Табалдырығыңа табын

755

0

Көсеулей келген кеңес өкіметі тұтас елді бай, кедей деп бөліп тастады. «Байлардың жомарттығы болмаса, кедейлер қиыншылыққа кезігеді, кедейлердің дұғасы болмаса, байлар қиыншылыққа тап болады» дегенді олар қайдан білсін. Сол кеңестік кесір кісі алдын кесіп өтпейтін сыйлы ақсақал Сартайға да жетті. Сондағы кінә тағып, сұрау салғаны мынау:

– Кәмпескеге көнбей малыңызды айдатыпсыз. Дәркен құдаңыз Қытайға ауыпты, артынан келініңізді жіберіпсіз. Өзіңіз де кетпекші екенсіз. Ондайларды Отанын сатқандар дейді…

– Қайдағы Қытай? Шал шыдамай кетті. – Олар өзіміздің Сырдария облысының Ташкен уезіне көшкен. Қазақ кең даласында көшіп жүре береді, шырағым. Ұзаса Наманганға барған шығар.

Бірақ, бұл сөзге қонақ берген кім бар? Ақыры ақсақалды түрмеге жапты. Сартай төрт қабырғасы көгістеніп кеткен тар бөлмеде отырып ойға шомды.

…Арқа жақтың астығын орыстың қалаларына әкетіп жатыр. Ал, бұл жердің жағдайы мүлде мүшкіл. Мал кетті, сән кетті. Аяқасты Төрешінен де айырылды. Былтыр ғана үй болған. «Атан өлсе, сойылар, атаң өлсе, қойылар, мұндай қансонар қайдан табылар?» деп аң десе, алып ұшып тұратын. Содан бір күні билер киетін ішіктей екі түлкіні ат үстінен сүйретіп келді. Жұрт тамсанып, таңғалды. Әнебір қатынның сондағы ләбізі жаман еді. «Түлкі – көздің құрты, оған түскен назар саған да түсті, Төреш…». Осы сөз сеп пе, жоқ па, оны Құдай біледі. Төреш көп ұзамай ыстығы көтеріліп, ыңқыл айналып жатып қалды. Сол кеселден тұрмады.

– Есіктің алды жар ма екен,

Жақындар жолы тар ма екен?

Жеймін деп жардың жантағын,

Жанынан кешкен нар ма екен?

Күлетін кезде күңіренген,

Сорлы мендей бар ма екен? –  деген Сұлудың жоқтауынан ауыл теңселіп кеткен.

Әлгі үш әріптің айтып отырғанындай, атасының келінін төркініне аттандыруы ел іші ожау мен сорпадай сапырылып жатқанда, ең болмаса, өз баласының тұяғы аман қалсын дегені болатын. 

…Ағаш вагонда арып-ашып екі күн отырған келіншек Ташкенге келіп түсті. Ала шапан көшкен жұрт аңырып тұрған ауыл адамынан мән сұрамайды. Олардың ес-дерті – сауда. Нан, су сатқан қатын-қалаш «келең, кенойы» деп алдын орайды. «Өзіміз базарға сыймай жатқанда қазақ түйе жетектеп келеді» деп күлетін өзбек әжетхананың қағазына дейін сатады.

Сұлу аялдамады, Наманганға қарай шығатын пойызға мініп, аман-сау төркінімен қауышты.

– Ауылда ТОЗ деген құрылып, жұрт соған топталды, сосын «Қызыл отауға» барып, сауат ашады, – деп Сұлу ел жайын сұрағандарға.

– Е-е, – деді Дәркеннің тоқалы, – тоз-тозы шығып, тозып кетті десейші.

– Сенің де озып кеткенің шамалы, әңгімеге ұйықпай шайыңды әкел! – деді Бәтима бәйбіше оған жақтырмай қарады.

Шай үсті Сұлу ішім бүріп тұр деп бүгіле кеткен.

– Жолсоқты болған ғой, – деді тоқал.

– Бұл – толғақ, – деді Бәтима.

Бәйбіше біліп айтады, өзі бала таппаса да, әйелдің бәрін босандырған сол. Сұлудың шынымен айы-күні жетпеген, жеті айлық шарана жыламай туды. Бәтима нәрестені кіндігін кесіп орап алған соң, шалдың тымағына салды да, керегеге іліп қойды. Омырау іздегенде болмаса, қозғалмайды. Бәйбіше күн сайын баланың орауы мен керегенің басын ауыстырып отырады. Сөйтіп, тымақ төрден босағаға, қайтадан босағадан төрге қарай жағалайды. Қырық күн өтті дегенде шарана «шар» ете қалды.

– Міне, адамға айналды, өмірге ұл келді! – деді Бәтима, – бұл өмірге екі рет келген бала, екі адамның атын қою керек!

Солай дегені болмаса оның алдына түсетін ешкім жоқ-ты. Сосын өзі құндақтағы баланың құлағына «Ақыл-Санат» деп үш рет дауыстады.

Періштелер де адамның көрер жарығы мен көтерер бейнетін пешенесіне үш қайтара жазады екен.

Біз енді сол жазуларды оқиық.

Түрмеден босағанда Сартай ақсақалдың мүйізі айқасқан жалғыз ешкісі қалған. Соны сатып, Наманганға қарай тартты. Немересін алып қайтпақ.

Екі күн жол шеккен оны құдалары қарсы алды, келіні Сұлу дастарханға пахтойоғқа піскен ақ бауырсақ төкті. Әлі төрт жасқа толмаған Ақылсанат әрі жат, әрі жақын адамға тосырқай қарап, Бәтимаға таман жылыстады.

– Атаң ғой, қасына бара ғой, – деді бәйбіше баланың басынан сипап.

– Баққан ана – ана, құдағи, сізден кетпеймін деп жүрсе, қайтем?

Сартайдың жүзі солғындап қалғандай.

– Сіздің құдаңыз Қойлыбай ғой, – деп Бәтима әңгіме басын әріден алды, – Құдаңыз бәйбішесі Масаты босанғанда: «Пәдәріңәлет, тағы да қыз ба?» – деген. «Бұл қызыңыздың көрікті, сұлу болатын түрі бар. Қыз сұлу болса, артынан ұл келеді деуші еді, көпсінсеңіз мен-ақ бағайын», – дегенмін. «Онда атын Сұлу деп қойыңдар», – деді де, қайнаға басына бір-ақ көтерген кәрлен кеседен сақалын қуалап аққан қымызды алақанымен сипап кете берді. Ағасынан алсам, інісінің қолына ұстаттым. Шынында, осы қыздан соң абысын қатарынан екі ұл тапты. Ал, Сұлу біздің үйдің көркін кіргізді. Бірақ, өмір сол қызығымен тұрмайды. «Ертең Сұлуды бай алады, бізді Құдай алады, ұрпақсыз қаласың ба деп Дәркен құдаңызға Әсемкүлді тоқалдыққа алып берген де өзім. Айтбай да, Сырбай да Әуезкүлден туды. Солардың бәрін бағып, өсірдім. Әркімге айта бермейтін сырымды аштым-ау.

Сол Қойлыбай құдаңыз үш жылқысын сатып, базардан келе жатса, алдынан шыққан бір адам:

– Бекбайдың Қойлыбайын көрдіңіз бе? – деп сұрапты.

– Мен едім, – дейді.

– Болыстыққа түсем деп, тас салғызуға қаражатым жетпей тарығып тұрмын. Бір көмектессе сізді көмектеседі деп жұрт осылай қарай сілтеді, – демей ме, әлгі адам. Сонда құдаңыз:

– Жұрт айтса, біліп айтқан шығар, – деп қалтасындағы үш жылқының ақшасын танымайтын біреуге бере салыпты. Мына келініңіз Сұлу – сондай жақсының перзенті…

Бұл айтылған сөздің төркіні түсінікті еді. Баланы өз жұртына қосу үшін қызы Сұлуға да қосыла бар деп отыр. Бәтима айтты, болды.

Ақылсанат Қызылордаға осы жерде туғандай бауыр басты. Өйткені, бұл топырақта ата-бабасының аруағы бар. Енді ешқайда барғысы келмейді. Анасы қайынжұртының разылығын алып, төркініне қайта кеткен. Жасы тоғызға толғанда атасы мен әжесі қайтыс болды, әкесі Төрештің інісі Тұраш соғысқа аттанды. «Жетім қозы маңырар да отығар» деген, арпа ма, бидай ма, қолына түскенді суға бөктіріп жеп, ақырында жалғыз қалған бала өкімет адамдарының қолына өтіп, Қазалыдағы балалалар үйінен бір-ақ шықты. Бұл жерде бәрі бар, тамақ тоқ, төсек жылы. Бірақ, көңілі аш, көзі алысқа қарайды да тұрады. Бірге туғаннан қалғаны Тұраш ағасы еді, оның қай қиырда жүргенін білмейді. Соғыстан тірі келе ме, соны ойласа жаны мұздайды. Ересек адамдарша мұңдануды да ерте үйренген бұл. Осылай тағы бес жыл өтті, жүре берді, есейе берді.

Бір күні қасындағыларға қашайық деген. Олардың баратын жері жоқ па, бұған ермеді. Сосын бір өзі теміржолдың шығысқа қарай шыққан сұлбасын жобаға алып жаяулап тартты. Пойызға мінсе, ұстап алып, қайтадан «детдомға» тапсыратын шығар деді. Қаладан ұзап шықпай-ақ күн еңкейді. Қолында бір бөлке наны мен кепкен балық бар. Артына жалтақтап қарайды, бірақ алған бетінен қайтқысы келмейді.

Қас қарая шағын ауылға кезікті. Шеткі үйдің қорасына кіріп, саңылтыр үстіне жатты. Қорада малы да жоқ екен. Абалаған итке балық беріп еді, үні өшті. Шоқтығын бұраңдатып, қасына келді, бала оны басынан сипап қойды. Күн шықпай тағы жүрді. Дәм бергенді ит те сыйлайды, шоқақтап еріп, әудем жерге дейін шығарып салды.

Сәскеде артынан бір салт аттылы жетті. Қорыққан жоқ, айдалада елегізіп келе жатқан балаға атты адам жолықса, неге қорықсын?!

– Ауыл қайда? – деді ол.

Ақылсанат иегімен алдыңғы жақты нұсқады.

– Төретамда ма?

Төретамның қайда екенін білмейтін. Тағы басын изеді. Жолаушы жақсы адам болып шықты, мінгестіріп алды. Ал, жолай сұрақты жаудырсын. «Кімнің баласысың, не елсің, оқисың ба, әкең соғысқа барған ба?..» – атына мінген ақысын шығарды. Бұл да өтірікті соғып келеді. Бірақ, Қыпшақпын демеді. Қазалы жақта бірыңғай Кіші жүздердің тұратынын естіген. Олай десе, «детдомский» екенін бірден біледі. Содан Төретамға жетіп, қараусыз балаларға қосылып, вагон-вагонның қыр арқасында жүгіріп жүріп, Қызылордаға табан тіреді.

Кеудесін кере дем алды. Қайдан көрді, кім айтты, онысын өзі де білмейді, әйтеуір пойыздан түсе сала тізесін бүгіп, екі алақанын жерге тигізіп еңкейді. Кеудесі шым ете қалды. Жұрт оны жерден бірнәрсе тауып алды деп ойласын деген. Сосын кір-кір алақанымен жасаурап кеткен көзін сүртті. Сол сәтте бір бөгде кісі:

– Әй, балақай! – деп оған қарай ентелей беріп еді, ол жүгірген күйі ербиген үйлердің тасасына еніп кетті…

Сұлутөбеден шыққан Әліштің баласы Бәкір де өзбек жеріне тұрақтады. Ол өзінің туысы Мұстафа Шоқаймен бірге Петерборда оқыған. Өзбектер қызметке шақырса да барған жоқ, Самарқанда төрт-бес түйесімен мақта тасып, кіре тартып жүрді. Елуінші жылдары ағайындар елге оралғанда ол ере алмады. Күллі Алаштың қамын жеп, Еуропадағы мемлекет басшыларымен келіссөздер жүргізген, әлем тілдерін меңгерген Мұстафа жайынан оның балалары мүлде бейхабар.

Соғыстың екінші жылында-ақ жаралы болып елге оралған Тұраш өзіне сыр айту үшін ауылдан арнайы Самарқанға келіп кетті. Көп әңгімесін айтты. Бауырдан қалған жалғызы Ақылсанатты іздеп, Намангандағы баланың нағашыларына да барыпты. «Ағамнан қалған тұяқ, асылдың сынығы, әкемнің иісі сіңген бала еді» деп қамықты. Кісі аяғы басылғасын Бәкірді оңаша үйге кіргізіп алып, етігінің қонышынан шайдың қағазына орап жасырған Мұстафаның суретін суырып көрсетті.

Неміс тұтқынында болыпты. Аш, жалаңаш, ауру, азапты күндерді бастан кешкен. Бір күні немістер кіл мұсылманды сыртқа шығарып, сапқа тұрғызыпты. Атуға апарады деп ойлапты олар. Бірақ, аштықтан өлгенде не, оқтан өлгенде не, әйтеуір өлімнен басқа күтіп тұрған бірнәрсе бар деп білмеген. Сол жерге дөңгелек жүзді, әдемі кескінді, шағын мұрты бар мұнтаздай киінген бір кісі келіп: «Сендер енді азатсыңдар!» – деп бірнеше тілде сөз сөйлепті. Осыдан кейін немістер оларды моншаға түсіріп, киімін ауыстырып, тамақ беріп тойдырыпты.  

Тұраш Мұстафамен оңаша жолығып: «Жұрттың жартысы Өзбекстанға көшіп кетті. Бәкір де сол жақта», – деп аз-маз ел жақтың хабарын жеткізіпті.

– Табалдырығыңа табын! – депті Мұстафа. Сосын өзінің суретін беріп, – Бәкірді көрсең, менің аман екенімді айт, – деп екеуі біраз үнсіз құшақтасып тұрыпты. Дәл Мұңлық пен Зарлықтай.

Бұрын естіп жүрмеген сол бір бейнелі сөз Тұраштың есінен шықпай қойған. Бәлкім, мұнда бір құпия бар шығар.

Бір күні Сұлутөбеге бармақ болып, Қызылорда вокзалында тұр еді, вагоннан секіріп түсіп, маңдайын жерге тигізіп жатқан жас баланы көріп, таңғалды. Мына баланың бұл ісі жай емес. Мұстафаның сөзі есіне түсті – «Табалдырығыңа табын». Баланың басын қара жерге иген ненің қуаты? Табалдырық дегені – ата-бабаңның аяғы басқан жер болса керек. Табын дегені – табанының топырағын көзге сүрт дегені емес пе?

– Әй, балақай! – деп сосын қолын созған қалпы тұрып қалды.

Үргедек қараған жас баланың көзімен көзі түйіскенде қарашығынан бір ұшқын жалт етіп, өн бойын қуалап өтті…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ, 

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<