Жол – игілік бастауы

5

0

Жыл басталғалы жол құрылысы қызу қарқын алды. Соның ішінде облыс орталығындағы С.Торайғыров көшесінен «Құмкөл» трассасына дейінгі Сағымбаев көшесі қайта жаңғыртылуда. Мердігер – «Қыран» ЖШС. Аталған жолдың жайын білу үшін құрылыс басында болып қайттық. Жауапты маман Ерсұлтан Бақберген мұндағы жұмыс барысын кеңінен айтып берді.

– Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталды. Көшенің ұзындығы – 2174 метр. Бұрын екі жолақты болса, енді төрт жолақты етіп кеңейтеміз. Сонда ені 15 метрге дейін кеңейіп, екі жанына жаяу жүргіншілерге арналған жол мен заманауи жарық бағаналары орнатылады. Жөндеу жұмыстарына 12 адам мен 10-нан астам техника жұмылдырылған. Алдағы уақытта 50-ге жуық адам еңбек ететін болады. Ескі жол 100 пайыз қырып алынуда. Қажетті шикізаттың бәрі жергілікті өнім. Ең алдымен тас салынады, биіктігі 35 сантиметрге дейін. Одан әрі асфальт сынды тиісті материалдар қолданылып, жолдың төсеніш биіктігі 65 сантиметрге дейін  жетеді. Сапа бақылауда, жыл аяғына дейін жаңа көшені пайдалануға беретін боламыз, – дейді жауапты маман.

Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  дерегінше, жол-көлік инфрақұрылымы бойынша қала және қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтерде 21 жоба іске асырылады. Онда ұзындығы 53,9 шақырымды құрайтын 62 көшеге күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Қала бойынша 27,6 шақырымды құрайтын 30 көше жөнделеді. Мұнда 16 көшенің құрылысына мердігер ретінде «Қызылорда жолдары» ЖШС жауапты болса, Сағымбаев көшесін жөндеуді «Қыран» ЖШС атқарады. Н.Назарбаев даңғылы, Иманов, Бозгүл-1, Наурыз және Есенов  көшелерін қайта жаңғыртуға «УАД» ЖШС жауапты. Сондай-ақ қала көшелерін салу және асфальтбетон жол жамылғысын күтіп ұстау жұмысы «Алем Транс Жол» ЖШС мекемесіне жүктелген.

Бұдан бөлек, 16 жоба кент және ауылдық округтерде жүзеге асырылады. Тасбөгетте 5,1 шақырымды құрайтын 4 көше, Белкөлде 1 көше жөнделсе, Қызылөзек, Қызылжарма, Ақсуат, Талсуат ауылдық округтерінде де жаңғыртылатын көшелер бар. Демек, қаладағы жол-көлік құрылысы белгіленген жоспармен ілгері жылжи бермек.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»