Елімізде жөнделетін жолдар көлемі жылдан-жылға артып, сапасы жөнінен де айтарлықтай алға жылжу байқалады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ хабарлағандай, биыл Қазақстанда автомобиль жолдарының 11 мың шақырымнан астамы жол жұмысының барлық түрімен қамтылмақ.
– Жол құрылыс маусымы аясында республикалық маңызы бар жолдардың 8,9 мың, жергілікті жол желісінің 2,3 мың шақырымына құрылыс, қайта жаңарту және жөндеу жұмысы жүргізіледі. Соның ішінде 3,5 мың шақырым жолдың құрылысы мен оларды қайта жаңартуды аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу бағдарламасы аясында биыл шамамен 2 мың шақырым жолды аяқтау көзделген, – делінген хабарламада.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының мәліметінше, Қызылорда облысы аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3525 шақырым. Оның 1024,5 шақырымы – республикалық, 555,6 шақырымы – облыстық, 1944,8 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.
– 2026 жылы жол инфрақұрылымын дамыту бағытында 146 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өткізіледі. Соның ішінде 10,5 шақырым автожол салынады. Сондай-ақ 55 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Елді мекендерде 29,6 шақырым көше жолдары жөнделіп, 50,6 шақырым жолға асфальт төселеді. Өткен жылдың қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы индикаторлық көрсеткіші 95%-ға жетсе, 2026 жылы бұл көрсеткішті 95,2%-ға жеткізу жоспарланып отыр, – деді филиал директоры Нұрбол Абызбаев.
Жол құрылысын сапалы жүргізудегі басты факторлардың бірі – білікті кадр. Дегенмен, бұл мәселе тәуелсіздік тізгіні қолға тигелі 35 жылға жетсе де әлі күнге күрделі күйінде қалып келеді. Сөзімізді біз сұрау салған құзырлы мекемелер растап отыр.
– Жол құрылысы саласында көбінесе жұмысшы мамандар, оның ішінде жол жұмысшылары, механизаторлар, арнайы техника жүргізушілері және инженерлер тапшы. Қазіргі күні өндіріс орындарын жұмысшы мамандармен қамтамасыз ету мақсатында орта және жоғары оқу орындарымен жұмыс жүргізілуде. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен 10-ға жуық жоғары және орта оқу орындары өзара меморандум қабылдаған. Онда оқу түлектерін жұмысқа орналастыру, соңғы курс студенттерін дуальді білім жүйесі арқылы өндірісте тәжірибеден өткізу әрі келешекте жұмысқа орналастыру мәселесін шешу қарастырылған, – делінген компания таратқан хабарламада.
«ҚазАвтоЖолдың» жауабын Жол активтері сапасының ұлттық орталығы да қуаттады.
– Қазақстанда автомобиль жолдарын салу, жөндеу және қолдау саласында білікті мамандардың айтарлықтай тапшылығы байқалады. Біріншіден, елімізде инфрақұрылымдық жобалардың ауқымы кеңейді, жол-көлік құрылысы қарқын алды. Екіншіден, жол саласында ескі кадрлар бүгінде еңбек жолын аяқтап, зейнеткерлікке шығып жатыр. Олардың орнын ауыстыратын кәсіби жас мамандар аз. Мәселен, жол құрылысы бойынша қазіргі таңда инженерлік-техникалық кадрлар тапшы. Соның ішінде жолдарды жобалау, техникалық басқару, сапа бақылау бойынша жол инженерлері, техникалық қадағалау мамандары жетіспейді. Құрылыс сапасы мен материалдардың стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ететін зертханалық техниктер тапшы. Алысқа бармай-ақ қояйық, аймақтағы жол салушы компаниялардың өзі шет елден маман шақыруға мәжбүр. Өйткені еліміздің еңбек нарығында асфальт төсейтін техниканы жетік меңгерген мамандар аз. Ал үлкен жобаларға қатысу үшін білікті кадрлардан құралған жұмыс күші керек, – деді филиал басшысы.
Осы орайда «Ала жаздай шақырайған күннің астында, желдің өтінде жүріп бір тынбайтын мамандық иелерінің тапқаны еңбегін ақтай ма?» деген сұрақ туындайды. Жол активтері сапасының ұлттық орталығында қарапайым зертханашы 300 мың теңге алса, инженер қызметкердің жалақысы 500 мың теңге шамасында екен. Одан бөлек, арнайы әлеуметтік пакеттер қарастырылған. Мысалы, басқа қаладан келген мамандарға қызметтік пәтер ұсынылады. Шет елдерде біліктілік арттырып, тәжірибе алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ орталықтан өндірістік тәжірибеден өтетін университет пен колледж студенттерін ынталандыру мақсатында 80 мың теңге ақы төленеді.
«ҚазАвтоЖол» еңбекақы мөлшері аймаққа, маманның кәсіби біліктілігі мен жұмыс өтіліне, сондай-ақ қызметіне байланысты екенін жеткізді. Жұмысшы мамандар аймақтағы коэффициентке байланысты бәсекеге қабілетті деңгейдегі еңбекақысын алады. Инженерлердің еңбекақысы санатына, жұмыс өтілі мен жобаның ауқымына қарай төленеді. Жол саласында мамандарға әлеуметтік пакет қарастырылған. Оған міндетті әлеуметтік сақтандыру, төленетін еңбек демалысы, ауырғаны туралы парақты төлеу, арнайы киіммен қамтамасыз ету, жеке қорғайтын заттар, сондай-ақ біліктілікті арттыру бойынша оқыту кіреді.
Жауапты мекемелер мектеп бітірген жастар арасында жол салушы мамандықты дәріптеп, үгіт-насихат жұмысын үздіксіз жүргізіп келеді.
– Біздің облыста бұл бағыттағы мамандықтар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжінде оқытылады. «2000 мектеп» жобасы аясында мектеп оқушыларына жол мамандығы бойынша кәсіби бағыт-бағдар береміз. Филиалда жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған ашық есік күні өтіп тұрады. Мекемеге келген студенттер ашық есік күні аясында жол құрылысындағы әртүрлі материалдардың сынақтан өткізілу барысымен танысады. Оқу орнында теориялық білімін жетілдірген жастардың мамандыққа қызығушылығы оянады. Мұндай іс-шаралар болашақ жолшыларға бағыт-бағдар беруге бағытталған, – деді Нұрбол Абызбаев.
Ал елімізде 8 жоғары оқу орны «Көлік құрылысы» білім бағдарламасы бойынша кадрлар даярлайды.
– Жыл сайын сәуір-мамыр айларында ел бойынша мамандарымыз түлектермен кездесу өткізіп, жол саласының қыр-сырын таныстырады. Талапкерлердің ынтасын ояту бойынша осы салада жетістікке жеткен мамандардың еңбек жолын насихаттап, қандай ерекшеліктері барын тілге тиек етеді. Оқу орындарымен меморандум жасасып, кадр әзірлеу бағытында ауқымды жұмыстарды атқаруда. Олардың тәжірибе алуынан бастап жұмысқа орналастыру мәселелерін шешуге ықпал етеміз, – делінген «ҚазАвтоЖол» жауабында.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





