Жарқын күннің есігі жақсы оймен ашылады

419

0

Төтеннен келген коронавирус індеті іштен шалып іргелеп, төрімізге шықты. Әр адам өзінің әлемнің бір бөлшегі екенін сезінген сәт туды. Аурудың ел таңдамайтына, жер таңдамайтынына көзіміз анық жетті. Алғашқы кездерде көпшілік көңілінде күйбең тіршілік салмағының басым тұрғаны рас. Қазір бұл ойдан жұрттың бәрі арылды. Күн сайын жақынынан айрылған ағайынның ащы мұңын көзімізбен көріп, қайғыға ортақтасып отырмыз.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай Ұлттық аза тұту күнін жариялады. Бұл елдің басына түскен салмақты әрбіріміздің жүрегімізбен көтерісетін кезіміз. Жақсы сөз – жанның дауасы. Ел Президенті халыққа арнаған телевизиялық үндеуінде әр азаматтың қазасы жүрегіне бататынын айтты, «әр қазақ менің жалғызым» деген рухты сөзді тілге тиек етті. Арамыздан жақындарымызды әкетіп жатқан індетке қарсы күрестің жалғаса беретінін жеткізді.

Індетке қарсы шаралар мемлекеттік тұрғыда нықталып, шектеулер күшейтіліп жатыр. Мұның бәрі халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған іс-қимыл. Ақиқатында, біздің күресіміз – әрбіріміздің тәртіпке бағынып, өзімізбен бірге өзгенің де амандығын ойлау, халыққа төнген қатерді сейілту.


Қоғам жанашырлары короновируспен күресті «мылтықсыз майдан» деп атады. Әкелеріміз майданда елін қорғап, жан берді. Бізден осының тереңіне мән беру сұралып отыр. Бүгінгі әрбір әрекетіміздің ел-жұрттың ертеңгі есен-саулығына тікелей әсер ететінін естен шығармауға тиіспіз.

Сонымен бірге, қолымыздан келгенше халықты ауыр жағдайдан алып шығуға қол көмегімізді аямауымыз керек. Осыған байланысты қазақтың ауызбіршілігін танытқан қуанарлық істер де баршылық. Еріктілер тыныс алу аппараттарын көптеп сатып алып, ауруханаларға жеткізіп жатыр. Ат үстіндегі азаматтар қызметтік көліктерін жедел жәрдемге ауыстырды, кәсіпкерлер жеке ғимараттарын көптің мүддесі үшін пайдалануға берді.

Тарихқа көз салсақ, осындай қиын-қыстау, алабөтен кезеңдерді ел іші бірлігімен, ынтымағымен жеңген. Елдің күші – селдің күші. Егер бір мүддеге, бір ниетке біріксек – алынбайтын асу, тосқын бермейтін тасу жоқ.


Ел Президенті жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сын сағатта халықтың тағдырына жауапты тұлғалардың есепке тартылатынын ашық айтты. Сондықтан аз уақыт ішінде билік тарапынан кеткен кемшіліктер жедел жөнделіп, барлық мақсат халық саулығы жолына жұмылдырылмақ.


Мамандар ендігі жерде күн сайын кеселдің беті кері бұрыла береді деп болжайды. Осы жақсы ойдан айнымайық. Әртүрлі ақпарат деректерінде, әсіресе әлеуметтік желілерде еліміздің саясатына қарсы бағытталып таратылатын жалған сөздерге бой алдырмайық. Нақты ақпарат көздеріне ғана құлақ асқанымыз абзал.

Дүниедегі ең бақытсыз адам отансыз адам деген. Біз Қазақстан деген отанымыздың бар екеніне марқаяйық. Оның саулығына, амандығына қызмет қылуды перзенттік парызымыз деп мақтанайық. Отынымыз аман болсын, оның саламат қалпын ұрпағымызға аманаттау – біздің қасиетті міндетіміз.


Ақ батасымен елдің амандығын тілеп отырған барша ардагердің атынан індеттен көз жұмған жерлестеріміздің туғандарына, жақындарына көңіл айтамын. Алдағы күндерде отбасыларыңызға тек шуақ пен қуат құйылсын. Бала-шағаларыңыздың бақытты болашағына куә болғайсыздар.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз