Қызылорда қаласындағы С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейі – Сыр өңіріндегі тарихы бай, іргелі білім ордаларының бірі. Ғасырға жуық уақыт ішінде бұл қарашаңырақ мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, ел дамуына қызмет ететін азаматтарды қанаттандырды. Уақыт көшінен қалмай, заман ағымына сай жаңарып отырған білім ордасы бүгінде тек дәстүрлі мектеп емес, жаңа технология мен ұлттық тәрбиені ұштастырған заманауи орталыққа айналды.
1939 жылы негізі қаланған мектептің тарихы Сыр өңіріндегі білім саласының қалыптасу кезеңімен тікелей байланысты. Алғашқы жылдары оқу орнына мемлекет қайраткері К.Ворошиловтың есімі берілген. Соғыс жылдары, одан кейінгі қиын кезеңдерде де мектеп шәкірт тәрбиелеу жолынан жаңылған емес. Сол уақыттағы ұстаздардың жанкешті еңбегі мен білімге деген адалдығы бұл білім ордасының іргетасын берік қалады.
Уақыт өте мектептің атауы да, бағыты да өзгерді. Бірақ бір нәрсе өзгерген жоқ. Ол – сапалы білім беру ұстанымы. Осы ұстаным С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейін өңірдегі үздік білім ошақтарының біріне айналдырды.
Мектепке кірген сәттен мұндағы ерекше атмосфера бірден сезіледі. Дәліздердегі тыныштық пен тәртіп, оқушылардың білімге деген ынтасы, мұғалімдердің жауапкершілігі бір мақсатқа жұмыс істеп тұрған үлкен жүйені аңғартады. Мектеп директоры Ләззат Әбенова білім ордасының бүгінгі басты миссиясын ерекше атап өтті.
– Біздің басты мақсатымыз – тек жақсы оқитын оқушы тәрбиелеу емес. Заман талабына бейімделе алатын, ұлттық құндылықты бойына сіңірген, цифрлық ортада еркін әрекет ететін саналы ұрпақ қалыптастыруды көздейміз. Қазіргі қоғамға тек білімді адам емес, ойлай алатын, ізденетін, жауапкершілігі бар тұлға қажет, – дейді ол.
Кейінгі жылдары мектеп мүлде жаңа даму кезеңіне өтті. Әсіресе ІТ бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Робототехника, STEM инженерия, бағдарламалау, цифрлық жобалау, 3D модельдеу бағыттары бойынша арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Оқушылар ерте жастан технология тілін меңгереді. Кейбірі қарапайым бағдарламалар жазса, енді бірі робот құрастырып, ғылыми жобалар әзірлейді. Жасанды интеллект тақырыбы да оқу процесінің бір бөлігіне айналған.
Бұл өзгерістер кездейсоқтық емес. Кейінгі бірнеше жыл ішінде мектептің материалдық-техникалық базасы түбегейлі жаңартылды. Заманауи интерактивті панельдер, мультимедиялық құрылғылар, жаңа форматтағы ІТ кабинеттер мен STEM зертханалары іске қосылды.
‒ Қазіргі оқушыны ескі тәсілмен қызықтыру мүмкін емес. Сондықтан біз білім берудің жаңа форматына көшуді ертерек бастадық. Балалар теорияны ғана емес, практиканы да қатар меңгеруі керек. Бүгінгі бала ертеңгі цифрлық қоғамда өмір сүреді. Сол себепті біз оларды технологиялық ортаға қазірден бейімдеп жатырмыз, ‒ дейді Л.Әбенова.
Мектептің кейінгі жылдардағы жетістіктері атқарылған жұмыстың нәтижелі екенін айқын көрсетеді. Әсіресе, 2025-2026 оқу жылы білім ордасы үшін табысты кезең болды. Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жариялаған қорытындыға сәйкес, мектеп 2025 жылдың нәтижесі бойынша Қазақстандағы үздік 100 мектептің қатарына енді. Бұл жетістік – ұжымның бірнеше жыл бойы жүргізген жүйелі еңбегінің жемісі.
Биылғы оқу жылында мектеп оқушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда жоғары нәтиже көрсетті. Әсіресе ғылыми жобалар мен ІТ бағытындағы жарыстардағы жетістіктері ерекше.
11-сынып оқушысы Абзал Әбдіғали Ө.Жолдасбеков атындағы XV халықаралық зерттеу жобалары конкурсында ІІ орын иеленді. Ал Бағдаулет Төренияз халықаралық «Әл Фараби – 2026» олимпиадасында ІІІ орын алып, білім грантын жеңіп алды. Сонымен қатар мектеп оқушылары «InnoFest Qyzylorda – 2025» байқауында жасанды интеллект бағыты бойынша үздік танылып, 500 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды.
Бұл жетістіктердің артында үлкен еңбек жатыр. Себебі мектепте ғылыми жобалармен жұмыс істеу жүйесі ерте қалыптасқан. Мұнда оқушы тек сабақ оқып қана қоймайды, ізденеді, тәжірибе жасайды, жаңа идея ұсынады.
‒ Біз балалардың дайын ақпаратты жаттап алуына емес, өздігінен ойлауына басымдық береміз. Ғылыми жоба – баланың интеллектісін дамытатын ең тиімді бағыттардың бірі. Қазір көптеген оқушымыз жасанды интеллект, цифрлық технология, инженерия салаларына қызығушылық танытып жүр. Бұл ‒ болашақтың мамандықтары, ‒ дейді мектеп басшысы.
Бүгінде мектепте 2000-ға жуық оқушы білім алады, педагог саны 165. Олардың арасында педагог-шеберлер, зерттеушілер, сарапшылар мен модераторлар бар. Ұстаздардың кәсіби деңгейі мектеп жетістігінің басты факторына айналған. Биыл мектеп ұстаздары да түрлі республикалық байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп, білім ордасының мерейін үстем етті. Атап айтқанда, Бақыт Рыспембетова «Үздік авторлық бағдарлама – 2025» республикалық байқауында жүлделі орын иеленсе, Роза Ерімбетова «Үздік педагог – 2025» байқауында үздік атанып, облыс әкімінің арнайы сыйақысымен марапатталды.
Жалпы бұл мектептен бүгінге дейін 5 мұғалімнің республикалық «Үздік педагог» атағын иеленуі ұжымның кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Бұл жетістік – ұстаздардың үздіксіз ізденісі мен жүйелі еңбегінің нәтижесі. Мектепте педагогтердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, олардың тәжірибе алмасуына және кәсіби дамуына тұрақты қолдау көрсетіліп келеді.
Ұстаздар үшін семинарлар, коучингтер, тәжірибе алмасу алаңдары тұрақты ұйымдастырылып, жас мамандарға арнайы тәлімгерлер бекітіледі. Соның нәтижесінде мұғалімдер үнемі ізденіс үстінде болып, республикалық деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

‒ Ұстаздың дамуы тоқтаса, мектептің дамуы да тоқтайды. Сондықтан біз педагогтердің кәсіби өсуіне ерекше назар аударамыз. Қазіргі мұғалім тек пән үйретуші емес, бағыт беруші тұлға болуы керек, ‒ дейді Ләззат Әбенова.
Мектептегі тағы бір маңызды бағыт – цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану. Қазір мұғалімдер сабақ жоспарлау, тапсырма дайындау, білімді саралау кезінде ЖИ құралдарын қолданады. Ал оқушылар ғылыми жобалар мен презентациялар әзірлеуде AI платформаларын пайдаланып жүр. Дегенмен мектеп бұл мәселеде қауіпсіздік пен академиялық адалдыққа ерекше назар аударады. Оқушыларға интернеттегі ақпаратты дұрыс пайдалану, жалған ақпаратты ажырату, кибергигиена мен авторлық құқық жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
‒ Жасанды интеллектіні тоқтату мүмкін емес. Сондықтан біз балаларға оны дұрыс қолдануды үйретуіміз керек. Ең бастысы ‒ технология адамды алмастырмауы тиіс. Керісінше, адамның мүмкіндігін арттыратын құралға айналуы қажет, ‒ дейді мектеп директоры.
Мұнда білім сапасымен қатар, тәрбие жұмысына да ерекше мән беретіні байқалады. Ата-анамен байланыс жүйесі жақсы жолға қойылған. Әкелер кеңесі, Аналар мектебі, Аталар мен Әжелер мектебі жұмыс істейді. Тәрбие бағытындағы іс-шаралар да жүйелі өткізіліп тұрады. Цифрлық қауіпсіздік, бала тәрбиесі, қоғамдағы тәртіп, отбасылық құндылықтар тақырыбында арнайы кездесулер ұйымдастырылады.
Бүгінде ата-аналардың мектепке деген талабы да өзгерген. Қазіргі ата-ана тек білім сапасына ғана емес, баласының қауіпсіздігіне, психологиялық жағдайына, цифрлық сауаттылығына да мән береді. Сондықтан мектеп ұжымы ата-анамен тығыз байланыста жұмыс істеуді басты бағыттардың біріне айналдырған. Бүгінгі жетістіктің артында үлкен жауапкершілік жатыр. Себебі үздік мектеп статусын алу бір бөлек, сол деңгейді ұстап тұру одан да маңызды. Бұл үшін білім сапасына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Әр оқушымен жеке жұмыс жасау жүйесі қалыптасқан. Дарынды балаларға арнайы факультативтер ұйымдастырылып, олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындық күшейтілген. Қазір жаратылыстану-математикалық бағыттағы көрсеткіш жоғары.
Басшының айтуынша, кейінгі жылдары ҰБТ нәтижелері де тұрақты өсіп келеді. Биыл 176 түлек ұшқалы отыр. Оның ішінде 13 оқушы «Алтын белгіге», ал 19 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Түлектермен арнайы жоспар бойынша жүйелі дайындық жүргізілуде. Бұл жұмыстардың бәрі мектептің нақты стратегия бойынша дамып келе жатқанын көрсетеді. Тек білім берумен шектелмей, тұлға тәрбиелеуге басымдық береді. Әдеби кештер, ұлттық мерекелер, шығармашылық байқаулар, спорттық жарыстар оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталған. Ұлттық құндылық пен заманауи білімді ұштастыру негізгі философиясына айналған.
‒ Біз технология дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ ұлттық тәрбие ешқашан екінші орынға түспеуі керек. Білім мен тәрбиені қатар алып жүргенде ғана біз нағыз бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелей аламыз, ‒ дейді басшы.
Мектеп директорының еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалін алуы – білім саласындағы ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі. Бұл сәтті Ләззат Әбенова өміріндегі ерекше кезеңдердің бірі ретінде еске алады.
‒ Президенттің қолынан марапат алу ‒ мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл тек менің емес, бүкіл мектеп ұжымының еңбегіне берілген баға деп есептеймін. Себебі бір адамның жетістігінің артында үлкен команда тұрады, ‒ дейді ол.
Л.Әбенова мектеп директоры қызметін 2019 жылдан бері атқарып келеді. Осы уақыт ішінде білім ордасында көптеген өзгеріс болды. Жаңа жобалар іске қосылды, материалдық база жаңартылды, ІТ бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бүгінде мектеп тек облыс көлемінде емес, республика деңгейінде де танылып отыр. Алдағы уақытта халықаралық жобаларға қатысатын оқушылар санын арттыруды, STEM және ІТ бағытындағы жұмыстарды кеңейтуді жоспарлап отыр. Жасанды интеллект, инженерия, цифрлық білім беру салалары бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар мұғалімдердің халықаралық тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру де жоспарланған.
С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінің бүгінгі келбеті – еңбек пен ізденістің нәтижесі. Тарихы терең бұл қарашаңырақ уақыт талабына бейімделе отырып, жаңа дәуірдің білім ордасына айналып келеді. Сыр өңіріндегі талай дарынды шәкірттің қанатын қатайтқан мектеп алдағы уақытта да саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы миссиясын жалғастыра беретіні анық.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





