Майданда да, еңбекте де ерлік жасаған

352

0

Қатал тағдыр Біләл ағамызға қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешуді жазған екен. Әулетінен жалғыз қалған ол ашаршылық жылдарын да,  сұм соғысты да көрді. Жастайынан оқу-білімге құштар болып, сауатын арттыруға ден қойған ағамыз арнайы курстарда оқып, кейіннен Қостанай өңірінде жас ұрпақты тәрбиелеуге қомақты үлесін қосты.

Біраз жылдардан соң туған ауылы Шағанға келіп, колхоз төрағасы болып ел еңсесін көтеруге аянбай атсалысты. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында ІІ Украина майданында болып, бірнеше қаланы жаудан азат етуге қатысты. Әсіресе, Воронеж маңындағы шайқастарда ерлік көрсеткен. Үш рет жараланған. Ұрыстардың бірінде басынан ауыр жарақат алып, госпитальда ұзақ емделді. Алайда 1943 жылы соғысқа жарамсыз деп танылып, туған жерге оралды. Келе сала колхоз төрағасы ретінде еліне ерінбей еңбек етті. Сонау 1961 жылы 5 колхозды біріктіріп, Шаған шаруашылығын құруға атсалысқандардың бірі болды.

Туған жері мен елін шексіз сүйген Біләл Қалқаманов ағамыз ұлтжандылықтың жарқын үлгісін көрсетті. Шаған топырағын киелі санап, адамдарын айрықша құрметтеді. Ел үшін еңбек етуді алдына асқақ мұрат етіп қойды. Өмірі өнеге, ғұмыры ғибрат Біләл ағамыздың сіңірген еңбегі, соғыста көрсеткен ерліктері еш кеткен жоқ. Ол кісі бірнеше орден-медальдардың иесі. Мәселен, І дәрежелі «Отан» соғысы және «Қызыл Жұлдыз» ордендері кеудесінде жарқырап тұратын. Сондай-ақ Жеңістің және Қарулы Күштердің мерекелік медальдарымен марапатталды.  Бейбіт күндері жасаған еңбегі «Ерен еңбегі үшін» медалімен айшықталды. Бұған қоса білім саласындағы тиянақты, игілікті істері Алғыс хаттармен бағаланып, абыройын арттырды.

Талай ауыр кезеңдерді бастан өткерген майдангер ағамыздан тараған ұрпақ ата- ана сенімін ақтауға тырысып, әр салада жемісті еңбек етуде. Жалғыз ұлы Әуелбек пен келіні Тыныштықтан  5 немересі, 11 шөбересі бар. Ағамыз Әуелбектің үлкен ұлы Қыдырбекті ұлттық салт-дәстүрімізге сай бауырына басып тәрбиелеген. Жақында 60 жасқа толған Қыдырбек жеке кәсіпкер. Ал Қожабек пен Келдібек – шаруашылықтың білікті мамандары. Кенже немересі Дина – ауданға қарасты Ақжарма ауылында орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

Ол – ерлік пен өрліктің өнегесін ұрпақтарына аманат еткен, туған топырағы Шағанның мақтанышына айналған ел жадындағы ерен тұлға. Майдангер 1993 жылы 88 жасында дүниеден озды. Шаруашылықтың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан, ел бірлігін сақтап, замандастар арасында сыйлы, қадірменді болған ағамыздың атына бір көше атауын беруді ауыл халқы қызу қолдап отыр. Ендеше елін сүйген ердің атында бір көшенің болуы жас ұрпаққа ұлттық  рух берері, біз үшін аманат екені сөзсіз.

Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ.

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<