Сырдария ауданындағы Тереңөзек кентінде жол сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Биыл кенттегі бірқатар көшелер күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жол инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары қолға алынған.
Қазіргі таңда Қазақ 1,2, Наурыз, Жастар, А.Иманов, Ж.Жамбыл және Ш.Құндызбаев көшелерінде жолдарды тегістеу мен қиыршық тас төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, А.Құнанбаев, Ғ.Мұратбаев 1,2 және Ж.Құттыбаев көшелері де жоба аясында күрделі жөндеуден өтеді.
Жалпы ұзындығы 3,8 шақырымды құрайтын көшелерді жаңғырту жұмыстары тұрғындардың күнделікті қозғалысына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, көлік қатынасының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында жол жамылғысы жаңартылып, жол табаны нығайтылады.
Инфрақұрылымды жаңғырту – елді мекеннің дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Тереңөзек кентіндегі жол жөндеу жұмыстары да осы міндеттерді жүйелі іске асыруға негізделген.
Жөндеу жұмыстарын 3 ай ішінде аяқтау жоспарланған.





