100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ әрқайсысы 10 мың данамен басылды

709

0

Бүгінде 20 мыңнан аса жас «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелден білімін жетілдіріп келді. Мұндай барыс-келіс білікті маман даярлау ісіне айтарлықтай септескені анық. Ал, енді өз елімізде оқитын жарты миллион қазақстандық студентке әлемнің маңдайалды Кембридж, Оксфорд, Гарвард университеттеріндегі үздік оқулықтармен шыңдалып, одан әрі дамуға мүмкіндік туды.


«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы арқылы жарық көрген «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жақында 100 оқулықтың әрқайсысы 10 мың данамен басып шығарылып, барлық оқу орнына, соның ішінде жекеменшік университеттерге таратылды. «Ұлттық аударма бюросы» қолға алған бастама – салаға деген айрықша қолдаудың жемісі. Ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісінде Мемлекеттік хатшы, ҚР Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев көп жағдайда әлі де формациялық, идеологиялық сипатта баяндалып келген философия, тарих, әлеуметтану, саясаттану, заң мен құқықтану, журналистика, мәдениет және өнертану, тіл білімі секілді ғылымдар жаңа мазмұнға ие болғанын алға тартты. Сондай-ақ, жаңашыл жобаның арқасында қазақ тілінде әлі дами қоймаған бірқатар сала айқындалғанын назарға салды. Оның ішінде экономика, микро және макроэкономика, менеджмент пен маркетинг, қаржылық сауаттылық, ағылшын заңы, сандық және сапалық зерттеу әдістері, театр және кинотану, сценаристика секілді тұтас жаңа бағыттар қамтылған.


– 100 оқулықтың бір ғана мақсаты бар, ол – жастардың елге тірек, қоғамға тұтқа болатын мықты тұлға болып өсуіне, білікті маман болуына жағдай жасау. Бүгінде қазақ және орыс тілдерінде 200 онлайн курс дайындалып, 5 мыңнан аса видеолекция жазылған. Оған еліміздің алдыңғы қатарлы ұстаздары атсалысты. Осы оқу материалдары келешекте Қазақстан ашық университетінің негізін қалайды. Озық оқу орындарының бағдарламасына кірген ғылыми әдебиет, академиялық бестселлерлер қазақ тіліне аударылып отыр. Олар бұған дейін әлемнің ондаған тіліне аударылып, миллиондаған тиражбен тараған болатын. Біздің оқытушылар мен студенттердің оған қол жеткізуі үлкен олжа, – деді Мемлекеттік хатшы.


«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған жоба шеңберінде әйгілі авторлардың, оның ішінде Бертран Рассел, Энтони Кенни секілді британдық ғалымдар, классикалық араб ойшылдары, Жапон, Қытай және Үндістан философтарының еңбегі аударылғанын айтты. Оған 4 жыл уақыт кеткен. Бұл ретте белгілі ғалым-аудармашы Молдияр Ергебеков «Бұл – ғылымның, тілдің, ұлттың дамуына әсер ететін ұлы жоба. Біз оқыған шақта қолға тимеген құндылық. «Ұлттық аударма бюросы» «Қазақ әдебиетінің антологиясын», Абай шығармаларын бірнеше тілге аударып, дүниенің түкпір-түкпіріндегі мәдени, ғылыми-зерттеу орталықтарына, кітапханаларға жеткізді. Кітаптағы термин жүйеленіп, бірнеше сөздік жарияланды.

Ағылшынша-қазақша, қазақша-ағылшынша Оксфорд сөздігі жарық көргелі отыр. Жоба бойынша аударылған оқулықтар мен ғылыми әдебиетті оқу бағдарламаларына енгізу жоспарланды. Қуантатыны, маңызды жоба алдағы уақытта да жалғасын таппақ» деген пікір білдірді.


Айта кетейік, 100 оқулықтың электронды нұсқасы Қазақстанның ашық кітапханасы деп аталатын «openu.kz» және «100kitap.kz» cайттарында қолжетімді. Оқимын деген студентке, осы оқулықтың негізінде оқытуды ұйымдастырамын деген оқытушыға барлық жағдай жасалған. Бастысы, гуманитарлық ғылыми орта, оқытушылар мен студенттер бастама олардың ертеңін, болашағын айқындайтынын түйсінеді.

Мөлдір СНАДИН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<