Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдауда өзгерістер болады

513

0

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудағы жаңа өзгерістерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

«2011 жылы құқық қорғау қызметі туралы арнайы заң қабылданды. Бұл заңмен қызметкерлерді әлеуметтік, құқықтық және өзге де қамтамасыз ету мәселелері бір ізге келтірілді, орта стандарттар бекітілді. Дегенмен, әлі де реттеуді қажет ететін мәселелер бар. Атап айтсақ, барлық органдар үшін кадрлық процесті, қызметкерлерге қойылатын талаптарды бірдей ету қажет. Оның ішінде қызметкерлерді көтермелеу, жаза қолдану, атақ-шендерді беру, арнайы органдардан ауысу, аттестациялау және жұмысын бағалау мәселелері. Осыларды реттеу мақсатында заң жобасы әзірленді. Ондағы бірінші мәселе – қызметке қабылдау тәртібін оңтайландыру», – деді Ә. Шындалиев.

Осы орайда ол 2019 жылы депутаттардың қолдауымен заңға түзетулер жасалып, төменгі лауазымдарға кадрлар дайындаудың жаңа тәртібі енгізілгенін еске салды.

«Қазір төменгі қызметтерге алу үшін жас мамандар міндетті түрде құқық қорғау академияларын бітіруі тиіс. Ал енді орта және жоғары лауазымдарға келсек, бұл қызметтерге құқық қорғау әрі арнайы органдарда, мемлекеттік және әскери қызметте бұрын болғандар, судьялар қабылдана алады. Олар конкурс арқылы және конкурстан тыс тәртіпте қызметке алынады. Осы мәселе бойынша заң жобасында бірқатар өзгеріс ұсынылған. Конкурс арқылы негізінен аға басшысы құрамдарға жеткілікті тәжірибесі бар адамдар тағайындалады. Оларды тағылымдамадан өткізудің қажеті аз. Сондықтан заң жобасы конкурс бойынша тағайындалған кандидаттар үшін тағылымдаманы алып тастауды ұсынады. Ал арнайы тексеруден конкурстан соң өтеді. Бұл түзетулер қызметке қабылдау процесін тездетуге, қажет мамандарды жұмысқа алуды жылдамдатуға мүмкіндік береді», – деді Бас прокурордың орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, қазір конкурстан тыс облыстық құқық қорғау органдарының бастықтары қабылдаса, енді тек орталық орган басшысы ғана қабылдайды. Қабылдау талаптары да күшейтіледі.

«Енді қызметке алу үшін 3 жыл еңбек өтілі керек болады. Ал әскерде қатардағы солдат болғандар тек жалпы негізде қабылданады. Күштік органдарға жұмыс істеп жүрген қызметкерлер құқық қорғау саласына ауысу арқылы қабылдана алатын болады. Бүгінде олар арнайы тексеруден, әскери дәрігерлік комиссиядан, полиграфтан, тестіден өткен соң ғана қабылданады. Енді бұл талаптар алып тасталмақ», – деді Әсет Шындалиев.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<