Астанадағы LRT станциясының шатырынан су тамшылап, астына шелек қойылған (видео)

5

0

Фото: Ақорда

Әлеуметтік желіде Астанадағы жаңа LRT станцияларының бірінде төбеден су ағып тұрғаны түсірілген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астанадағы жаңа LRT станцияларының бірінде төбеден су тамшылағаны түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Видео авторы жарияланымды «Бір апта да өтпеді» деп сипаттаған.

Желі қолданушылары да жазба астында белсенді пікір қалдырды. Олардың бірі «Тегене шығаратын зауыт тапсырыс қабылдап жатыр» деп әзілдесе, енді бірі «Астанадағы жаңа ғимараттар үшін шатырдан су ағу мен шағын өрт үйреншікті жағдайға айналғандай» деп жазған.

Айта кетейік, Астанада LRT желісінде жолаушылардың қауіпсіздік ережелерін бұзу деректері тіркелді. Кейбір жолаушылар апаттық тежегіш түймесін негізсіз басып, вагон есіктерін ашуға әрекет жасаған. CTS мәліметінше, мұндай әрекеттер пойыз қозғалысының уақытша тоқтауына және кідірістерге себеп болған. Компания LRT жүйесі толық автоматтандырылғанын айтып, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Тәртіп бұзушылар бейнебақылау арқылы анықталып, құқық қорғау органдарына жіберіледі.

Еске салайық, бұған дейін 16 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT жобасын ресми түрде іске қосып, “Әуежай” станциясынан “Ұлттық музейге” дейінгі бағытта алғашқы жолаушы ретінде сапар жасады. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде жүргізушісіз 15 пойыз қатынайды. Жүйе толық автоматтандырылған және 18 станцияны қамтиды. Сонымен қатар LRT-ның Қосшы бағытына дейін созылатын екінші кезеңінің құрылысы басталатыны хабарланды.