Көктем нұрын төккенде

851

0

«Балалар жылына» тарту ретінде Сыр елінде республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылды. «Көктем нұры» атауымен айшықталған дода әз Наурыз мерекесінің ажарын ашты.

Айтыста еліміздің 5 өңірі мен Қызылорда қаласы және Сырдария, Шиелі аудандарынан келген 10 айтыскер бақ сынады. Көрермендер сөзден қамшы өрген арқалы жас ақындардың өнеріне тәнті болды.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сөз додасына түскен жас ақындарды қолдап, «Балалар жылы» аясында оқушылар арасындағы айтыстың Қызылордада басталуының өзіндік мәнін атап өтті.

– Ойлы сөзді айта білген айтыс ақындарын халық қашан да құрмет тұтқан. Облыста айтыс дәстүрлі түрде үздіксіз өтіп келеді. Сыр елі өзінің әрідегі Нартай, Манап, кешегі Маханбетқали, Замаддин, берідегі Серік, Елена, Әбілқайыр, бүгінгі Мұхтар, Нұрмат, Мейірбектей ақындарымен мақтанады. Соның ішінде айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовтың үш мәрте «Алтын домбыра» иегері атануы ұлттық өнеріміздің Сыр еліндегі мәртебесінің көрсеткіші секілді.

Міне, ұрпақтар сабақтастығының белгісіндей республиканың түкпір-түкпірінен дарынды, ойы зерек, темірқанат жас түлек ақындарымыз Сыр өңіріне жиналып отыр, – деді аймақ басшысы. 

Сөздің құнын жоғары қойған жас ақындардың сөз додасына белгілі айтыскер ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов және белгілі жыршы-термеші, халықаралық конкурстардың лауреаты Амандық Бүрлібаев төрелік етті.

Байқау қорытындысымен халық ақыны Манап Көкенов атындағы бас жүлде мен ақшалай сыйлық қызылордалық Мейіржан Қартбайға табысталды.

І орын маңғыстаулық Ерсұлтан Аушановқа, ІІ орын шиелілік Әмірхан Эльдарға бұйырды. Сондай-ақ, Тараз қаласының тумасы Алихан Яшар мен ақтөбелік Нұрадин Арай ІІІ орынды өзара бөлісті. Мұнан бөлек, арнайы номинация жеңімпаздарына 100 мың теңгеден 5 жүлде табысталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<