Қазалы тұрғындары мерейлі мерекені атап өтті

268

0

Бүгін Қазалыда Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты шара өтті. Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында ұйымдастырылған мерекелік шарада аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз алып, барша нәзік жандылар қауымын мерекемен құттықтады.

«Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке. Елдің жүгін ер-азаматтармен бірдей арқалап, сан түрлі салада табысты еңбек етіп, тұрақтылықты нығайтуға, елдігімізді баянды етуге бірегей үлес қосып келесіздер. Бейбіт тірлік пен берекелі бірліктің ұйытқысы болып отырған ардақты аналарымызға, апа-қарындастарымызға, барша қыз-келіншектерге шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді аудан басшысы.

Шара барысында аудан әкімі көп балалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстап, алтын құрсақты жандарға арнайы құрмет көрсетті. Ауданда түрлі салада ер адамдармен иық тіресе жемісті еңбек етіп жүрген аналар қауымына облыс және аудан әкімінің құттықтауы мен «Алғыс хаттары» табысталды. Сонымен қатар түрлі салада көп жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған абзал аналарға аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» табысталды.

Марапат иелерінің қатарында көше тазалықшысы, жеке кәсіпкер, кран жүргізушісі, тігінші, азпазшы, теміржолшы сияқты түрлі салада еңбектерімен көзге түсіп жүрген қыз-келіншектер бар.

Мерекелік шарада аудан өнерпаздары барша нәзік жандылар құрметіне ән мен жырдан шашу шашып, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Шара соңында барлық аналар мен қыз-келіншектерге аудан әкімінің мерекелік арнайы сыйлықтары таратылып, құрмет көрсетілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<