Абайтануға талаптанған Айжан

828

0

Сырдария ауданындағы Шаған ауылы №37 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Айжан Рамазан республикалық Абайтану олимпиадасының жүлделі ІІ орын иегері атанды. «Балалар жылымен» тұспа-тұс келген жоғары жетістік іргелі ізденіс пен еңбектің мәуелі жемісі екені анық.

Озат оқушының жетекшісі Фарида Әбенованың айтуынша, Абайтану олимпиадасы биыл төртінші рет ұйымдастырылған. Олимпиада ҚР Білім және ғылым министрлігінің тікелей қолдауымен және ұйымдастыруымен өткізілген.

– Алматы қаласында ұйымдастырылған олимпиада екі кезең бойынша өтті. Әуелі қатысушылар ақынның қарасөздері мен поэзиясы негізінде дайындалған тақырыптардың біріне эссе жазса, кейін М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан берілген үзіндінің қай тарау, қандай бөлімнен алынғанын айтып, мазмұнын жалғастырды. Роман мазмұнынан «Сократтық сұрақтар» беріліп, талапкерлердің логикалық ойлау деңгейі тексерілді. Әр жанрдағы шығармаларына жан-жақты талдау жасап, алған тәлімі мен білімін сарапқа салып, сыннан өткізді. Сондай-ақ, М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан алынған сөйлемге кешенді талдау жасау арқылы грамматикалық сауаттылығы анықталды, – деді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Айту керек, олимпиаданың республикалық кезеңіне облыстық, қалалық деңгейден жеңімпаз болған 130 оқушы қатысқан. Жүзден озған жүйріктерді белгілі абайтанушы, әдебиетші-тілші, зерттеушілер анықтаған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<