Күтімді өскіннің келешегі жемісті

425

0

Биылғы «Балалар жылы» да өз мәресіне жетті. Балаларды қуантқан іс-шаралардан бөлек, пайдалануға берілген заманауи мектептер мен балабақшалар, Оқушылар үйі мен Өнер мектебі айтулы жылдың айқын жемісі саналды.

Жыл алмасар шақта бір ғана Жаңақорған ауданы, Ақүйік ауылдық округінің Бірлік ауылында 90 орындық «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасы тамаша тарту болды. 90 орындық бөбекжайдың салынуына бюджеттен 366 млн 900 мың теңге қаржы бөлінген. Екі жарым мыңдай тұрғыны бар Бірлік ауылы үшін  мұндай балабақша үлкен сый.

– Бұл балабақшаның 40 жылдан астам тарихы бар. Бірақ ғимарат бүгінгі уақыт талабына сай емес еді.  Енді заманауи үлгіде ғимарат салынды.  Мұнда барлық жағдай жасалған. Арнайы логопед кабинеті де қарастырылған. Қазіргі сәтте 65 бүлдіршін болса, жаңа жылдан бастап 90 баланы қамтимыз деген жоспарымыз бар. Бөбекжайда 7 тәрбиеші, 3 көмекші тәрбиеші 1 және 5 жас аралығындағы балаларға тәлім-тәрбие береді. Ал жалпы 28 қызметкер жұмыс істейді. Бізде 30 жылдан астам еңбек өтілі бар озық тәрбиешілер бар.  Олардың қатарында Нағима Досжанова, Кенжегүл Шонабаева, Әсем Өтегеноваларды мақтанышпен айтуға болады, – дейді бөбекжай-балабақша меңгерушісі Гүлбану Жамалқызы.

Иә, расында «Балалар жылы» аясында балғындардың жүзіне қуаныш сыйлаған мұндай әсем әлеуметтік нысандар жер-жерде бой көтере бастады. Бар игілікті істер болашақ ұрпақтың жан-жақты өсіп, дамуына жұмсалуда. Мәселен, биыл облыста 19 балабақша, 6 мектеп пайдалануға берілді. 80 ойын алаңының салынуы жас ұрпақтың жаңа көзқараста өмір сүруіне дәнекер болды. Дарынды балаларды қолдау мақсатында Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданынан 150 орындық 2 мектеп-интернатының ашылуы білім саласына үлкен серпіліс әкелері сөзсіз. Өйткені, небір ғалымдар мен қайраткерлер  шалғай ауылдың шаңды топырағынан шыққаны рас. Ал оларға заманға сай ғимараттар салып, жан-жақты демеушілік көрсету ел ағаларының парызы деуге болады. Жанашыр меценаттар, кәсіпкерлердің 5-6 айдың ішінде 9 млрд теңгеден астам демеушілік жасауы – үлкен азаматтық іс. Осындай демеушілермен Жаңақорғанда 790 млрд теңгеге заманауи демалыс паркі де ашылды. Ауыл балаларының ойын аттракциондарында алаңсыз асыр салып ойнағанының өзі қуаныш емес пе?

Қысқасы, Барыс жылы балалар үшін мол тартуымен есте қалды. Мұндай игілікті істер алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<