Алаяқтар хабарласқанда не істеу керек

332

0

Фото: Kazinform

ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли тұрғындарға алаяқтар хабарласқан жағдайда не істеу керегін түсіндірді.

Спикердің айтуынша, алаяқтар өздерін сот орындаушысы ретінде таныстырып, азаматтардан қарыздарын өтеуді талап етеді. Талап орындалмаған жағдайда жеке шоттарды, мүлікті бұғаттайтынын айтып қорқытады.

«Сізге осындай қоңырау түссе, Әділет министрлігінің, республикалық және өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының ресми сайттарындағы ақпаратты өз бетіңізше тексеріп, қажет болған жағдайда банкке хабарласа аласыз. Атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғын тексеру үшін интернет-браузердің іздеу жүйесінде AIS OIP (Атқарушылық іс жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі) деп жазу керек, содан кейін «Борышкерлер мен тыйым салулар тізілімі» бөлімін таңдап, тек ЖСН енгізу керек», – деп түсіндірді Т.Уәли министрлік ұйымдастырған брифингте.

Адам шын мәнінде борышкер болса, қарызы туралы ақпарат, сот орындаушысының аты-жөні және оның телефон нөмірі көрсетіледі.

«Ал егер борышкер болмасаңыз, қызғылт сары түспен «Сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады» хабары пайда болады. Бұл сіздің шоттарыңыз бен мүліктеріңізді ешкім бұғатталмаған және бұғаттай алмайды дегенді білдіреді. Тек ресми дереккөздерге сеніңіз, жеке деректеріңізді белгісіз тұлғаларға бермеңіз», – дейді ресми өкіл.

Қосымша ақпаратты 119 немесе 8 7172 58-00-58 нөмірлері бойынша алуға болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<