САЛА МАМАНДАРЫ ҚҰРМЕТТЕЛДІ
18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне арналған салтанатты шарада музей саласының мамандарына құрмет көрсетілді. Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қатысып, мәдениет саласы қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында рухани мұраны сақтап, тарихты ұрпаққа жеткізудегі музей мамандарының еңбегі жоғары бағаланып, ізгі тілектер айтылды.
«CREATIVE DAY» ЖАСТАРҒА КЕҢЕС БЕРІЛІП, МҮМКІНДІК ҰСЫНЫЛДЫ
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен өңір жастарына арналған «Creative Day» іс-шарасы өтті. Шараның мақсаты – жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, құқықтық және қаржылық сауаттылығын дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, жұмыспен қамтуға қолдау көрсету және жастар арасында тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру.
Шара барысында қатысушылар баспана алу мүмкіндіктері, қаржылық сауаттылық, заң көмегі, кәсіпкерлік бастамалар, алаяқтықтың алдын алу, денсаулық сақтау және экологиялық мәдениет бағыттары бойынша сала мамандарынан нақты кеңестер алды. Сонымен қатар Мансап орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен танысты.
ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН МАЗМҰНДЫ СЕМИНАР ӨТТІ
Шиелі ауданында партияның аудандық филиалы жанындағы әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Маркетинг және қаржылық сауаттылық – әйелдер бизнесінің негізі» тақырыбында семинар өтті.
Шара аясында Әйелдер қанаты мүшелерінің қолөнер бұйымдары мен өндірілген өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, «Кітап-AMANAT» жобасы бойынша атқарылған жұмыстар таныстырылды.
Семинар барысында әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, қаржылық сауаттылықты жетілдіру бағытында мазмұнды баяндамалар жасалып, партияның әйелдер саясаты, қаржылық сауаттылық, кәсіпкерлікті қолдау және «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктері жөнінде спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар кәсіпкер әйелдердің табысқа жету жолдары мен бизнесті дамытудағы маркетингтің маңызы кеңінен талқыланып, қатысушыларға әйелдер психологиясына қатысты арнайы тренинг те ұйымдастырылды.
ПАРТИЯНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНДА МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай партияның облыстық филиалында салтанатты шара ұйымдастырылып, мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер мен белсенділер марапатталды.
Сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтаған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай мәдениет пен өнердің ұлт руханиятының алтын діңгегі екенін атап өтіп, мәдениет қызметкерлерінің қоғамдағы орнына ерекше тоқталды.
Салтанатты шара барысында мәдениет саласының бірқатар қызметкерлері мен өнер өкілдері Дәулет Кәрібектің Алғыс хатымен марапатталды.
ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕРДІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы мен Астана халықаралық университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында дербес деректерді қорғаудың конституциялық кепілдіктері: цифрлық қауіпсіздіктің негіздері» тақырыбында ғылыми семинар өтті.
Оған жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері, ғылыми қызметкерлер, сарапшылар, идеологиялық және ақпараттық жұмыс саласының мамандары, сондай-ақ студент жастар қатысты.
Семинарда партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай цифрлық қауіпсіздік мәселесі қазіргі қоғам үшін аса маңызды бағыттардың біріне айналғанын атап өтіп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
АМАНАТТЫҚТАР ТАСБӨГЕТТЕ «ТАЗА БЕЙСЕНБІ» АКЦИЯСЫН ӨТКІЗДІ
Аптада «Таза бейсенбі» акциясы Тасбөгет кентіндегі Байқадам каналының жағалауы мен сол маңдағы тұрғын үйлер аулаларында ұйымдастырылды.
Экологиялық шараға партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, атқарушы хатшы Ләйлә Төрешова, партияның облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары, «Жастар Рухы» жастар қанаты және қоғам белсенділерінен құралған 100-ге жуық азамат қатысты.
Шара барысында қатысушылар канал бойы мен аулаларды қоқыстан тазартып, санитарлық жұмыстар жүргізді.
ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ
Жұмыс аптасында партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Бектемір Жұмағұлов, Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Жанерке Жақсылық және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбiлпаттапартия алаңында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға 16 азамат өтінішпен келіп, олардың 4-і оң шешімін тапты. 12 мәселе бойынша кеңестер берілді.





