Білім көрсеткіші – болашақтың жемісі

5

0

Алдағы аптада тағы бір оқу жылы мәресіне жетеді. 2025-2026 оқу жылын облыстың 320 мектебіндегі (19-ы жекеменшік) 189 288 оқушы аяқтағалы тұр, 979 оқушы «Алтын белгіге», 1141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Өткен оқу жылымен салыстырғанда, «Алтын белгіге» үміткер саны 203-ке, «Үздік аттестат» 113-ке артқанын да айтып өткеніміз жөн.

Қазір көптің көкейіндегі сауалға жауап бере кетсек, Ұлттық бірыңғай тестілеудің шешуші кезеңі 10 мамыр-10 шілде аралығында Қызылорда қаласы және Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарындағы тестілеу орталықтарында өтеді. Оған бітіруші түлектердің 9250-і  немесе 89,6 пайызы қатысады деген болжам бар.

Жылдағы дәстүр бойынша 25 мамыр күні барлық сыныпта «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттары болады. Осы орайда 11-сыныптарға арналған мектеп бітіру салтанатты іс-шарасы облыс көлемінде бір мезетте, яғни сол 25 мамыр күні сағат 9.00-де мектеп қабырғасында өтеді.

Қорытынды бітіру емтихандары 9-сыныптағы 16386 білім алушы үшін 29 мамыр-11 маусым, ал 11-сыныптағы 10317 бітірушінің мемлекеттік емтихандары 2-15 маусым аралығында. Сонымен қатар, 26-30 мамыр аралығында 5-8, 10-сыныптарда білім алатын 80225 оқушы қазақ тілінде оқытатын мектептерде «Қазақ тілі», орыс тілінде оқытатын мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша білім алушылардың тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдылары бағаланады. Ал «Жолың болсын, жас түлек!» тақырыбындағы аттестат табыстау рәсімі 18 маусымға жоспарлануда.

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫҢ ЖАЙЫ

Өңірде жазғы маусымда балалар мен жасөспірімдердің демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыруға баса мән беріліп отыр. Айталық, облыс бойынша 1-10 сыныптарда білім алатын 178 918 оқушының 171 361-і, нақтырақ айтқанда, 95,7 пайызы жазғы тынығу лагерінде демалады деп жоспарлануда. Бүгінде аймақта «Қамбаш», «Шағала», «Ақтерек», «Жалын», «Сыр ұланы», «Тау  самалы»,  «Талдысу» сияқты 7 лагерь бар, оның екеуі жыл бойы қызмет көрсетеді.

«Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 829, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына 774, сондай-ақ демеушілер мен кәсіподақтар есебінен 4 843 оқушы тынығады. Бұдан бөлек, Президент саябағында жыл бойы жұмыс істейтін 300 орындық білім беру-сауықтыру орталығы жуырда ғана пайдалануға берілді. Онда жылына 8 400 баланың демалуына жағдай жасалған.

Балаларға арналған сауықтыру орталығының басты ерекшелігі – заманауи стандарттарға сай абаттандырылған Ботаникалық бақ салынуда. Онда жас жеткіншектердің ой-өрісін кеңейтуге және өсімдіктердің экожүйедегі маңызын түсіндіруге бағытталған танымдық-экологиялық жұмыстар жүзеге асырылады.

НАҚТЫ ҚОЛДАУДЫҢ НӘТИЖЕСІ

Президент білім саласына айрықша мән беріп, тың тапсырмалар жүктегені белгілі. Оның ішінде, ауыл мектептерінде білім алатын балалар үшін қала мектептерімен бірдей жағдай жасалып, заман талабына сай оқыту мен тәрбие берілуін назарға алған болатын. Соған сәйкес өңірлерде бұл салаға қолдау арта түсті.

Аймақтың білім беру саласында атқарылған нәтижелі жұмыстардың айқын көрінісі 2022 жылдан бері  заманауи үлгідегі 43 білім беру ныса­ны салынып, пайдалануға берілді, 9 мектеп жаны­нан қосымша ғимарат бой көтеріп, үш ауы­сымдық оқыту мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд-дан астам қаржыға 10 жаңа мектеп бой көтерді. Бұдан бөлек, «Білімді қолдау қоры» арқылы физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты ел игілігіне табысталды. Сондай-ақ аталған қор есебінен  Арал ауданы Мергенсай елді мекенінен 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілсе, демеушілер есебінен осы ауданға қарасты Тоқабай ауылындағы апаттық мектептің орнына жаңа ғимарат салынды.

Білім саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды жыл сайын еселеп артып отырған қаржы көлемінен-ақ байқауға болады. Айталық, осы кезеңде 15 мектепке күрделі жөндеу жүр­гізілсе, 9 мектеп қайта жаңғыртудан өт­кізіліп, 317 пәндік кабинет жаңартылды. Соны­мен қатар, жалпы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауыл мектеп­терінің деңгейін көтеру бағытында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен әріптестік байланыс аясында 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 50 ауыл мектебінде «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесіне сәйкес арнайы кабинеттер жабдықталды.

Көп жылдан бергі тәжірибе көрсеткендей, бала тәрбиесінде қосымша білім берудің орны бөлек. Осы орайда қаланың көрнекті жерінен бой көтерген балалар мен жасөспірімдерге ар­налған «Сыр жұлдыздары» инновациялық-шығар­машылық академиясы бір мезетте 500, тәулігіне 3 мың оқушыға дейні қызмет көрсететін іргелі орталыққа айналып отыр. Сондай-ақ Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» салынып, жас өрендер шығарма­шылығын дамытуда лайық­ты жұмыстар ұйымдастырған.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының демеу­шілігімен қаланың сол жағалауында зама­науи үлгідегі «Оқушылар сарайы» салынса, одан бөлек, Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музы­калық колледжінің айрықша архи­тек­туралық үлгіде салынған жаңа оқу ғимараты мен жатақ­ханасы табысталды. Әлбетте, осындай нақты қол­даудың нәтижесінде облыс бойынша білім сапасы да биік тұғырдан көрінгенін байқауға болады.

ЕКІ ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН ҮЗДІК

Бүгінгі бағалау жүйесі – Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша өңір түлектері екі жыл қатарынан республикада үздік деп танылып, жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантын иелену көрсеткіші бойынша да бірінші орынға шықты. Айтуға оңай болғанымен, осы көрсеткіштердің артында жылдар бойы жүйелі атқарылған қаншама еңбек жатыр десеңші?! Халықаралық олимпиада жүлде­герлері, респуб­ликалық пәндік байқаулардағы жеңістер осындай өлшеусіз еңбектің нақты көрінісі десек болады.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін жыл аясындағы жетістіктерге азырақ тоқталып өтсек,  биылғы оқу жылында Жезқазған қаласында химия пәнінен өткізілген Қ.Сәтбаев атындағы халықаралық олимпиадаға 3 оқушы қатысып, 2 оқушы І-ІІІ жүлделі орындарға ие болды.

Ал 2025 жылдың 5-9 қараша күндері Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен KhIMIO-2025 халықаралық математика және информатика олимпиадасына 1 оқушы қатысып, І орын иеленді. Сондай-ақ Алматы қаласында өткен информатика пәні бойынша Еуразиялық олимпиадаға 2 оқушы қатысып, нәтижесінде І-ІІІ жүлделі орыннан табылды.

Алматы қаласындағы халықаралық Жәутіков олимпиадасына облыстан 9 оқушы қатысып, 4-і жеңімпаз атанса, Астана қаласындағы Азия-Тынық мұхиты олимпиадасына қатысқан 6 оқушының 1-і жүлделі орын иеленді. Бұдан бөлек, Астана қаласындағы «Жібек жолы»  олимпиа­дасында, «NFOMATRIX ASIA», «Ғылым әлемін ашамыз» халық­аралық байқауларында, Ө.Жол­дас­беков атындағы матема­тикадан және механи­кадан зерттеу жұмыстарының  халықаралық конкурсында аймақ түлектері алғашқы үштік қатарынан табылып, жүлделі орындар иеленді.

Тағы бір айтулы жүлде, Мәскеу қаласында ұйымдастылылған 60-Менделеев халықаралық олимпиадасына 1 оқушы қатысып, І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ Грекияның Салоники қаласында өткен математикадан Балқан  халықаралық олимпиадасына қатысқан оқушы жүлделі ІІІ орынға ие болды.

Жалпы 2025-2026 оқу жылында халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсына 44 оқушы қатысып, 27-сі үздік нәтиже көрсетсе, жалпы білім беретін пәндер бойынша респуб­ликалық олимпиадаға қатысқан 74 оқушының 30-ы жүлделі орын иеленді. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиаданың қорытынды кезеңіне 67 оқушы қатысып, оның 33-і жеңімпаз атанды. Ал ғылыми жоба конкурсына 39 оқушы қатысып, 19-ы үздіктер қатарынан көрінді.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша респуб­ликалық олимпиаданың  қоғамдық-гуманитарлық бағытында Қазалы ауданы Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Нұр­төре Әмірханның Ш.Мұртаза атындағы халық­аралық Тараз университетінің білім гран­тына ие болғанын айрықша атап өткеніміз жөн болар.

Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектебінің 11- сынып оқушысы Гүлсая Ахметова, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Нұртөре Әмірхан, Т.Көмекбаев атын­дағы №250 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Қайсар Жансеріков сынды оқушылар «Үздік ауыл мектебінің оқушысы-2026» атағын иеленді.

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған және жалпы білім беретін пәндер бойынша рес­пуб­ликалық олимпиаданың қоғамдық-гума­ни­тар­лық бағыты бойынша өңір түлектерінің «Ең үздік олимпиадалық команда-2025» атағын иеле­нуі де ұстаздар еңбегінің нақты дәлелі болса керек.

ҰСТАЗДАР ЕҢБЕГІ ҰШАН-ТЕҢІЗ

Жоғарыда бір жылдың өзінде жүздеген шәкірттің жүлделі орын иеленгенін  айттық. Ал осынша жетістіктердің ар жағында өз ісіне шын берілген ұстаздар еңбегі бар екені даусыз. Соның  дәлелі, биыл 27 ұстазға мемлекеттік награда табысталса, 173 педагог ведомстволық марапат иеленді.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған жыл сайынғы «Үздік педагог» республикалық конкурсында 2022-2025 жылдар аралығында 19 оқытушы «Үздік педагог» атанды. Ал биылғы оқу жылында   «Математикалық регата» бай­қауы­ның республикалық кезеңінен, «Дарын­ды балаға – талантты ұстаз», «Педагогикалық идея­лар фестивалі», «Үздік авторлық бағдарлама» байқау­ларынан 20-дан астам ұстаз жүлделі орын иеленді. 

«Үздік педагогикалық эссе» байқауы, «Тә­жіри­беден – цифрлық болашаққа», нетвор­кинг-фестивалі аясындағы «Білім мен техно­логия тоғысындағы ұстаз» республикалық бай­қауынан М.Мәметова атындағы Қызылорда педа­гогикалық жоғары колледжінің оқыту­шылары  Г.Мұхид­динова, Б.Әбіл жеңіс тұғырынан көрінді.

«Теміржол көлігі саласы» бойынша рес­публикалық кәсіби шеберлік байқауынан Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы Э.Маханова, «Үздік шебер – 2025» республикалық байқауынан Қазалы аграр­лы-техникалық колледжінің шебері Б.Сереев, V рес­публикалық кәсіби шеберлік бай­қауынан И.Әбдікәрімов атындағы Қызыл­орда политех­никалық жоғары кол­леджінің «Агро­номия» пәні оқытушысы Б.Байназар жеңімпаз атанды.

Үздік шәкірт тәрбиелеп, жемісті еңбек еткен ұстаздарды қолдаумен қатар, бағалауға барынша мән берілген. Бұл орайда облыстық білім басқармасының білім және ғылым  қызметкерлері  кәсіподағы  облыстық комите­тімен бірлесіп, педа­гогтер арасындағы кәсіби байқау­лардың респуб­ликалық кезеңінен жеңім­паз атанған педагогтерге еліміздегі шипа­жайларға  жолдама ұсынды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен жылы «Инклюзивті білім беруді дамыту округтері» жобасына 199,9 млн теңге  бөлініп, тірек мектебі-ресурстық орталықтар ретінде дамыту жұмыс­тары жүргізілді. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы құзіреттілік орталығы ретіндегі 3 балабақша толық интерактивті технологиялармен жабдықталды. Ал биыл «Жасанды интеллект бейінді мектебі» жобасы және облыстағы 10 «Келешек мектебін» бағыттар бойынша дамыту мақсатындағы «Келешек мектептерін дамыту­дың  өңірлік экожүйесі» қалыптастырылуда. 

Сөзімізді қорытындылай келе, мектеп бітіру кешіне қатысты қабылданған ережені айта кетуді жөн көрдік. Білім басқармасы тарапынан арнайы бұйрық шығарылып, барлық білім беру ұйымының басшыларына мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары мен отбасына салмақ түсіретін орынсыз шығындарды болдырмау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сол сияқты, мерекелік дастарқан ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қалада, қала сыртында экскурсиялар өткізуге, емтихандар кезінде дастарқан жаю, сынып жетекшілеріне сыйлықтар ұйымдастыру сынды әрекеттерге жол бермеу керектігі қатаң тапсырылды.

Ғазиза ӘБІЛДА

«Сыр бойы»