Құс етіне сұраныс көп

585

0

Бүгінде өңірде жылына 13,8 мың тонна құс етіне сұраныс бар. Әзірге болжам бойынша аталған қажеттіліктің 34 тоннасын ғана облыста өндіреміз. Қалған бөлігіне өзге аймақтарға тәуелдіміз. Ендігі кезекте сол олқылықтың орнын толтыруға көңіл бөлінуде. Осы мақсатта облыста Индустрияландыру бағдарламасына енгізілген 2 құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Аталған фабрикалар іске қосылғаннан кейін құс етіне деген сұраныстың 36,7 процентін жергілікті жерде өндіруге болады. 

Солардың бірі – Жаңақорған ауданындағы «Абдулла» шаруа қожалығының құс фермасы. Жобаның құны – 5 млрд теңге. Жалпы, Индустрияландыру бағдарламасының басым бағытының бірі ретінде тамақ өнеркәсібі қарастырылады. Сондықтан аталған жоба өткен жылдың 17 наурызында өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді.

– Біздің негізгі бағытымыз – құс етін өндіру. Келешекте жылына 3,5 мың тонна құс етін өңдіру жоспарда бар. Осы мақсатта былтыр құс фермасының құрылысын қолға алдық. Жобаның құны 5 млрд теңгені құрайды. Қазірге дейін цехтың негізгі құрылысының 70 процентке жуығы орындалды. Жобаға мемлекеттік қолдау жасалуда. Осы мақсатта Жаңақорған ауданына қарасты Жайылма ауылы аумағынан 1000 гектар жер телімі берілді, – деді «Абдулла» шаруа қожалығының төрағасы Әбілхан Тәжімбетов.

Құс фабрикасына қажетті қондырғылар Германиядан жеткізілуде. Жоба толық қуаттылыққа шыққанда жергілікті жұртшылық арасынан 120-150 адам тұрақты жұмысқа қабылданады деп күтілуде. Алғашқыда өндірісті жүргізу бойынша тәжірибелі мамандар Алматы қаласынан алдырылады. Олардың ықпалымен аудан азаматтарын мамандандыру ойластырылған.

– Әрине, қалдықсыз өнім шығару – басты мақсатымыз. Ол үшін тиісті жоспар жасалған. Мәселен, құс мамығынан түрлі өнімдер дайындауға болатынын бәріміз білеміз. Осы бағытта тиісті кәсіпорындармен жұмыс жүргізіледі. Оған қоса құс азығын дайындау ісіне де көңіл бөлінеді, – дейді шаруа қожалығының төрағасы.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевтің айтуынша, қажетті инженерлік инфрақұрылымдар «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде. Тиісті құжаттар әзірленіп болғаннан кейін ол облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына жолданады. Нәтижесінде бағдарлама реттілігімен жұмыстар жүргізіліп, инфрақұрылымдар жыл аяғына дейін тартылады.

Осындай тағы бір жоба – Қармақшы ауданындағы «Қармақшы-құс» серіктестігінің құс фабрикасы құрылысы 95 процентке жуығы аяқталып тұр. Бұл жобаның құны – 1,9 млрд теңге. Онда 47 адам еңбекпен қамтылады.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<