Облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков ұзақ жылдан бері өңірдің аграрлық саласында еңбек етіп келеді. Оның ішінде күріш шаруашылығында мол тәжірибе жинады. Расында, бұл салада әлі түйіні тарқатылмаған проблемалар баршылық. Мәслихат сессиясында осы өзекті мәселенің шешілуіне атсалысып келеді.
– Қай кезеңде де ауыл шаруашылығы ел экономикасының маңызды саласы екені белгілі.
Сондықтан оған көрсетіліп жатқан қолдау халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Сыр өңірі аграрлық салаға бейімделген. Ұзақ жылдан бері жергілікті диқандар егін егеді. Оның ішінде өзім еңбек етіп жүрген Шиелі ауданының да орны ерекше.
Бұл ауданда күріштен мол өнім жинаудың дәстүрі бар. Ол халықтың несібесіне айналды. Негізгі табыс көзі деп айта аламыз.
Аталған мәселелерді тиісті орындарда үнемі қозғап келемін. Депутаттық міндетімде де сол түйткілдердің нақты шешілуіне көңіл бөліп жүрмін, – деді ол.
Кейінгі жылдары шаруалар дария деңгейіне алаңдайды. Оның себебі де бар. Әлемде климаттың өзгеруі осындай проблеманы туындатып отыр. Сондай-ақ дария бойында орналасқан мемлекеттердің тұрғындар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл сол елдердегі суға деген сұранысты арттырып жібергені рас. Сыр өңірі диқандары да мұндай жағдайды басынан өткізіп, осындай жауапты кезеңде тиімді жұмыс жасауға баса назар аудара бастады.
– Бұл бағытта Қазақстан Үкіметі мен облыс басшылығы тарапынан лайықты қолдау жасалып келе жатқаны қуантады. Көршілес мемлекеттермен тиімді келіссөз нәтижесінде қажетті деңгейдегі суға қол жеткіздік. Десе де әр тамшы судың қадірі артып тұр.
Сондықтан нақты іс-шара жоспарын жасап, күріштен мол өнім алудың тиімді көзін қарастырып келеміз. Жылма-жыл оған қол жеткізіп жүрміз.
Мені жас мамандардың ауыл шаруашылығына қызығушылығы төмендеп кеткені алаңдатады.
Несіне жасырамыз, көбінің бұл іске құлықсыз екенін байқаймыз. Қазір аграрлық салада негізінен орта және зейнет жасына жеткен азаматтар еңбек етіп жүр. Сол себепті мен жастарды тарту үшін қосымша ынталандыру тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын, – деді Д.Жұмбеков.
Оның айтуынша, шаруашылықтарды біріктіру арқылы өндіріс көлемін арттыру өз тиімділігін көрсетіп отыр. Қазір осы мақсатта мемлекет тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Шаруашылықтар қазірдің өзінде тірлігін түзеп, алдағы істеріне оң қадам жасады. Енді оны жалғастыру қажет.
– Бұрынғы жылдары елдегілер көптеген қиындықпен бетпе-бет келді. Қазір мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың нәтижесінде қан-шама жұмыстың алға басқан жайы бар. Айта кетсем, тұқым, тыңайтқыш, техника сатып алуға субсидия мен жеңілдетілген несие қарастырылған. Оған қоса мал шаруашылығын дамытуға арналған қаржылай қолдау көрсетіледі. Ісін жүргіземін деген адамға барлық мүмкіндік ұсынылған. Әрине, жасайтын жұмысыңды жақсы білуің қажет. Өйткені, өз ісіңді жетік білсең, мол табысқа негіз қалауға болады.
Қазір мемлекет тарапынан беріліп жатқан несиенің де шаруа адамына қолайлы тұсы жетерлік. Ауылда да барлық кәсіппен айналысуға тиімді жоспар қаралған, – деді облыстық мәслихат депутаты.
Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен қолға алынған каналдарды тазалау, жаңарту жұмыстары өз тиімділігін дәлелдей түсті. Кейінгі жылдары өңірде жерді лазерлік тегістеу кеңінен қанат жайып келеді. Ол су көзін тиімді пайдалануға жол ашты. Мұндай алқаптың жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Нәтижесінде шаруалар заман талабына сай оңтайлы еңбек етуге кірісті.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығын цифрландыру да негізгі бағыттың біріне айналды. Осы мақсатта елімізде нақты жобалар қолға алынып отыр. Сыр өңірінде де оған қатысты іс-шаралар жоспары қабылданды. Мұндай игілікті істер облыстың аграрлық саласында көрініс берді. Алдағы уақытта ол лайықты жалғасын табатыны анық.
– Қай салада болмасын, жаңа технологияға маңыз берудің тиімділігі ерекше екенін білеміз. Олардың барлығы біздің өмірімізге еніп, өнім деңгейін, сапасын арттыратынын дәлелдей түсті.
Сондықтан оған еңбекшілер қызығушылық білдіріп, ауқымды істерге жол ашылды. Қаншама жылдан бері осы салада қызмет атқарып келемін. Осыған байланысты әрбір жаңашыл жобаның қалай жүзеге асып жатқанынан толық хабардармын. Оны өз ісімізде де өндіріске енгізіп отырмыз, – деді Д.Жұмбеков.
Халық қалаулысы өзі сайланған аймақтағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін тиісті орындарға елдің өтінішін жеткізуге ұйытқы болды. Атап айтқанда, Ақтоған ауылдық округіндегі Д. Шыныбеков атындағы №155 орта мектепті кеңейтуге байланысты облыс әкімдігіне ұсыныс берді.
1979 жылы сегізжылдық мектепке арнап салынған білім ошағының ғимараты бүгінгі күннің талабына сай келмей отыр. Мектеп 180 балаға арналған. Қазір онда екі ауысымда 260 оқушы білім алады. Сондай-ақ көшелерді күрделі жөндеуден өткізуге тиісті ұсыныс жасалған.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»