«Балалар жылының» тартуы мол

450

0

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өтіп бара жатқан  жыл «Балалар жылы» деп жарияланған болатын. Атаулы жыл аяқталуға жақын. Барыс жылы бүлдіршіндерге қандай қуаныш әкелді? Олар үшін не істелді?

Жылдың басты жаңалығы деп «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасының іске қосылатынын айтуға болады. Көптен күткен жақсы хабарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуі жұртшылықтың болашаққа деген үміт отын жаққандай. Мемлекет басшысы: «Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланғаны үшін нақты табыс алуы керек. Сондықтан мен жариялаған «Балалар жылы» аясында жаңа «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске қосуды аса маңызды деп санаймын. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа кәмелеттік өмірге нағыз жолдама береді» деді. Бұл ауқымды жоба жан-жақты зерделеніп, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылмақ.

Ал облыста атаулы жылы көптеген жаңа жобалар қолға алынды. Әрбір баланың талабын ұштап, дарынын ашуды көздейтін түрлі іс-шаралар да жүзеге асырылды. Өңірде олардың игілігі үшін жергілікті демеушілер көмегімен 1 млрд 600 млн теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды. Бұрын мұндай спорт алаңдарын тек көпқабатты үйдің ауласынан көретін болсақ, ондай спорттық тренажерлер, балалар ойын және футбол алаңдары қаланың шет аймақтары мен ауылдарда да бой көтеруде. Жоспарланған 80 спорттық алаңның 30-ы аудандарда балалар игілігіне бағытталған. Бұл да – «Балалар жылындағы» толымды тартулардың бірі. Спортқа ден қойған жеткіншектердің денсаулығы мықты болатыны белгілі. «Бала біздің – болашағымыз» деп үлкен жауапкершілікпен қарайтын өңір кәсіпкерлері  көмегін аяп жатқан жоқ.

Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы  аясында 21 мектеп салынбақ. Бұл шынында да, білім саласының дамуына ерекше серпін бергелі тұр. Одан бөлек, жеке инвесторлар есебінен облыста 21 жеке мектеп жұмыс жасап тұр. Алдағы бір-екі жылда тағы 12 мектеп инвесторлар есебінен салынып, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу көзделуде.

Аудандарда да игілікті істер жүзеге асты. Айталық Жалағаш ауданындағы Сыр өңірінің болашақ дарынды, өнерлі өрендерін оқытып, тәрбиелейтін Оқушылар үйі және Өнер мектебінің пайдалануға берілуі ауыл балаларын үлкен қуанышқа бөледі.

Жалпы атаулы жыл аясында қызылордалық бүлдіршіндерге жан-жақты жағдайлар мен қолдаулар көрсетілді. Биылдың өзінде 8 мыңнан астам бала өңірдегі лагерьлерде тынығып, серпіліп қайтты. Ал республикадағы алдыңғы қатарлы тынығу лагерьлерінде жыл көлемінде 1350 баланың демалуына жағдай жасалды.

Сондай-ақ «Атамекен» балалар ауылының түлектеріне Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранты табысталып, 45 балаға «Қамбаш» лагеріне жолдама табысталғаны да – жағымды жаңалықтардың бірі.  Ал көпбалалы отбасылар үшін облыс орталығынан 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

1 маусым – «Балалар күні» қарсаңында орталық стадионда ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды.  Онда арнайы санаттағы балаларға, халықаралық олимпиада жүлдегерлері атанған 100 балаға велосипед, ноутбук және «Балдәурен» республикалық лагеріне жолдама үлестірілгенін де айта кетейік.

Қосымша білім берумен қамтамасыз ету үшін 60 мыңға жуық бала мәдени және спорттық үйірмелермен қамтылды. Отбасы институтын насихаттау бағытында 300-ден астам шара өткізіліп, оған 8 мыңнан астам ата-ана  қатысқан. Балалар туризмін дамыту үшін 3000-нан астам білім алушыға  Қорқыт ата кешені, Сортөбе, Жанкент, Сығанақ тарихи орындарына саяхаттар ұйымдастырылды.

«Дені сау бала» бастамасы аясында 1-3 жас аралығындағы 26 100 бала аудиологиялық скринингтен өткізілсе, 18 жасқа дейінгі 312 000 балаға медициналық тексеру жүргізілген. Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 142 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет, мүгедектігі бар 150 балаға иппотерапиялық қызмет тұрақты көрсетіліп келеді. Үйде оқытылып, тәрбиеленетін 1149 балаға әлеуметтік көмек қолжетімді. Сонымен қатар жыл бедерінде көпбейінді облыстық балалар ауруханасында оңалту орталығы ашылды.

 Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында жергілікті кәсіпкерлер 3 жекеменшік мектепті іске  қосты. Дарынды балаларды қолдау мақсатында Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданынан 150 орындық 2 мектеп-интернат, 28 мектептен инклюзивті қолдау кабинеті, 47 балабақшадан логопункт және 2 ауданнан инклюзивтік ресурстық орталық пен 2 балабақшадан аутизм кабинеті ашылды.

Атаулы жылдағы ең үлкен сый – Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі Оқушылар сарайын салу туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясымен келісім жасалды. Бұл зәулім ғимарат Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан жаңа тұрғын ауданда бой көтеретін болады.

Атаулы жыл аяқталса да болашақ ұрпақтың жан-жақты білімді, өнерлі, дені сау болып өсуі үшін мұндай игілікті шаралар мен кең ауқымды жобалар жалғаса беретіні сөзсіз. Өйткені, егемен елдің ертеңі, келешектің кілтін ұстаушы қазіргі жеткіншектер үшін талай бастамалар өмірге келіп жатыр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<