Биылғы жаз әдеттегіден ыстық болады – Премьер-Министр өрттен қорғау жұмыстарын сынға алды

298

0

Өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры өртеніп кетті. Биыл да аптап ыстық пен құрғақшылық болжанып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов айтты.

«Жыл сайын елімізде мыңға жуық табиғи өрт болады. Тілсіз жау адам өміріне, сол сияқты қоршаған ортаға да орасан қауіп төндіреді. Өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры өртеніп кетті. Еліміздегі орман алқаптары онсыз да өте аз, олардың аумағы өрт салдарынан жыл сайын сиреп барады», – деді О.Бектенов Үкімет отырысында.

Экологияға келтірілген зиянды есептемегенде, материалдық шығын 160 млрд теңгеден асып түсті.

«Қазгидрометтің болжамына сәйкес, биыл жаз айлары ыстық әрі құрғақшылық болады деп күтілуде. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық ұзақ сақталуы мүмкін. Демек, өрт қаупі күшейе түседі. Биылдың өзінде 30-ға жуық орман өрті тіркелді. Мәселен, өткен жылы өрттен қатты зардап шеккен «Семей орманы» аумағы биыл тағы да отқа оранды. Абай облысының әкімдігі бақылауды күшейтуі керек», – деді Үкімет басшысы.

Алматы облысында Іле-Балқаш табиғи резерватының аумағында да қамыс өртеніп, үлкен аумаққа жайылып кетті. Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қамыс пен қураған шөп жанып, өртке ұласты.

«Қазір мүдделі мемлекеттік органдар Табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асырып жатыр. Алайда кейбір салаларда бұл жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Абай және Ұлытау облыстарында минералданған жолақтарды жасау енді ғана басталған, қажетті көлемнің үштен біріне әрең жетеді. Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарындағы аумақтар әлі күнге дейін қураған шөп пен қоқыстардан тазартылмаған», – дейді Премьер-Министр.

Осыған байланысты өңір әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, барлық проблемалық мәселелерді жеке бақылауға алу тапсырылды.

«Экология министрлігі осы уақытқа дейін Қазавиаорманқорғау мекемесінің 12 бөлімшесінде тікұшақтар кезекшілігін реттеген жоқ. Бұл жұмысты тездету керек. Сондай-ақ өрт қаупі жоғары өңірлерде су төгетін құрылғысы бар мемлекеттік авиация тікұшақтарының кезекшілігін ұйымдастыруды пысықтаған жөн», – деді О. Бектенов.

Қазақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<