Қызылордалықтар ата-баба жолымен қыз айттырып, тұсау кесті. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен этнографиялық мерекелік шара ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртумен ерекшеленді.

– Уақыт өте келе кейбір салт-дәстүріміздің мәні өзгерді. Бұрын қазақта айттырылған қызға үкі тағу дәстүрі болған. Жігіттер көп қыздың ішінде үкілі кәмшат бөрік киген қыз болса, оның басы бос емес екенін, айттырылып қойғанын білген. Қазір үкі тағу дәстүрін сырға салу алмастырды. Сондай-ақ халқымыз баланың тұсауын арнайы әшекеймен кескен. Бай-бағландар оны күмістен үстіне ақық тас салдырып жасатқан. Бүгінгі мерекелік шарада ұлтымыздың ұмыт қалған этнографиялық бұйымы – тұсаукесер әшекейімен сәбидің тұсауын кестік, –деді музейдің бөлім меңгерушісі Эльзира Сағитжанова.

Одан бөлек, «Көктем өрнегі» атты этнографиялық көрме, қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Балалар тоғызқұмалақ, ханталапай ойындарын ойнаса, алтын қолды аналар жент, құт сияқты ұлттық тағам түрлерін жасау тәсілдерін көрсетіп, күбіде айран пісті.
Назерке Саниязова
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<