Тарих деген тағылым таңбасы секілді. Өткен өшпейді, бар нәрсе бағаланады. Бұл да бір бағалы бұйымға ұқсайды.
Ұлы Жеңіс ұмытылған жоқ, жанқиярлық ерлік пен жасампаз елдіктің үлгісі әлі маңызды. Талай боздаққа туған жердің топырағы бұйырмады, талай тағдыр жарымжан қалды, майданнан тірі қайтқанның да жаны жаралы еді. Сол соғыстың жарасы жазыла қояр ма екен, тәйірі?
Садық әкеге де Отан деген ыстық мекенді қорғау міндеті жүктелді. Сондықтан 1943 жылы ІІІ Беларусь майданының құрамасына қосылды. Өзі сапер, шені бөлімше командирі ретінде ол Балтық бойындағы Гранс қаласын азат етуге араласты. Осал жау жоқ, қалаға кірер қай қақпаның да аузын миналап тастаған. Бір қадам жасау мұң. Ажал құшу аяқ астынан.
Екі мәрте Кеңес Одағының батыры, армия генералы И.Черняховскийдың тікелей бақылауында болған «Кенигсберг операциясы» жауға тұтқиылдан тап берудің аса шебер шабуылы еді. Бірақ көсіле шабуыл жасауға кедергі бар.
Қалың әскерді толық құрамда кіргізу үшін көпір беткей мен тас жолды минадан тазалау қажет. Бұл танк бригадасын тежеп, шабуылды шектеп тұр. Айтуларына қарағанда, жаудың күші басым, қаһар-айбаты да жантүршігерлік секілді. Оның бұғауын бұзатын тек осы төте тас жолмен соққылау ғана.
Мұндай жауапты тапсырманы жауапкершілігі мол жалаугер жауынгерлер атқара алады. Бұған сержант Садық Жұмағұловтың саперлер бөлімшесі таңдалды. Оның таңдалуы тектен-тек емес, бұған дейін бірнеше операцияны орындау шеберлігі шынайы бағасын алған. Сондықтан сақа Садыққа сенім артып отыр.
Бөлімше қою қараңғылықты жамылып, құрал-сайманын асынып, дереу аттанды. Әрбір аттам жер қауіпті, бір мина бірнеше жауынгерді жаралауы мүмкін. Сол себепті төңіректі толық тексермей болмайды. Әлсін-әлсін жаудың жарық беретін салюті атылса, бұлар жерге жата қалады. Адамның қарасын жасырып әлек.
Жиырма жасында мектеп директоры болған Садық қол астындағыларды баласындай көреді, оларды сергек болсын деп сақтандырып қояды.
– Абай болыңдар, өмірлерің алда!
Мұнысы олар оқыс қимыл жасамасын дегені.
– Командир, айтқаныңыздай болады, – дейді сарбаздар.
Алыстан көмескіленіп көпір көрінді. Діттеген жер таяғанын сезген Садық Жұмағұлұлы ендігі мақсатты межелеп алды.
– Бауырлар, алдымызда аз жер қалды деп асығыстық жасамайық. Ұқыпты, сақ болыңдар, – деді істік темірді қара жерге қадап жатып.
Бөлімшеге айтылған әрбір бұйрық күткендегідей орындалып, адам шығынына жол берілмеді. Аумақтағы соңғы мина залалсызданып, олар таң сыз бере отрядқа оралды.
– Саулығыңды тілеймін, жолдас капитан. Сіздің тапсырмаңыз бойынша мина даласы тазартылды, – деді сержант өз рапортында.
– Жарайсың, Жұмағұлов! Бөлімшенің батыл қадамына алғыс жариялаймын!
– Кеңес Одағына қызмет етемін!
Осы сәтті асыға күткендей әскерилер де дайын екен, дереу шабуылды бастап жіберді. Гүрс-гүрс зеңбірек соққысынан құлақ тұнады. Танкті ықтап, жаяу әскер алға жылжып барады. Ал артиллерияның екпіні күшті, еселеп соққы жасауда. Әбден амалы таусылып, зеңбіректен зәрезап болған немістер тым-тырақай қашты. Өлгені өлді, тірісі орманға жасырынды. Осылайша Шығыс Пруссиядағы қамалдың тас-талқаны шықты. Бұл кеңестік әскерилерге рух берген жеңіс еді.
Ерен ерліктің үлгісін көрсеткені үшін Садық әкемізге «Кенигсбергті алғаны үшін» медалі табысталды. Сөйтіп кеудесін жарқыратып тұрған «Отан соғысы» орденіне тағы бір медаль қосылды. Жұмағұловтың жауынгерлік жолында мұндай ерлік дастаны талай шертілуге тиісті.
Майдангер мұғалім 1946 жылы елге оралды. Туған жердің топырағы қандай ыстық десеңші, айқара құшақ ашқан бауырлары, туыстары оны батыр деңгейінде бағалап бақты. Қан майданнан аман оралу бір бақыт, ағайынның арасы мың бақыт ғой, қуанышпен қауышқан қауым сарбаз Садықтың бұл сәтті қадамын құт санады. Елге ұстаз ауадай қажет, кәсіби маман жетіспейді. Соны себеп етіп, оны қалқалап жүр.
Бейбіт өмірде ол Ақшатау, Райым, Қамбаш ауылдары мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырды. Оқушылар арасында мектеп жасынан өтіп кеткен балалар да бар. Көбісі балықшылардың балалары. Әкелері айлап айдын жағалап кетеді, шешесіне қолқанат болатын үйде баладан басқа кім бар? Сондықтан мектеп табалдырығын кештеу аттауға мәжбүр. Ал үкіметтің тапсырмасы бойынша жаппай білім алу керек, сондықтан сельсоветтегі тізіммен мұғалім үй-үйді аралап, оқушы жинайды. Осылай қауырт жұмыс қолды байлап, уақыт жылжып жатты.
Жиырма үш жастағы Садықты жеңгелері жиі мазалай бастады. «Бұлай саяқ жүргенің жараспас, қызметкер жігітке қызметші қыз керек» дейді олар. Бойдақ өмір өзіне де ұнамайды. Бірақ көңілдегі кісіні жеңгелеріне әзірге ашып айта алмады. Ол құпия күйде қалып келеді.
Талдырмаш қыз Төлеген Иманалина – 1924 жылы Қамбашта туып, 1941 жылы осы ауылдағы орта мектепті үздік бітірген түлек. Соғыстың лаңы әрі қарай оқуына мұрша бермеді. Десе де зерек те ақылды қызды мектеп дирекциясы мұғалім етіп қалдыруды ұйғарады. Оған негіз қыздың қабілеті, барлық пәнге сауаттылығы және оқушылар арасында өте беделді болуы еді. Ұстаздық жолы енді басталса да қысқа уақытта білім беру әдістемесі мен оқушылардың үлгерімі ерекше көрсеткішке ие болды. Басқасын былай қойғанда, тәжірибелі ұстаздардың тәлім-тәрбиесінен басып озды. Осы жетістік оның озық орнын, білімді, еңбекқор, ұқыпты қасиетін танытты. Мектептің оқу ісінің меңгерушісі лауазымына тағайындалуына осы ерекшеліктері есепке алынды. Жаңа қызмет өрімдей қызды өте жігерлендірді, мектепте білім сапасының артуына айрықша еңбек сіңірді. Ал 1944 жылы небәрі жиырма жасында мектеп директоры болуы ауыл үшін айтарлықтай жаңалық еді. Оны жас деп емес, интеллегенция өкілі ретінде қабылдады. Білім ұясының тарихындағы төртінші директордың біліктілік санаты жаңа дәуірдің педагогі деген атқа лайықты еді. Мектеп табалдырығын енді аттаған жас буынның дүниетанымын кеңейтіп, тұлғалық қасиеттерін шыңдай отырып, олардың білім алуына, дамуына бағыт беріп, болашаққа сеніммен қадам басуына жол көрсететін тұлғаға айналды.
Абыройлы арудың атақ-даңқы дүрілдеп тұрғанда жігіт Садықтың жүрегі қалай жібімесін, ағайынға айтып, құда түсті. Сөйтіп 1948 жылы олар отау құрды. Осы жылы жаңа түскен келін Райым орталау мектебінде директор, кейін отбасылық жағдайға байланысты Қамбаш және Бөген мектептерінде мұғалім болды. 1948 жылы партия қатарына қабылданып, 1965 жылы ерен еңбегіне орай «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағына ие болды.
Ерін сыйлаған әйелді елі де сыйлайды ғой. Ол жоғары қызметтен гөрі жолдасының өсу жолы қалыптасқанын қалады. Сондықтан өзін ерден төмен ұстады, отбасының бақытын биік қойды. Десек те 1961 жылы бөгендіктер Төлеген апайды ауылдық кеңестің депутаты етіп сайлады.
Садық Жұмағұлов Арал ауданындағы айтулы азаматтың бірі болды. Оны көпшілік ұстаздардың ұстазы, директорлардың кураторы деп дәріптейтін. Қатардағы мұғалімнен оқу ісі жөніндегі орынбасар деңгейіне жетіп, қасиетті мамандықтың туын түсірмей, тұғырын тіктеп, тәлімін сіңіріп, тағылымын оздырып, жыл сайын жыл құсындай жас түлекті ұшыра отырып, жаңа буынды баласындай бауырына басып келді. Сөйтіп физика-математика пәні бойынша кәсіби маман ретінде білім игілігінің берекелі иесіне айналды.
Садық Жұмағұлұлы 1967-1986 жылдар аралығында ширек ғасыр бойы №20 Бөген орта мектебінің директоры қызметін атқарды. Жәй басқарған жоқ, өзіне ұқсаған математиктер шоғырын шығарды. Облыста бірінші болып ЭВМ жүйесі осы мектепте тәжірибеге енгізілді. Білім сапасы артып, алтын медаль иегерлері өсті. Аудандағы ең үздік мектеп атанып, білім нәтижесімен көш бастап тұрды.
Әрине, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет болса, бірінші кезекке ұстаздар біліктілігін көтеруді қойды. Тіпті өзі де Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында оқыды.
Ұжым сүттей ұйып, қаймақтай қатып, бір-біріне жанашырлықпен қарау, біліктілік жөнінен болысу секілді дәстүрді қалыптастырды. Соның игілігінен береке-бірлік артты, еңбек нәтижесі еселенді. Бұл іс Жұмағұловтың қастерлі қағидасы еді.
Бүгінде оның шәкірттері ұстаздың ұлағатын ұлықтауды парыз санайды. Арал қаласында бір көшеге Садық Жұмағұловтың есімі берілуі – соның дәлелі. Мұғалім мәртебесі мен мерейі мұнымен шектеліп қалмай, енді ел болып мектепке атын беруді сұрап отыр. Бұл ұсынысты З.Шүкіров атындағы №20 орта мектеп ұжымы бірауыздан мақұлдайды.
Шәкірт дегеннен шығады, оның тәрбиесімен түлеп ұшқан «Парасат» ордені, отандық әдебиет саласы бойынша ҚР Мемлекеттік стипендиясының иегері, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби, халықаралық ПЕН-клуб сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Қуаныш Жиенбай, республикалық әдеби бәйгелердің жеңімпазы, Арал ауданының құрметті азаматы Толыбай Абылаев ұстазымен мақтанады. Садық ағайдың қалтқысыз қызметін олар құрметпен еске алады.
Майдангер мұғалімнің адал маңдай тері марапатсыз емес, ол Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері. Мұнан бөлек, КСРО Оқу-ағарту ісі министрінің, ҚР Президентінің, ҚР Білім және ғылым министрінің, Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрінің Құрмет грамоталарына ие болды. Ал халықтың алғаусыз алғысы мен ақ батасы мұнан да көп. Сондықтан ол сыйлы Садық ағай атанған.
Жалпы айтқанда, облыстық дәрежедегі зейнеткер Садық Жұмағұловтың жауынгерлік жарқын жолы осындай.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»





