Жедел жәрдемге тегін жанармай

558

0

Эпидемиологиялық ахуал күрделенген сәтте жедел жәрдем қызметінің маңызы артқаны белгілі. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте еңбек еткен құрылымға қызылордалықтардың алғысы ерекше. Осы орайда «Қызылорда мұнай өнімдері» ЖШС аймақтағы емдеу мекемелерінің жедел жәрдем көліктеріне тегін жанар-жағармай құйып беруде.


Серіктестік өз есебінен облыстағы ауруханалар мен емдеу мекемелеріне 50 мың литр АИ-92 маркалы бензин үлестіруді қолға алған. Жедел жәрдем көліктері серіктестік теңгеріміндегі кез келген жанар-жағармай бекетінен тегін сұйық отын алады. Ол үшін қызметтік көлік номері мен жүргізушінің жеке басын анықтайтын құжат болса жеткілікті.


– Әлемді әбігерге салған індетпен күрес – адамзатқа ортақ міндет. Қазір аудандар, Қызылорда қаласы әкімдігімен бірлесіп, қызметтік көліктердің номері нақтылануда. Серіктестік мамандары мен құзырлы мекеме өкілдері заңсыздық орын алмауын қадағалайтын болады, – дейді «Қызылорда мұнай өнімдері» ЖШС коммерциялық директоры Әлімжан Махамбетов.


Қазіргі таңда сұйық отынның аудандар мен Қызылорда қаласына бөлінісі нақтыланған. 50 мың литр бензиннің 20 мың литрі аудандарға таратылса, қалған бөлігі Қызылорда қаласындағы жедел жәрдем көліктеріне үлестірілмек.
Аталған көмекке жедел жәрдем қызметкерлері де ризашылық біл­дірді.


– Індеттің асқынуы салдарынан күнделікті шақырту саны артып, жұмыс режиміне өзгеріс енді. Сәйкесінше, қызметтік көліктің тұтынатын сұйық отын көлемі көбейді. Бұрын күніне 40-50 литр бензин пайдалансақ, қазіргі таңда 80-90 литрге дейін өсті. Сондықтан, бұл айтарлықтай жеңілдік, – деді «Қызылорда облыстық жедел жәрдем стансасы» МКК жүргізушісі Ерлан Әмзе.


Айта кетейік, «Қызылорда мұнай өнімдері» ЖШС – нарықта 20 жылға жуық тәжірибесі бар мекеме. Қазіргі таңда серіктестік облыс аумағындағы бюджеттік мекемелердің 70 процентін сұйық отынмен қамтамасыз етуде. Аймақта мекеменің 20 май құю бекеті орналасқан.

Ерсін БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<