Республикалық штаб отырысы өтті

275

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта ахуал әлі де өте күрделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бес аймақта, яғни Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін. Қалған алты облыста, атап айтқанда, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Абай, Павлодар, Ұлытауда жағдай тұрақтала бастаған. Мемлекет басшысы адамдарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек беру қазіргі басты міндет екеніне назар аударды.
Штаб отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сала басшыларына аталған бағыт бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
«Бүгінгі күнге облыс аумағына секундына 339 текше метр көлемінде су түсуде. Өткен жылдың есепті кезеңінде бұл көрсеткіш 314 текше метр болған. Бүгінде аймағымызда орналасқан су қоймалары транзиттік режимде жұмыс жасауда. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Дегенмен, апат айтып келмейді. Алдын алу шаралары қатаң бақылауда болуы қажет. «Су тасқынына қарсы іс-шаралар» Жол картасына облысқа қатысты 17 іс-шара енгізіліп, жүзеге асырылуда. Еліміздің тасқыннан зардап шеккен өңірлеріне көмек көрсету бағытындағы жұмыстарды үйлестіру де аса маңызды. Осындай қиын кезеңде бірлігімізді көрсету қажет», – деді Н.Нәлібаев.
Су тасқыны болған аймақтарға көмекке 296 қызылордалық құтқарушы, 135 техника жіберілді.
Сондай-ақ, бүгін Атырау облысына көмекке 106 арнайы техника жолға шығуда.
Су апаты болған аймақтарға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында қала және аудан әкімдіктері ұйымдастырған «Күшіміз – бірлікте» акциясына облыстың жанашыр азаматтары мен волонтерлер үлес қосуда. Жинақтау пункттері ашылып, су тасқыны басталғаннан бүгінгі күнге дейін Сыр өңірінен 150 млн теңгенің гуманитарлық көмегі жөнелтілді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<