченко уәде берді, обалы не керек, сөзінде тұрды. Мәкең туралы еш әңгіме айтпайтын болды.

Командирлердің де командирі бар. Екінші взводтың командирі, лейтенант Ел­кин нағыз зиялы жан еді. Кейде 2-4 взвод бірге жаттығамыз. Елкин жаттықтырушы болады.

Үзіліс кезінде Мәкеңді шақырып алады, шинелін төсейді. Екeyi ұзақ әңгімелеседі. Кейбір әңгімелерінен кейін «Садуақасовты армияға шақырмаса да болар еді. Тылға да білімді адамдар керек емес пе? Сіздер, қазақтар асыра сілтеуді жақсы көресіздер» деп сынап та алатын.

Жасы 50-ден асқан, саяси-әлеуметтік циклдан сабақ беретін аға саяси жетекші Востриков еді. Орталық Комитетте жауап­ты қызметкер де болған. Біздің ротаға кел­генде «Садуақасов, бері келіңізші, әңгі­мелесейік» деп Мәкеңді қасына отырғызып нені бітіргенін, не істегенін сұрап, түрлі тақырыпта әңгіме қозғайтын. Мәкеңнен қа­зақ халқының тарихынан, әдет-ғұрпы­нан, салт-санасынан, мәдениетінен қысқа анық­тамалар алып, көп-көп рақметін айтып, жылы қоштасатын.

Курсанттарға жексенбі күні демалыс берілетін. Әңгімелесуімізге мүмкіндік те туатын. Мәкеңді әңгімеге шақырамын. Сту­денттік жылдары кімдермен оқығанын, кім­дердің оқытқанын сұраймын.

– Көбіне орталықтан түрлі себептермен Алматыға келген ғалымдар оқытты. Сен тісіңнен шығарушы болма, Санжар Ас­фен­дияров, Ахмет Жұбановтың aғacы Құ­дайберген Жұбанов, Сәкен Сейфуллин, та­ғы басқа да профессорларымыз болды.

Қазір республикалық басшылық қыз­меттерде жүрген Махамбетжан Әбді­ха­лықов, Серғали Толыбеков, Ахмет Сем­баев­пен, ғалым Қажым Жұмалиевпен, Ха­мит Науановтың ағасы Ғадылша Аяпбер­геновпен, атақты ақын Тайыр Жароковпен, сыншы Есмағанбет Ысмайыловпен бірге оқып, институтты бірге бітірдік, – деді.

1942 жылдың 20 тамызы. Лагерьде жа­уынгерлік дабыл қағылды. Училищенің 5 батальоны орталық алаңға сапқа тұрды. Генерал-лейтенант даусы дірілдеп, Сталин­нің атышулы «Бір адым кейін шегінбе!» деген № 227 бұйрығын оқыды.

Екі күн өтті, 4-5 батальон, 1-2-3 ба­тальоннан 100-150 курсант майданға атта­натын болды. Бұл қатарға Мәкең де ілінді.

– Теңел, қарағым, інімдей болып ке­тіп едің. Бірге соғысқа баруға жазбады. Соғыстың аты – соғыс. Ойыншық емес. Бір-бірімізді ұмытпайық. Аман-сау көрі­сетін болалық. Артық кеткен жерім болса, кешірерсің, – деді.

– Aғa-ay, кешіретін не бар? Майданға бөлек аттанатынымыз батады. Қай май­дан­да соғыссақ та, аман болайық! – деп, Мә­­кеңді құшақтадым. Көзімнен жас тө­гілді.

Біз өлім туралы ойламайтынбыз. Аман­дықпен келеміз деген үміттен басқа ой келмейтін.

Мәкеңдер майданға аттанғаннан ке­йінгі 2-3 батальонның курсанттары да қы­зыл вагондарға тиелді. Тамыздың 25-де Қызылордадан, 26-да Қазалыдан өттік. 5 қыркүйекте Волхов майданының құра­мында Синявино түбіндегі күзгі шайқасқа қатыстық. 1943 жылдың 4 тамызында сол қолымнан ауыр жараланып, сол жылдың 31 желтоқсанында Қазалыға келдім.

1997 жылдың желтоқсанында облыстық «Кызылординские вести» газетін қарасам, 3-бетінде «Мағау Садуақасовтың тағдырын кім біледі?» деген мақалаға көзім түсті. Мақаланы түні бойы бірнеше рет қайталап оқыдым. Ұйқым шайдай ашылды. Таңды асыға күттім. Сағат 9-да редактордың бі­рінші орынбасары И.Корнилов мырзаға телефон соғып, «Садуақасовты мен білемін, қарындасына хабарла» деп өтіндім. Жарты айдай күттім, кешкілік екі қарындас келіп тұр. Таныстық. Мәкеңді іздеуші Рахима екен. Маған суретін көрсетті. Бірден та­ныдым.

Мәкең туралы қысқа естелік жазамын деп уәде бердім. Міне, сол қысқа естелік жазылды. Әңгіме естеліктің көркемдігінде емес, ағамызды қолдан келгенше көз алдымызға елестетуде ғой. Мен өзімше бұл мақсатқа жеткендеймін, орындағандаймын.

Бір нәрсе даусыз, Мәкең қазақ зиялы­ларының алғашқы қарлығаштарының бірі болды.

Теңел ЖҰМАБАЕВ.

Қызылорда қаласы, наурыз 1998 жыл.